Бейсенбі, 26 желтоқсан, 09:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Протез жасайтын маман аз

09.12.2023

292 0

Сурет: egemen.kz

Неге мүгедектік мәртебесін алу  қиын, протезист маманы тапшы?  

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Таңсәуле Серіков «Ауыл» партиясы фракциясының атынан Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, мүгедектердің қордаланған мәселесін қозғады.

Бүгінгі қоғамда әлеуметтік мәселе, оның ішінде мүгедектердің жанайқайы жетерлік. Елімізде  протез жасайтын мамандарды оқытатын оқу орнының жоқтығы шынында ойлантарлық жағдай.

Премьер-министр орынбасарының айтуынша, елімізде бір өңірде ғана емес, барлық аймақта  кәсіби түрде протез жа­сайтын протезист маман жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес осы жылдың наурыз айындағы дерек бойынша елімізде 715 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тіркелген. 2023 жылдың 1 желтоқсандағы мәліметке сүйенсек,  біздің аймақта  32800 мүгедек тіркелген. Оның бірінші топтағысы – 3893, екінші топтағысы – 10440, үшінші топтағысы – 12170, 18 жасқа дейінгі­сі – 6297. Ал Қызылорда қаласы бойын­ша 11252 мүгедек тіркелсе,  бірінші топтағы­сы – 1301, екінші топтағысы – 3348, үшінші топтағысы – 3351, мүгедектігі бар балалар саны – 3252-ді құрайды. 

Біздің облыста қаншама мүмкіндігі шектеулі жандардың осындай мәселесі болуы мүмкін. Қаладағы медициналық колледж директорының орынбасары Бақыт Егізбайқызының айтуынша, бұл оқу орнында протезист мамандығы даярланбайды екен. Осы орайда әңгімеге мүм­кіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған қызылордалық ананың пікірін сұрадық. Бақыт Маратқызы: «Протезді бұрын тек аяқты ұстап тұру үшін Алматыда жасатқанбыз. Қазір тек ортопедиялық аяқ киім істетеміз. Негізі бізде жасалмаған соң бағасы арзан емес. Сатып алу қымбатқа түседі. Сол себепті біз қаржының жартысын төлейміз де,  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жарты ақшасын көтереді.  Олар қыстық, жаздық болып бөлінеді. Қызым қазір 23 жаста. Ол туғаннан мүгедек. Арзандап жатса жақсы болар еді. Себебі мұндай аяқкиімге мұқтаж адам  көп. Мемлекеттің протездеу талабы қайта қаралса бұл тығырықтан шығуға болады. Шетелден тапсырыс беруге кез келген адамның мүмкіндігі жоқ. Ал елде жасалатын протезге балалардың үйренуі қиын. Протездің бағасы да қымбат әрі мүмкіндігіне қарай құны да өзгеріп отырады», – дейді ол.

Парламент депутатының пікіріне сүйенсек, аяқтың, қолдың, көздің, мұрын­ның, құлақтың протезін жасайтын маман өте тапшы. Ең алдымен протезист мамандар медицина саласына қажет. Неге?  Мысалы, хирург  ем алушының бір аяғын кесуден басқа амалдың жоқ екенін айтады. Жанында протезист болуы керек. Қазақстан  бойынша  протез жасайтын  маман өте аз болып шықты. Бізде оқытпайтындықтан көрші Ресей мемлекетіне барып  айлық курс оқып, соның деңгейінде протез жасап жүр. Ең қызығы, протез жасайтын маманды ешбір оқу орны оқытпайды. Шетелден протез сатып алу өте қымбат.  Балалардың протезін  екі айда бір  рет тексеруден өткізу керек. Себебі баланың  денесі жылдам өседі. Осы мамандық бойынша Ресейдің Санкт-Петербург қала­сында екі оқу орны  кадр даярлайды. Шет мемлекеттерде протезистке деген зәрулік жоқ болып шықты. Өзге елдерде хирургтер ота жасар алдында протезист маманмен кеңеседі екен.  Беларусь еліндегі ұлттық технологиялық университетінде, Витебск технологиялық университетінде «Биотехникалық, медициналық аппарат және жүйе» бойынша оқытылады екен.

Халық қалаулысы дамыған елдердегідей бірнеше оқу орнында оқытпасақ та тым болмағанда еліміздегі колледждерде «Протезді-ортопедиялық және оңалту тех­никасы» бөлімін бірнеше өңірдегі меди­циналық оқу орындарында оқытуға мүмкіндік берілсе дегенді алға тартты.

Ал біздің өңірде мүгедек жандарға қандай әлеуметтік қызмет көрсетілетінін, олар техникалық оңалту құралымен қамтылған ба деген сауалды Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраеваға  жолдаған едік. Сала маманы бұл жұмыс бойынша мәселе жоқ екенін алға тартты.

– 2021 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу процесі қолданылмай мүге­дектігі бар адамдарға берілетін барлық техникалық оңалту құралы мен әлеуметтік қызметтері  мүгедектігі бар адамның өзі электронды цифрлық қолтаңбамен тікелей дербес таңдау құқығымен портал арқылы қамтамасыз етіліп келеді. 2023 жылдың 1 желтоқсанына әлеуметтік қызметтер пор­талы арқылы 30184 мүгедектің  28420-ы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралымен қамтылды. Оның 5151-і протездік-ортопедиялық көмек алды. Аталған қызметтің бәрі бюджет қаржысымен өтелді, – деді бас­қарма басшысының орынбасары.

Алайда мүгедектік мәселесінің қазір қиын тұстары бар екеніне көзіміз жетті. Қолынан немесе аяғынан, көзінен айы­рылған науқастар түртінектеп жыл сайын құжат жинап, сабылуы дұрыс па? Ту­ғаннан мүгедек балаларға өмірлік мүге­дектік санатына өту неге қиын? Бұл – әлеуметтік статусқа қатысты түйткіл. Біз айналамыздағы көптеген адамнан мүгедектік топты анықтауда қиыншылық барын естіп жүрміз. Қоғамда осы мәселе қызу талқыға түсуде. Мүгедектер үшінші топтан бірінші, екінші топқа өте алмайды. Ол топтар емдеуші дәрігердің және медициналық сараптама комиссиясының қорытындысымен анықталады. Мысалы, Жалағаш ауданының тұрғыны Оразкүл Оспанованың ұлы туғаннан мүгедек. Ол былтыр мектеп бітірді. Әлі өмірлік мүгедек санатына өте алмай жүр. Өзі медицина қызметкері. Бұл бір ғана мысал.

Біз Қызылорда қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің басшысы Кенже Құрақбаеваның пікірін білдік.

– Жалпы мүгедектікті тағайын­дауды медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) негізінде Еңбек, әлеуметтік қорғау коми­тетінің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. МӘС бөлімдерінің мамандары адамды қарау және оның организм функцияларының бұзылу дәрежесін, еңбек ету қабілетін бағалау және ұсынылған құжат негізінде алқалы түрде сараптамалық қорытынды шығарып мүгедектік санатын анықтайды. Адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру, еңбек ету, оқу қабілеті, айналасын бағдарлай білу, қарым-қатынас жасау, мінез-құлқын бақылау қабілетіне қарай бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектік дәрежесі белгіленеді, – деді ол.

Мүгедектік статусын тағайындау әлеу­меттік бағдарламалар бөлімінің құзырында емес.  Аумақтық емдеу орын­дарынан мүгедектік санатын ала алмай жүрген дерттілерді көріп, олардың жанайқайын естіп жүру оңай емес. Көбінде мұқтаж жандар өз мәселесін бұқаралық ақпарат құралы өкілдерімен бөліседі. Маңызды мәсе­лені көтеріп, құзырлы орындарға жет­кізу журналистердің міндеті. Сон­дықтан Парламент қабырғасында халық қалаулылары көтеріп жатқан осы мәсе­леге  құзырлы орындар құлақ түрсе дейміз. 

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: