Сейсенбі, 21 сәуiр, 17:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29 (2241)
21.04.2026
PDF мұрағаты

Инклюзивті саясатты іске асыру мәселесі қаралды

21.04.2026

55 0

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде инклюзивті саясатты іске асыру мәселесі қаралды.


Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзгеде мәселелер талқыланды.

«Жаңадан бой көтерген ғимараттарды, саябақтар мен сауда орталықтарын мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу қажет. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарымызға әуежай, теміржол және автовокзалдарда арнайы орынды көрсететін белгілер қойылып, пандус, лифтпен бейімделген дәретхана толыққанды жұмыс жасауы тиіс.

Инклюзивті спорт түрімен айналысатын азаматтарымызға тұрақты қолдау көрсетіп, олардың халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуы, жоғары нәтижеге жетуі үшін барлық қажетті жағдай жасалуы өте маңызды.

Егер мүгедектігі бар азамат жұмысқа қабілетті болса, жұмыс істегісі келсе, оған міндетті түрде көмектесуіміз керек. Инватакси қызметі үздіксіз көрсетілуі, мұқтаж азаматтарға қолжетімді болғаны жөн. Осы қызметтің сапалы әрі уақытылы көрсетілуіне тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болса автокөлік санын арттыруға ұсыныс беріңіздер», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жыл басында Президент тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Қызылорда қаласында еліміз өңірлерінің арасында алғашқылардың бірі болып мүгедектігі бар азаматтарға арналған заманауи Инклюзивті спорт орталығы ашылды.

Мәжілісте төтенше жағдайлардың алдын алуда қатаң шаралар қабылдау, көктемгі дала жұмыстарының кедергісіз жүргізілуін ұйымдастыру тапсырылды.

Бұдан бөлек, макрокөрсеткіштердің тұрақты өсімі қамтамасыз етіліп, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысының сапасы зерделенуі тиіс. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойындағы қызмет көрсету орталықтарының, жол бойындағы әжетханалар мен аялдамалардың санитарлық тазалығы назардан тыс қалмауы керек.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: