Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 20:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Еуропалық иммундау апталығы басталады

21.04.2023

1097 0

Еуропалық иммундау апталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша 2005 жылдан бері жыл сайын өткізіледі. Биыл бұл апталық сәуір айының 23-29 аралығында «Кең ауқымды толықтыра иммундау!» ұранымен жүргізіледі.

Апталықты өткізудегі басты мақсат – халықты вакциналардың тиімділігі, қауіпсіздігі туралы хабардар ету, иммундауға оң көзқарасты қалыптастыру, тиісті контингентті екпелермен қамту және пандемия тудырған олқылықтардың орнын толтыру. Нақты айтқанда, пандемия кезінде жарияланған локдаун Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы екпелерді уақытылы жүргізуге өз кедергісін келтіріп, вакцинациялау көрсеткіштерін күрт төмендетіп жіберген еді. ДДСҰ мәліметінше, бұл өз кезегінде әлем бойынша қызылша ауруының өршуіне алып келді.

Елімізде профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес бала туылғаннан бастап 56 жасқа дейін 20 инфекциялық ауруға қарсы иммундау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша жалпы облыс көлемінде инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы прфилактикалық егулермен қамту көрсеткіші орта есеппен 32% құрады (3 айдың оптималдық деңгейі-23,7-24,9 пайыз аралығында). Вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.

Жүргізілген профилактикалық егулердің арқасында облыс аумағында соңғы 15 жылда дифтерия, полиомиелит, көкжөтел, сіреспе сияқты инфекциялық аурулар тіркелмеген. А, В вирустық гепатиттерімен, сондай-ақ қызамықпен, эпидпаротитпен сырқаттанушылық деңгейі спорадикалық жағдайларға дейін төмендеді.

Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 210 екпе кабинеті жұмылдырылған. Сондықтан балаңыздың екпе статусын анықтау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша емханаға бару қажет және дәрігердің қарап-тексеруінен кейін тиісті екпелерді алған дұрыс. Иммундау ақысыз негізде жүргізіледі.

​Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде вакциналаудың қауіпсіздігіне күмән тудыратын, негізсіз, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген теріс көзқарас қалыптастыратын жарияланымдар саны артты. Мұндай негізсіз ақпараттар адамдар арасында қорқыныш пен сенімсіздіктің белең алуына әсер етеді, сәйкесінше халықтың екпемен қамтылу деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Бүгінгі күні облыс бойынша профилактикалық егуден бас тартқандардың саны 387-ге жетті, олардың 68-і ағымдағы жылы есепке алынды. Профилактикалық егуден бас тартудың негізгі себептері вакциналарға деген жеке сенімсіздік (37%)  және діни себептер (32%) болып табылады. Санэпид бақылау қызметі мен емдеу мекемелерінің дәрігерлерімен бірге екпелердің сапасы мен қауіпсіздігі, қажеттілігі мен маңызы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түрде санитариялық ағарту жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде ойларын өзгертіп, тиісті екпелерді салдырып жатқан тұрғындар жоқ емес, мысалыға тек үстіміздегі жылдың 3 айында өз ойларын өзгертіп 8 ата-ана балдарына тиісті екпелерін салдыртқан.

Әлия Әбдіқайымова,

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: