2023 жылы Қызылорда облысында кәсіптік аурулар мен улану жағдайлары орын алған жоқ.
Өткен жылы санитариялық қадағалау өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің жеке кәсіпорындары бойынша 420 нысанға жүргізілді, оның 158-і эпидемиологиялық мәні жоғары объектілер. Аталған объектілерде барлығы 14750 адам жұмыс жасайды, оның ішінде 87,5%зиянды еңбек жағдайларында қызмет етеді. Кәсіпорын цехтарындағы негізгі өндірістік зиянды жағдайлар – жұмыс орындарындағы қолайсыз микроклимат, шектен тыс газдың бөлінуі, шу, вибрация, ал ауылшаруашылық саласында бұл аталғандардан бөлек улы химикаттар, тыңайтқыштар мен өзге де жағымсыз факторлар қосылады.
Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары қызметкерлердің еңбекке қабілеттілігін уақытша жоғалту жағдайларына талдау жүргізді. Бұл ретте, 100 жұмысшыға шаққандағы сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіші Қызылорда қаласында байқалады-61,1%. 100 жұмысшыға шаққанда сырқаттанушылықтың ең төмен көрсеткіші Сырдария ауданына тиесілі-2,1%.Сырқаттанушылықты талдау және қызметкерлерді сауықтыру бойынша жасалған іс-шаралар жоспары негізінде олардың барлығы қала, аудан емханаларында диспансерлік есепке алынды.
Сырқаттанушылықтың басым бөлігін ЛОР аурулары құрайды-30%, одан кейін жүрек-қан тамыр аурулары-20%, тыныс жолдары аурулары-20%, тірек-қимыл аппараты аурулары-10%, несеп-жыныс жүйесі 10%, жіті респираторлы аурулар-5%, ас қорыту органдары-5%.
Тыныс алу органдары ауруларының таралуы – жұмыс аймағы ауасының шаң-тозаңдануы мен газдануы, құрғақ климатқа байланысты ауаның жоғары шаңдануы себеп деп болжанады.
2023 жылы нысандарға ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізілген жоқ. Жоспардан тыс жүргізілген тексерулер барысында электро-магниттік өріске барлығы 15 жұмыс орны тексеріліп, 3 сәйкессіздік анықталды, яғни шекті рұқсат етілген деңгейден (ШРД) жоғары болды. Шуға 39 жұмыс орны тексеріліп, ШРД бойынша 11 сәйкессіздік анықталды. Вибрацияға 7 жұмыс орны тексеріліп, сәйкессіздік орын алған жоқ. 216 жұмыс орны микроклиматқа тексерілді, 108-і ШРД-ге сай болмай шықты. 118 жұмыс орны жарық деңгейі бойынша тексерілді, нәтижесінде 76 сәйкессіздік тіркелді. Тексеру қорытындысымен 2 санитариялық ұйғарым беріліп, 2 әкімшілік айыппұл салынып, бүгінгі таңда өндірілді.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!