Сенбі, 27 сәуiр, 19:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Дау болған МӘМС

24.10.2023

536 0

 Осыдан 3 жыл бұрын елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл денсаулық сақтау саласын жақсартуға, халыққа сапалы қызмет көрсетуге, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған еді.

 Жаңа жүйе іске асқалы денсаулық саласын қаржыландыру екі есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінсе, биыл халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Сала мамандары мұның өз кезегінде медициналық көмек көрсетуді жақсартуға мүмкіндік бергенін айтады. Алайда МӘМС жүйесі төңірегінде қарапайым халыққа түсініксіз жайттар көп. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың өзі Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіз болғанын, нәтиже жоқтығын баса айтты. Сондай-ақ 3 миллионға жуық адамның медициналық сақтандырудан тыс қалғанын, салдарынан олардың денсаулық сақтауда көрсетілетін қызметтерді толық пайдалана алмайтындығын жеткізген. Осындай олқылыққа жол бергені үшін тиісті сала басшыларына да қатаң ескерту берген еді.

Жаз бойы ел аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған депутаттар МӘМС жүйесінің ең өзекті мәселе болғанын Мәжіліс отырыстарында үнемі айтып келеді. Мәселен, Ринат Зайытов жүйені уақытша тоқтату керектігін жеткізді. Алайда МӘМС қорының төрағасы жүйені тоқтататындай тиімсіз еместігін алға тартты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният депутаттарға МӘМС жүйесі іске қосылғалы медициналық қызмет алу көпшілікке қолжетімді болғанын айтты. Министрдің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі салаға оң әсер еткен. Яғни МӘМС енгізілгелі сол арқылы көмек алушылар саны 3,2 есеге артқан. Ауылдарда жылжымалы медициналық кешендер есебінен өткен жылы 1 миллион 600 мыңдай адам медициналық көмек алған. Сондай- ақ дәрігер қабылдауының, зертханалық талдаудың және аспаптық диагностиканың қолжетімділігі 7 есе артқан. Балаларға стоматологиялық қызмет алуға мүмкіндік туған. МӘМС-ке дейін халықтың әлеуметтік осал 8 тобы ғана қымбат КТ және МРТ-ға қол жеткізе алса, былтыр мұндай қызмет 1,5 миллионға жуық адамға көрсетілген. Жаңа бағдарламаның арқасында бедеулікке тап болған 8 мың жұп ата-ана атанған. Бес мың сәби ЭКО әдісімен өмірге келген. Пациенттерге жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық аурулар мен жарақаттар үшін медициналық оңалту қолжетімді болған.

Алайда министр жүйеде кемшіліктер барын жасырмайды. Оның ішінде медициналық қызмет көрсетушілер тап болатын басты мәселе – төмен тарифтер, МӘМС пакеттерінің күрделі тізбелері, кадр тапшылығы және медициналық ұйымдардың шамадан тыс жүктелуі, дәрігер мамандығының беделінің жоқтығын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек қаржыландыруды басқарудың тиімсіздігі бар.

МӘМС жүйесін сынға алғанның бірі – Мәжіліс депутаты Асхат Аймағанбетов. Әлеуметтік даму комитетін басқаратын халық қалаулысының денсаулық нысандарын аралап, дәрігерлердің уәжін тыңдап, саланың кем-кетігін бағамдағанына жұртшылық куә. Мәжілістің кезекті отырысында ол медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазір оның қолжетімділігіне зəру болып қалдық деген еді. Депутаттың айтуынша, жүйені қаржыландырудағы олқылықтар басты мәселеге айналған. Себебі әуелгіде нақты жəне жан-жақты есепке негізделген қаржыландыру үлгісі жоспарланғанымен іс жүзінде басқаша жүзеге асырылған. Нәтижесінде салада қаражат жетіспей қолжетімділік төмендеп, тарифтер азайған, кредиторлық берешек пайда болған. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрд-қа жуық қаражат пандемиямен күреске жұмсалған. Үкімет зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарнаны қысқартып тастаған. Осындай қайшылықтардың салдарынан Қаржы министрлігі азаматтардың емделуі үшін МӘМС қорына аударылуы керек 275 млрд теңгені аудармаған. Жүйедегі заңға қайшы әрекеттерді саралаған Асхат Аймағанбетов медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін бюджеттен емес, МӘМС қорынан қаражат алынғанын, яғни халықтың еміне тиесілі қаржының бөтен мақсатта жұмсалғанын баса айтты. Депутат өз кезегінде келер жылдың бюджетінен қорға тиісті қаражаттың аударылуы керектігін айтады. Сондай-ақ қаражатты бұлай жұмсауға тыйым салу керектігін де қадап айтты. Халықтың нақты ерекшелігі ескерілмейтінін, медициналық көмекті тұтыну көрсеткіші, көші-қон сынды жағдайды есепке алмай қаржы бөлінетінін де тілге тиек етті.

Көпшілік түсіне бермейтін қор жұмысындағы басты қателіктерді Мәжіліс депутаты осылайша жіпке тізіп берді. Мұндай олқылықтарды болдырмас үшін депуттатарға қысқа мерзімде медициналық қызмет көлемін жоспарлау әдістемесін дайындауды қажет санайтынын айтқан ол, шұғыл көмек керек болған жағдайда, барлық азаматтарымыз үшін кепілдендірілген қызмет түрлері қолжетімді болуы керек дейді.

Сөзі мен ісі келіспеген сақтандыру жүйесінің оңтайландыратын, қайта қарайтын тұсы көп. Мәжілістегі бірқатар депутат бұл жайында нақты ұсыныстар беріп, қай жерде қандай кемшілік барын тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Бір-бірімен байланысты денсаулық саласы мен сақтандыру қоры жұмысты жүйелей алмағандықтан осындай мәселелер туындауда. Бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жергілікті жерлерде бөлінген қаржының дұрыс мақсатта жұмсалмайтынына нақты мысал келтірді. Яғни менеджмент дұрыс қалыптаспаса, саладағы берешек көлемі арта бермек.

Медициналық сақтандыру жүйесіндегі тағы бір кемшілік – шектік шкала деп аталады. Бұл қаражаттың жетіспеуіне байланысты биыл жыл басында енгізілген. Яғни медициналық қызмет түрі бойынша әр емхана тек белгілі бір мөлшерде ғана қызмет көрсете алады. Мұндай жағдайға кезіккен тұрғынның бірі – Гаухар Тоғаева.

– МӘМС жүйесіне тіркелгенмін. Ем алу үшін жеке емханаға барып, артық шығындалғым келмеді. Осылайша сақтандыру жүйесіне жүгіндім. Терапевт дәрігер сараптама тапсыруға жолдама берді. Өкінішке қарай сараптаманы толық тапсыруға мүмкіндік болмады. Себебі бекітілген шегіне жеткен. Ультра дыбыстық зерттеуге түсу үшін де алдын ала тіркелу керек. Тіркелгеніммен ол қызметті бір ай күттім. Соңында бәрібір ақылы қызметке жүгіндім, – дейді тұрғын.

Шектік шкаланың салдарынан қаншама науқастың ақылы қызметке жүгінгенін кім білсін? Депутаттардың бұл мәселені көтеруі орынды. Себебі жоспарлы ем алу жағдайынан бөлек, жедел көмекті қажет ететін науқасқа да бекітілген шкала негізінде ем жүргізіледі. Егер сізге қажетті медициналық көмек белгіленген шегіне жетсе, онда ол көмекті тегін алу мүмкін емес. Сақтандырылғанға да, сақтандырылмағанға да талап осындай.

Денсаулық саласында туындаған мәселенің бәрі қаржыға келіп тіреледі. Министр бөлінген қаржыны жергілікті мамандар дұрыс жұмсамайды десе, депутаттар тариф бағасының жүйелі шешілмегендігі дейді. Мәселен, биыл инфлияция көлемі 20 пайыздан асты, ал медициналық қызмет көрсетудегі тариф бағасы өзгеріссіз қалған. Соның салдарынан маман жеткіліксіз болса да қысқарту, дәрі- дәрмек сатып алуды азайту сынды жағдай орын алуда.

Жоғарыда айтылған мәселелер төңірегінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтен сұраған едік. Оның айтуынша, депутаттар көтерген мәселе өзекті, оның басты себебі МӘМС жүйесіндегі қаржы мәселесі екен.

– 2020 жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Бұл реформа денсаулық сақтау саласын тез жақсартады және оның қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырады деген үміт болды. Қазіргі уақытта оның сапасын айтпағанда, медициналық көмекке оңай қол жеткізу мәселесі туындауда. Мұндағы басты мәселе – МӘМС жүйесіндегі қаржы мәселесі. Денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, қолжетімділік төмендеді, тарифтер төмендеді, кредиторлық берешек пайда болды, – дейді филиал басшысы Бақыт Торғайбайұлы.

Анығын айтқанда, қазақстандықтардың МӘМС жарнасы жалақысының 2 пайыз деңгейінде ғана алынады. Ал әлеуметтік санаттар бойынша мемлекет бюджетінен төленетін аударымдар 3 есе азайған. Нәтижесінде яғни азаматтарды емдеуге бюджеттен жүздеген миллиард теңге түспеген.

– Үкімет зейнеткер, балалар сияқты 15 әлеуметтік жеңілдік санаты үшін төленетін жарнаны қысқартты. Мысалы, заңның 26-бабына сәйкес, егер бұл бюджет жарнасы орташа жалақы бойынша есептелсе және қорға аударылуы керек болса, онда іс жүзінде Қаржы министрлігі оны орташа жалақы мөлшерімен төлейді. Соның аясында қаржы министрлігі МӘМС қорына азаматтардың емделуіне 275 млрд теңге аударған жоқ. Үш жыл ішінде МӘМС-ке бюджеттен 600 миллиардтан астам қаражат түскен жоқ. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруде министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, МӘМС-ке жиналатын қаражат есебінен де жүзеге асырды. Бұдан бөлек қордан көзделген мақсаттан тыс пандемиямен күресуге, бюджет арқылы төленуі тиіс бағыттарға шамамен 1 трлн теңге жұмсалды. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсті. Бұл шешім Қордың қаржылық тұрақсыздығына әкелді. Ауруханалардың кредиторлық берешегі ұлғайды, азаматтарымыздың медициналық көмек алу уақыты ұлғайды, сапасы төмендеді, – дейді мәселенің мән-жайын түсіндірген маман.

Осындай қайшылықтардан соң көпшілік көкейінде медициналық сақтандыру қорының бюджеті қаншалықты ашық және қалай бақыланады деген сұрақтың туындайтыны анық. Бұл ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстағы филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов былай деп жауап берді.

– ҚР 2015 жылғы 16 қарашадағы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң талаптарына сәйкес МӘМС қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге мемлекет кепілдік береді. Қордың қаражаты Қазақстанның Ұлттық банкінде сақталады және тек қана МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау мекемелерінің көрсететін қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалады. Қордың қаржылық есептілігі коммерциялық құпияны құрамайды. Қаражаттардың тиімді және дұрыс пайдаланғанын анықтау үшін ҚР аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес, жыл сайын міндетті түрде аудит жүргізіледі және нәтижелері құзырлы ұйымдардың деңгейінде қаралады. Сондықтан қордың қаржысын орынсыз пайдаланып жатыр деп байбалам салуға ешқандай негіз жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне байланысты жұртшылық арасында түсінікбестік көп. Мұны жүйенің әлі толық жетілмегендігі деуге болатын шығар. Әрине елдің экономикасын, халықтың қажеттілігін және басқа да факторларды ескеру қажет. Ең өзекті мәселе – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттыру. Қордың жанынан құрылған тұрақты қоғамдық консультативті кеңес жұмыс істейді. Оның құрамында Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері бар. Аталған кеңес МӘМС жүйесінің өзекті мәселелерін талқылап, оны құзырлы мекемелерге жеткізіп отырады. Кемшіліктер мен олқылықтарды шешу жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірлескен жоспары бар. Осы шаралар жүйелі орындалса көп мәселені шешуге болады, – дейді ол.

Өкінішке қарай, елімізде 3 миллионнан астам адам МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Оның 1,5 миллионы кедейлік шегіндегі азаматтар мен ауыл тұрғындары. Ал 800 мыңдай адам ауқаттылар қатарында екен. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі 1,5 миллион тұрғынды бюджет есебінен сақтандыруға ұсыныс енгізгенін айтады. Ол алдымен Үкіметте қаралады. Ал оған қажетті қаражат 75-80 миллиард теңгені құрайды.

А.САЙДУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: