Сәрсенбі, 27 қараша, 15:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Диализге байланған тағдыр

26.09.2023

1373 0

Қазір екі бүйрегі бірдей істемей қалып, диализге байланған жандар аз емес. Өкініштісі сол, оның көмегіне жүгінбесе өмірлеріне қауіп төнеді. Бүйрек жетіспеушілігіне байланысты қандай ем қолданады?

Қызылордада бұл іспен «Diaverum» компаниясы айналысады.
Компания алғаш 2011 жылы ашылған. Негізгі бағыты – бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын жандарға көмектесіп, өмір сүруге мүмкін беру.
Диализ бұл созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар, екі бүйрек істен шыққанда, 5 -ші сатыдағы бүйрек ауруы анықталған адамдарды емдеу болып табылады. Бүйрек жеткіліксіздігі кезінде ол қанды қажетінше сүзбейді. Бұл деген адамның ісінуіне, өкпе мен жүректің қысылуына әкеліп соғады. Сол үшін қандағы токсиндерді уақытында тазартып, бүйректің қызметін уақытша атқаратын диализ қызметіне жүгінеді. Науқасты гемодиализбен емдеуде әдетте үш-бес сағатқа созылады және аптасына үш рет жасалады.
Аталған компанияда емделу үшін науқастар қалай келетініні және қандай ауру түрінен пайда болатынын меңгерушісі Дінислам Шайхутдинов айтты.
– Гемодиализ орталығына сырттан науқас келмейді. Науқастар портал арқылы немесе ауруханаға ауыр жағдайда түсіп дәрігерлердің зерттеулерінен кейін ғана бізге келеді. Жалпы бүйрек жеткіліксіздігімен үлкен кісілер мен жастар да ауырады. Бірақ жастар арасында көп кездесе бермейді, аз десе болады. Үлкен кісілерде бұл ауру қан қысымының салдарынан уақыт өте пайда болады. Ал кейбір адамдар қант диеабетің болуына байланысты емделеді. Бірақ бұл ауру ұрпақтан ұрпаққа берілмейді, – деді Дінислам Шайхутдинов
Маманның айтуынша, диализ – гемодиализ және перитонеальді диализ болып екіге бөлінеді. Ол екеуі де бүйректің атқара алмаған қызметін, қалыпты түрде орындайды. Яғни қанның құрамындағы қалдықтар мен артық сұйықтықты тазартады.
Ашып айтатын болсақ, гемодиализ кезінде ағзадағы қан уақытша шығарылып арнайы мембраналық аппараттан өткізіледі. Яғни бүйректің атқара алмаған қандағы қалдық, зәр, тұз және де басқа заттар арнайы аппарат арқылы тазартылып, науқасқа қайта құйылады. Осылай қанның формалық элементтері мен жасушалар және нәруыздар қайта организмге құйылады.
Перитонеальды диализ – науқастың жеке тіндерін іш қуысында сүзгі ретінде қолданылатын әдіс. Яғни науқасқа арнайы пластикалық катетер арқылы хирургиялық жолмен ішкі қабырғасы арқылы ішкі қуысына қойылады. Содан кейін арнайы сұйықтық іш қуысына ішектің айналасында жуылады. Ішек қабырғалары бұл сұйықтық пен қан ағысы арасындағы сүзгі қызметін атқарады. Әртүрлі ерітінділерді қолдану арқылы қалдықтар мен артық суды денеден шығарады.
Көбіне бұл жоғары қан қысымы мен қант диабеті және қызыл жегі сияқты жарақаттар болғанда бүйректі зақымдайтын көрінеді. Бұл жөнінде гемодиализ орталығының меңгерушісі Дінислам Шайхутдинов айтып берді.
– Негізі бүйрек ауруының бес сатысы бар. Мәселен, науқастан аурудың 5-ші сатысын анықтайтын болса, онда бұл соңғы сатыдағы бүйрек ауруы немесе бүйрек жеткіліксіздігі деп саналады. Бұл кезде бүйрек қалыпты қызметінің шамамен 10-15% қызметін атқарады. Сондықтан адамның әрі қарай өмір сүруі үшін бүйрек трансплантациясын жасауды қажет етеді. Ол үшін адам өзіне сәйкес донор іздейді. Әрине, донор болуға бауырлары ғана болады. Алайда науқастар бауырларының донор болып, бір бүйрегін беруіне қарсылық білдіреді. Себебі бауырының бір бүйрекпен жүргенін қаламайды. Ал егерде сырттан іздейтін болса, онда сәйкес қан тобын табу оңайға соқпайды. Тапқан күнде де марқұм болған адамдардың да донор болуына ет жақындары тарапынан рұқсатын беруі екі талай. Сол үшін науқастар трансплантацияға лайықты донор табылғанша диализден өтуге мәжбүр. Диализден бас тартудың бірден бір жолы ол бүйрек трансплатациясын жасату болып табылады. Ал егер лайықты донор табылмаған жағдайда адамның диализден басқа таңдауы жоқ, – дейді гемодиализ орталығының меңгерушісі.
Сондай-ақ адамның бір бүйрегі ғана істен шыққан болса онда екінші бүйрек өз қызметін атқарады. Тіпті бір бүйректің қызметінде адамға диализдің қажеті болмайды. Маманның сөзінше диализ тек екі бүйректегі қызметтің дұрыс болмауында ғана жасалады.
Айта кетейік, диализбен емдеу ұзақтығы адамның дене өлшеміне, денедегі қалдықтардың мөлшеріне және денсаулықтың ағымдағы жағдайына байланысты.
– Негізінде науқас давление, қант диабеті бойынша емханада есепте тұрады. Сол үшін науқас өзіне берілген скринингтен уақытылы өтетін болса бүйрек жеткіліксіздігінің 5-ші сатысына дейін жетудің алдын алады. Алайда науқастар үй жағдайында өздерін емдеу арқылы ауруын асқындырып алады –дейді маман.
Одан бөлек уақытылы ем алып, диета ұстап, жеген тағамына мән беріп, денсаулығын қадағалап аурудың алдын алатын болса диализге тәуелді болмайтынын жеткізді.
– Мен 2016 жылдан бастап диализді жасатуды бастадым. Оған дейін диализдің не екенін білмейтінмін. Кейін өте нашар хәлде болып, қатты ауырып жүдедім. Өзім 85 келі болатынмын, бір айда 35 келі тастадым. Қазір шүкір күнім диализге қараса да осы өмірімізді жалғастыруда. Негізі мен диализ орталығына түспейін деп қанша жерге бардым ем іздеп. Алайда дәрігерлер емі жоқ екенін тек қана гемодеализ арқылы немесе трансплатация арқылы ғана жасалатынын айтты. Бүгінде міне 7 жыл болды. Шыны керек осы аппаратты ойлап тапқан адамға ризамын. Себебі осы аппараттың арқасында өмір сүріп жүрмін. Сондай-ақ осы гемодиализ орталығының қызметкерлеріне алғысым шексіз. Жанымнан табыла білген дәрігерлер барынша жылы шырай танытып, жақсы қарап, қызмет жасауда, – дейді қала тұрғыны Бейнегүл Сейтова.
Мамандардың айтуынша, егер науқасқа донор табылған жағдайда, донордың тек бір бүйрегі беріледі. Осылайша бір бүйректің қызметінің арқасында диализ жасату тоқтатылады.
Сонымен қатар диализ жасату арқылы адам 10-20 жыл өмір сүре алады. Болжам жасыңызға, жалпы денсаулық жағдайыңызға, бүйрек жеткіліксіздігінің себебіне және басқа факторларға байланысты өзгереді. Бүйрек трансплантациясын жасасаңыз, жаңа бүйрек жұмыс істей бастағанда диализді тоқтатуға болатынын жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: