Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Халің қалай, отағасы?

21.01.2023

949 0

Халқымыз балалы үйді базарға санап, дү­ниеге ұрпақ әкелуді, оны жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Кезінде бедеулік­тің зардабын көп тартпаған ұлтымыз бүгінде бұл індеттің шырмауына шындап шырмалғандай. Алайда мамандар бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция деп отыр. Не дегенмен, бедеулік пен белсіздік демографиямызды ақсататын үлкен кеселге айналуда.

Сәби сүюге зар болған жұбайлардың қатары жыл санап артып келеді. Бедеулік дертінің көбейіп бара жатқаны – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Өйткені еліміздегі әрбір алтыншы отбасы осындай дертке душар болған. Салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші өсіп тұр. Ендеше, демографияға кері әсер ететін бұл кеселден қалай сақтанамыз? Осыған орай біз де арнайы мамандармен жүздескенді жөн көрдік.

Екеудің әңгімесі…

Қаламызда Мақсат пен Аида есімді ерлі-зайыптылар тұрады. Екеуінің өтініші бойынша есімдерін өз­гертіп жаздық. Бұл отбасы иелері 7-8 жыл бойы бала көтере алмаған. Емделуге бірінші әйелі ғана келеді. Дәрігерлер оның денсаулығынан айтарлықтай кінәрат бай­қамады. Сөйтіп күйеуін де тексерілуге шақырады.

– Бірақ ол басында көнбеді. Өзім жан-жақты түсіндіріп, кейін келісімін берді. Тексерілуден өткен кезде оның аталық безін­де жарамды ұрықтар болмай шықты. Содан көп ойланбай, емді бастады. Тек дәрі­гер­лердің айтуымен жүрді. Қандай дәрілер ішу керек, қандай емнен өту қажет? Соның бәрін уақтылы алып тұрды, – деді келіншегі Аида.

Ал нәтижесі қандай болды? Оны осы мақала соңында оқисыз, құрметті оқырман.

Ерлерден қуат кеміп барады

Еркек денсаулығы. Көп айтылмайтын, талқыланбайтын тақырып. Мұны Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының статисти­касынан да аңғару қиын емес. Ұйымның мәліметінше, әлемдегі еркек қауымның 10 пайызы ғана өз денсаулығын ойлайды екен. Дәрігерлердің айтуынша, еркектер дерті дендегенде ғана емханаға келеді. Ал урология мәселесіне келгенде, кежегесі кері тартып-ақ тұрады. Ұялады, не мойындағысы келмейді.

Қаланың сырт жағында Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында орналасқан қызыл түсті ғимарат бар. Айналасы қоршалған. Оның себебі де белгілі, ерлер қауымы үшін тиімді тұсын қарастырған. Бұл – урология және андрология орта­лығы, ашылғанына 8 жыл болған жеке клиниканың бар жағдайы жасалған. Жаңа технологиямен жаб­дықталған, білікті ма­мандармен қамтылған. Бұл орталықта екі қызмет түрі ұсынылады. Бірі – ақылы негізде, екіншісі портал арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ күндізгі бөлім және клиника ішінде жатып емделуге толық мүмкіндік бар. Урологияға қатысты оталар да осы жерде жасалады.

Ал осы орталыққа келіп, ақыл-кеңес алып, емделушілер саны аз емес екен. Жыл артқан сайын көбейіп келеді. Мұны бізге орталық директоры, жоғары категориялы уролог, андролог Олжас Байтуреев айтты. Оның айтуынша, бір өзі жылына 2000-2500 адамға кеңес береді. Онда да бұл орташа есеппен алғандағы көрсеткіш.

Дерт көбейіп тұр, неге?

Өйткені көбіне олар денсаулығына нем­құрайлы қарайды. Ал бір жері ауырса, оны жасыра салады. Себебі намыстанады. Тағы бір себебі, экологиялық аймақта тұрамыз, тамақтың құнарсыздығы, қозға­лыстың аздығы, артық салмақ қосу да кері әсерін тигізеді.

– Бастапқы жылдары еркектер ара­сында намыстанып, емделгісі кел­мейтіндер жиі болатын. Ал қазір олай емес. Себебі бүгінде қоғамның көзі ашық. Кәдімгідей дәрігерге келіп, кеңес алып, одан кейін емін жалғастырып жатқандар көп. Жалпы бұл клиникада уролог, гинеколог, кардиолог мамандар жұмыс істейді. Өйткені ерлерден шыққан урологиялық дерт кейде жүрекке де, қант диабеті секілді қосымша ауру түрлеріне қатысты болуы мүмкін. Сол себепті жан-жақты тексерілуден өтеді, – деді орталық директоры Олжас Сапарбекұлы.

Дәрігердің айтуынша, көптеген ер­кектер өз денсаулығына мән бермейді. Күтінбейді. Ал ауруды емдегенше оның алдын алған жөн. Сондықтан қолды мез­гілінен кеш сермемес үшін дер кезінде дәрігерге қара­лып, профилактикалық және ем-домдық шараларды қабылдаған дұрыс. Осы орайда Олжас Байтуреев еркектердің денсаулығын сақтап, бақытты отбасын құру үшін кеңесін де айтты.

Еркек денсаулығы әйелден басқа

Негізі мамандардың сөзімен айтқанда, отбасы құрғаннан кейін бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады.

– Жалпы еркектер мен әйелдер ағза­сының қызметінде айырмашылық көп емес. Дегенмен бар. Кикілжің, отбасындағы эмо­циялық реніш пен қызметтегі күйзеліс әйелдердің де, ерлердің де жүйке жүйесіне бірдей күш түсірсе, оның нәтижесі екі тарапта әртүрлі байқалады. Мәселен, ер азаматтарда жыныс мүшесінің тамыры тартылады. Бұл – еркектік қауқардың бұзылуына әкеп соқтырады. Күйзелістен иммунитет те төмендеп, қуықасты безі және «маңызды» мүшелері қабынады. Бұған экологиялық жағдайды және ретсіз тамақ­тануды қосыңыз. Осының өзі-ақ, уролог пен андрологтың қабылдануына жазылуға себеп бола алады, – дейді маман.

Андрология – медицинаның ең жас саласы. Оның негізі шамамен осыдан 30 жыл бұрын қаланыпты. Андрологтың уро­логтан айырмашылығы – ол еркектерді қарап, емдейді. Ер азаматтарға жыныстық мәселелерін шешуге көмектеседі. Яғни простатит, уретрит, жұмыртқа безінің қабынуы және ер азаматтардың жыныстық денсаулығына қатысты тағы да басқа мәсе­лелерге назар аударады.

Не істеуге болады?

Қазір бір балаға зар боп жүрген отбасы аз емес. Мұның бірден бір себебі – ер азаматтың жыныс жолдары арқылы ағзаға түсетін инфекциялық аурулар. Ағзаға түс­кен инфекция жасырын түрде дамиды, сырт көзге көрінбейді. Байқала бермейді. Сөйтіп, бірнеше айдан соң бой көтеріп, созылмалы простатитке, қуық түбі безінің қабынуына әкеп соқтырады.

– Бұл ауруға шалдыққан ерлер саны күн санап артып келеді. Өкінішке қарай, ерлердің жү­ріс-тұрысы салауатты өмір салтын ұстанбауы, алкогольді ішімдікті пайдалануы және жыныстық қатынасқа бей-берекет түсуі аталған аурудың жасаруына жол беріп жатыр. Ең қиы­ны – ауру жабысқан еркектер­дің жартысынан көбі әлі перзент сүймеген, – деді маман.

Тағы бір ескеретіні, ер азамат өзінің инфекция тасушы екенін білмей «дертті» әйелге де жұқтырады.

– Кейбір ер азаматтар өздерінің бедеу екенін білмейді. Үйленген кезде ғана басын тау-тасқа ұрады. Бұған дейін отбасында бала болмаса, бірден әйелге көз алартушы еді. Өйткені кінәраттың 90 пайызы әйелден болатын. Ал қазір керісінше. Медициналық тексеруден өткен соң екеуінің де бедеу немесе бала сүю қабілетінің төмен екені мәлім болады. Сонымен бірге қазір мұндай дерт тек 40 жастан асқандарда ғана емес, одан да кіші жастарда жиі кездесуде.

Дәрігер ретінде айтар болсам, жалпы біз жастар арасында осындай тақырыпта ашық сөйлесуді қолға алуымыз керек. Өйткені көбі ұялады немесе түсінбей жүреді, қателіктер жасайды. Ақыр соңында жастайынан өз ден­саулығын құртып алады. Сонымен қатар керек десеңіз, әр аудан бойынша да өз мамандарыммен барып, халықпен кездесіп, медициналық тексеруден өткізіп, қабылдар едім. Осындай кездесудің бірі Бесарық ауылында өтті. Мұндай шараның бізге де, халыққа да берер шарапаты да мол. Тек бізге ұсыныс түссе, дайынбыз, – деді орталық директоры.

Гинекологтар  не дейді?

Бала өрбіту, ұрпақ әкелу – тек әйелдердің проблемасы емес. Әйелдің денсаулығы жақсы болып, кінәрат ерінен болса, на­мысына тимей, ашуландырып алмай, «халің қалай, отағасы?» деп оған да көңіл бөліп, оның емделуіне себеп болу керек. Өйткені өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Осы орайда гинеколог Ләззат Іскендірқызы да өз ойын білдірді:

– Соңғы 10-15 жылдың аралығында әйелдер бедеулікпен көп шағымданатын болды, ішінде жас отбасылар да бар. Жұмыс барысында анықтағаным, бедеу­лік тек әйелдерде кездеспейді. Бала көте­ре алмайтындығына 50-60 пайыз ер аза­маттардың бедеулігі әсер етеді. Оны бұрын әйелді 6 ай 1 жыл әбден тексеріп, суықтықтан, гормональді өзгерістер болса, ем беріп, нәтиже болмаған соң ғана жұбай­ларының спермограммасын тексеріп, урологқа жіберетінбіз.

Қазіргі кезде кеңінен таралған ақпа­раттардың әсерінен немесе жастардың ойлау кабілеттерінің жан-жақты жоғары дамуына байланысты ерлі-зайыптылар бірге тексерілуден өтуде. Әйел гинеколог ма­манынан, ер азаматтар уролог маманынан кеңес алып, жаксы нәтиже көрсетіп жатыр.

Сонымен қатар экологияның, дұрыс тамақтанбаудың, стресстің әсерінен бедеулік пен простатит жасарып бара жатыр. Соған байланысты әр бір азамат кәмелеттік жасқа толғаннан кейін үнемі уролог маманынан кеңес алып, ауруды алдын алған жөн, – дейді гинеколог маманы.

Маман кеңесі

Өз ісінің білікті маманы Олжас Сапарбекұлы уақытты уысынан шығармай жатып, дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді.

– Бізге келетін еркектердің дені белсіз­дік, бедеулік, простатит, аденома, гипого­надизм ауруына шалдыққан. Гипогонадизм дегеніміз, ерлердің 40-50 жастан кейін гормондары азаяды. Сол кезде олар тез толып кетеді, тез шаршайды және терлегіш келеді. Сонымен қатар еркектердің тестос­терондарын тексеріп тұру керек. Ерлердің ағзасындағы осы тестостерон азайса, тез қартаюына себеп болады. Бұл бірден азаймайды, уақыт өте азая бастайды. Сон­дықтан бұл гормонға да мән берген жөн, – дейді ол.

Сондай-ақ маман ғаламторда жарнамасы келіскен дәрі-дәрмекке сенім артуға бол­майтынын атап өтті. Себебі ол дәрілердің денсаулыққа кері әсер етуі әбден мүмкін. Дұрысы – жылына бір немесе екі рет уролог-андролог маманның қабылдауына жазылу. Дәрігерге қаралуды ауру белгі бергенде ғана емес, профилактика, денсаулық үшін әдетке айналдыру.

Артық салмағыңыз болса, қант диабеті, гипертония – қан қысымы, қуық түбі безінің созылмалы қабынуына шалдықсаңыз, әр алты ай сайын маманға қаралған абзал. Сонымен қатар көбірек қозғалыс, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды нәрселерден бас тарту, әр күнді көңілді өткізу, белсенді жүру. Өйткені қуану да тестостеронның бөлінуіне септігін тигізеді. Сондықтан да көңіл-күйге де мән беру қажет. Айта кету керек, түнгі ұйқының тыныштығы көп рөл атқарады. Мұны да ұмытпаған дұрыс.

– Қазір көбіміз жатар кезде ұялы телефонды түнімен қарап, кеш жататын кез болады. Міне, осындай жайттар әдетке айналса, ол мүлдем дұрыс емес, – дейді дәрігер.

Сонымен бірге дұрыс тамақтануға аса мән беру. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, хи­миялық қоспалар көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы теле­фонды қалтаға жақын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді.

Екеудің әңгімесінің жалғасы…

Мақаламыздың басындағы екеудің әңгімесін қайта жалғастырсақ, өз ден­саулығында кінәрат барын білген Мақсат «бұл дертті жеңемін, балалы боламыз» деп емнің алдында өзіне мақсат қояды. Мақсат мақсатына жетті. Әуелі Алла, одан кейін дәрігерлердің арқасында және өзінің сенімділігі мен Аиданың қолдауы да әсер етті. Бүгінде бұл отбасы екі ұлды болды.

– Нақты емге бір жылдай уақыт кетті. Бірақ емді бастап, орта тұсына келгенде келіншегімнің жүкті болғанын білдік. Негізі ем аяқталмаса, жүктілік қалай болар екен деген сұрақтың да болғаны рас. Әйт­кенмен дәрігерлердің қарауымен бәрі сәтті болды. Тұңғыш ұлымыз дүниеге келді. Ол сәтті мен айтып жеткізе алмаймын. Ерлер қауымы өз денсаулығына мән бере бермейді. Сондықтан еш қысылмай, қара­лып, емделген дұрыс. Өйткені қазір біреудің денсаулығына күлетін заман емес, – деген ойымен бөлісті Мақсат.

Тілші түйіні:

Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз текке айталмаса керек-ті. Әсіресе, бедеулік пен белсіздік белең алған шақта ұяттың «қысуы» жөнсіз-ақ.

Иә, дұрыс тәрбие, дұрыс тамақтану, дұрыс өмір сүру салты – ұлтты сапалы етудің, ұрпақты көбейтудің басты шарттары. Дегенмен бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз.

Олай болса, төрдегі бесігіміз бос қалмасын, ұрпағымыз жалғассын.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: