Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мейірімді медбике

20.08.2024

184 0

Ақ халатты мейірбике Жансұлуды айналасы жақсы көреді. Оның мейірімі мен елгезек қасиетін ерекше бағалайтындар аз емес. Әсіресе дертіне шипа іздегендер осы бір мейірбикені ерекше құрмет тұтады.

Алғашқы еңбек жолын 2008 жылы жеке клиникадан бастап, онда 2 жылға жуық мейірбике қызметін атқарып, тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелердің қолдауымен, білмегенін үйренді. Қазіргі таңда қаладағы емханалардың бірінде 1 дәрежелі мейірбике қызметін атқарып жүрген кейіпкеріміз елдің алғысына бөленіп жүр.

– Негізі мен бұл саланы әкемнің қалауы бойынша таңдадым. Яғни кішкентай кезімде әкем ақ халатты абзал жан ретінде елестететіп, медицина саласында жұмыс істегенімді қалайтын. Тіпті адамдарды емдеген сәтімді көргісі келетінін айтатын. Бір күні әкем қатты ауырып, қан қысымы жиі көтерілетін болды. 4-ші курсқа өткенімде әкем реанимацияға түсіп, 15 күннен кейін көз жұмды. Сол кезде «науқас адамдарға жақынымдай мейіріммен қарап, оларға көмектесіп, емдеймін» деп өзіме серт бердім, – дейді Жансұлу Жақұпова.

Асқар тауының арманын жүзеге асырған кейіпкеріміз сертінде тұрып, бүгінде науқастарға жақынындай қарап, үйіне дейін барып ем-дом жасап жүр.

– Қазіргі таңда осы саланы жаңылмай таңдауыма көмектескен әкеме ризамын, қуанамын. Себебі маған адамдармен жұмыс істеген ұнайды. Мәселен, балалар келсе оларды еркелетіп, өзімнің балаларыма көңіл бөлгендей қараймын, ал үлкендер келсе жақынымды көргендей қамқор болып, уақытылы денсаулығын тексеріп, ауыруынан айыққанша күтім жасап, емдеймін. Осылайша адамдардың алғысы мен батасын аламын. Бұл мен үшін бәрінен биік. Жалпы біз адамның көңіл күйіне қарай, хал жағдайын сұрап, мейіріммен қарап, сөйлесеміз. Өйткені кез келген науқасты дәрісіз, жылы сөзбен емдеуге болады, – дейді мейірбике.

Сонымен қатар әкесіне дер кезінде көмек бере алмағанына өкінген кейіпкеріміз бүгінде өзгелерге қолынан келгенше көмектесіп, ауруынан айыққанша аянбайтынын жеткізді.

Расында да адам жаны мен тәнін емдеуді, игі іс жасағанды жаны сүйетін ақ халатты абзал жан бүгінде өзі армандағандай маман иесі атанғаны көрініп-ақ тұр. Себебі емханадағы науқастармен ашық-жарқын сөйлесіп, жанашырлық танытып жүргенін сырттай бақыладық.

Мұнан бөлек дәрігерлерде қандай жауапкершілік болса, мейірбикеге жүктелген міндеттер де бір екенін айтты.

– Мейірбике болу бұл жоғары кәсіби шеберлік пен білімді талап етеді. Себебі мейірбикелерге де үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктелгендіктен, олар қателесуге жол бермеуі керек. Сонымен қатар мейірбике науқастың денсаулығына байланысты мәселелерді анықтап, оларды шешуге көмек көрсетеді. Жалпы мейірбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімді жандар. Бүгінгі күннің медбикелері тек дәрігердің айтқанын орындайды деп түсінуге болмайды. Өйткені олардың міндетіне қамқорлық жасау, күту және емдеу ғана емес, бақылау, науқастың бойындағы физикалық, психологиялық өзгерістерді көретін, байқағыштық қасиеттерге ие болу керек. Сондай- ақ медбике болатын адам мейірімді, сабырлы, ұстамды болуымен қатар эмоциясын басқара алуы қажет. Өйткені емханада, кез келген ортада түрлі жағдайлар орын алу мүмкін. Сондықтан бойында қорқыныш сезімі болмай, кез келген сәтте, ортада алғашқы көмекті көрсетуге дайын жүру керек, – дейді Жансұлу Жақұпова.  

Н.МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: