Сәрсенбі, 20 қараша, 12:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Саналы ғұмырын санитариялық-эпидемиологиялық қызметке арнаған дәрігер

14.07.2021

900 0

Сәбет Бектұрғанұлы Дәрібаев – облыстық санитариялық эпидемиология  саласында көп жыл жұмыс  жасап, халықтың денсаулығын қорғауға елеулі үлес қосқан  сала ардагері.

Ол өз еңбек жолын 1965 жылы Жалғаш аудандық СЭС бас дәрігері  болып бастап, сол ауданда 7 жыл абыройлы қызмет атқарды. Бірқатар маңызды бастамалардың жаршысы бола білді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аудан орталығы мен ауылдық жерлерде монша, наубайхана сияқты әлеуметтік нысандардың  жетілікті болмағандығы белгілі. Бұл өз кезегінде халық арасында  жұқпалы аурулардың, атап айтқанда, дифтерия (құрөзек), сал ауруы (полиомиелит), туберкулез бен іш сүзегінің (брюшной тиф) өршіп кетуіне себеп болған еді. 1966 жылы жұқпалы ауруларға  қарсы  егілетін вакцина  сақтайтын мұздатқыштардың жеткіліксіздігі кезінде СЭС ғимараты ішінен  бетон жертөле жасақтап, вакцинаның дұрыс сақталуын қамтамасыз етуге жұмыс жасады. Екпелерді дұрыс сақтау тиімділігінің арқасында балаларға салынатын екпелердің сапасы, қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауданда жоғарыда аталған аурулардың тіркелу көрсеткіші бірнеше есе төмендеді. Бұдан бөлек, сол кезде күрделеніп тұрған педикулез ауруын тұрақтандыру мақсатында аудан басшыларына ұсыныс жасап, Жалағаш кенті  орталығында 1968 жылы типтік жобада  15 орындық моншаның ашылуына өз септігін тигізді.

             Әрине жаңашылдыққа бейімдескен жас маман мұнымен шектелмей  аудан орталығында халықты сапалы нанмен  қамтамасыз ету мәселесін  шешу   бойынша Жалағаш  кентінде орналасқан ескі наубайхананың  санитариялық талапқа сай келмейтіндігі  туралы «Ленин жолы» газетіне «Самархановтың самарқауы» атты  мақала жазып, түйткілді проблемаларды көтерді.  Бұл   мақала аудандық партия комитеті бюросында қаралып, аудан орталығында типтік жобада 10 тонналық  наубайхананың құрылысына себепші болды.

Қарақалпақстан Республикасында  1973 жылдан бастап Нөкіс қалалық СЭС бас дәрігері, 1981 жылдан Республикалық СЭС бөлім бастығы,                                         Қарақалпақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің -Бас эпидемиологы-министр орынбасары болды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласында лауазымды қызметерді атқарып, ССРО-ның «Денсаулық сақтау жүйесі үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2001 жылы Өзбекстан Республикасы Заңына байланысты  60 жаста зейнетке шықтты.

          Қазақстан Республикасы Президентінің сырт елдегі қазақтарды елге шақырған үндеуіне қосылып, көші-қон керуенімен 2002 жылы Қызылордаға қайта оралады. Облыстық СЭС-те санитариялық  дәрігер болып әрі қарай жұмысын жалғастырады. Еңбек гигиенасы мен коммуналдық гигиена  бөлімдеріне  басшылық жасады. Еңбек еткен жылдары өзінің  білікті, тәжірибелі маман ретінде дараланып тұрды. Қазақстан Республикасының Заңына байланысты  мемлекеттік  қызметті 63 жасында аяқтап, 2004 жылы Сараптама орталығына санитариялық дәрігер болып елге қызмет етуді жалғастырды.

Сәбет Бектұрғанұлы  зейнетке шықса да халық игілігіне жұмыс жасауды бір сәтке де тоқтатқан емес. Тек санитариялық-эпидемиология саласында ғана емес, қоғамдық мәселелердің оң шешімін табуға үлес қосып келеді. 2003  жылдан  бастап Оралмандар кеңесінің төрағасы болып, елге келген қандастардың толық тізімін және картотекасын жасап, олардың  тұрмыс тіршілігі мен жұмысқа орналасуына жағдай жасады. 2005 жылы  Шымкент облысы Қазықұрт ауданындағы СТК (селолық тұтынушылар кооперативі)   жұмысын  Қызылорда облысына енгізу бойынша сол кездегі облыс әкімі И. Адырбековтың тапсырмасына байланысты облыс аймағында 168 СТК құруды ұйымдастырды.

          Бұдан бөлек, сала ардагерлері кеңесінде белсенділік танытып, 2005 жылы  қараша айында  облыстық СЭС  және Сараптама орталығында жұмыс жасайтын  Ардагерлер  кеңесі үшін  арнайы  құрылған  ғимаратты жаңа үлгіде  жасақтады. Ол бастама барлық аудандар үшін үлгі болып, Ардагерлердің ғимараттары пайда болды. Сол Ардагерлер кеңесінің аймақта жемісті жұмыс жасап жатырғанына биыл 15 жыл толғалы отыр.

2005 жылы  28 сәуір күні Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті  Н.Ә. Назарбаевтың  Қызылорда қаласына жасаған сапары кезінде  қабылдауында болып облыстағы түйткілді мәселелердің бірі – Қызылорда облысындағы туу жасындағы әйелдердің арасында аурушаңдық көрсеткішінің (бүйрек, бауыр, ішек және жыныс мүшелері) жоғары екендігін мәселе етіп көтерді. Проблеманың шешімі ретінде «Ана мен бала денсаулығын қалыптастыру орталығын»  құруды ұсынды. Бүгінгі күні «Ана мен Бала  орталығы»  іске қосылып, аурушаңдық көрсеткішінің төмендеуіне қызмет етіп келеді.

Осындай   елге жасаған қажырлы еңбегі бағаланып, «Денсаулық сақтау жүйесінің  үздігі» төс бегісі, республикалық, облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болды.  Сонымен қатар Қазақстан Рспубликасы «Үздік адамдары энциклопедиясы»  кітабына енген санитариялық дәрігер.  

Сәбет Бектұрғанұлы білімі мен білігін, өз тәжірибесін өзінен кейінгі жас мамандарға үйретуден еш жалыққан емес.

           Санитарлық ағарту жұмысын жандандыру бойынша халықтың денсаулығын  қорғау бағытында  өте маңызды мәселелер туралы  ақпарат  құралдарында бірнеше еңбегі жариялануда.

Тәжірибелі маман Сәбет Бектұрғанұлы тек майталман маман емес, ақындық-жазушылық қабілеттен де кенде емес. Бүгінде «Шуақты менің  өмірім», «Сезім шапағаты», «Салиқалы өмір»,  «Тәңір сыйлаған ғұмыр» «Сағыныш», «Ақ бата мен Ақ тілектер», «Елге танымал азамат» атты бірнеше  кітаптың авторы.

Жаны жайсаң, жастарға үлгі, атқарған жұмысының білікті маманы, жаңалықты енгізуге  жалықпайтын, ақын жүректі  ағамыз бүгін мерейлі 80 жасқа толды.  Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сала ардагеріне алғыс айта отырып, мықты денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр мен отбасылық бақыт тілейді.

 Құрметпен,

 облыстың санитариялық-

эпидемиологиялық бақылау департаменті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: