Сейсенбі, 26 қараша, 15:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Кішкентай адам – ең қымбат маған

26.11.2024

64 0

Адамдарға ота жасау оңай емес. Оның ішінде сәбилерге. Бірақ талай сәбиге ота жасап, өмірін сақтап, көптің көзайымына айналған ақ халатты жанның бірі, бүгінгі кейіпкеріміз – Болат Маханбетияров. Қызылордалық дәрігердің осы уақытқа дейінгі еңбек жолында ерекше оқиғалар орын алған. Соған орай біз де Болат Үмбетиярұлымен жолығып, маман иесі жайлы қалам тербегенді жөн көрдік.

Кейіпкеріміз кім?

Ол Қызылорда қаласында қарапайым әрі көпбалалы шаңырақта дүниеге келген. Бүгінде өз ісінің білікті маманы, ал отбасында бес баланың әкесі. Сонымен қатар жары да дәрігер-нарколог, бөлім меңгерушісі. Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жетсе де, ата-анасының берген тәлім-тәрбиесімен байланыстырып отырады.

– Әкемнің «Адамның қолынан келмейтін іс болмайды. Бірақ адамның күші жетпейтін іс болады» деген өсиетін әлі күнге дейін өмірлік ұстанымым ретінде қолданамын. Ал анамнан бала күнімізден естіп өскен «бұдан қиын күндеріміз де болған. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген  сөздері қиналған кездері әрдайым есіме түсіп, қайта жігерлендіріп отырады, – деді дәрігер Болат.

Кейіпкеріміз қаладағы №173 мектепті бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласы М.Оспанов атындағы мемлекеттік медицина академиясына 2002 жылы түсіп, үздік дипломмен аяқтап, интернатураны академия базасында балалар хирургиясы кафедрасында оқиды. 2009 жылдан бастап, Қызылорда облыстық медицина орталығына балалар хирургі болып жұмысқа орналасады.  Балалар хирургі болып жүріп, жаңа туған нәрестелер арасында ақаумен туылған сәбилердің хирургиялық патологияларына көңіл аударып, емдеумен айналыса бастады. 2011 жылдың желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында неонаталды хирургия бойынша курстан өтті. Оқудан келгеннен кейін туа бітті ақаумен туған балаларды емдеу шараларын әрі қарай жетілдіре бастады. 2016 жылы Санкт-Петербург қаласында және 2018 жылы Оңтүстік Кореяда «Северанс» клиникасында неонаталды хирургия бойынша тағы барып, туа біткен ақауларға жасалатын операциялардың ерекшеліктерін игеріп, ота жасау тәсілдерін жандандыруды меңгереді.

Бүгінде ана мен бала орталығында неонаталды хирургия бөлімінде сәбилерге ота жасаумен айналысады. Оған қоса көпбейінді облыс­тық балалар ауруханасында жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі қыз­ме­тін атқаруда.

Ең кішкентай емделушінің салмағы 630 келі ғана болған

– Жұмыста жалпы хирургиядан бөлек, неонаталды хирургиямен, яғни жаңа туған нәрестелердің туа біткен ақауларын емдеумен айналыса бастағаным. Жаңа туған нәресте дене бітімі қандай нәзік болса, ағза мүшелері де сондай нәзік болады, – деді дәрігер.

Ота жасау бөлімінде күніне 22-24 бала өмір мен өлім арасындағы сынаққа түседі. Кейіпкеріміз неонаталды хирург болғандықтан күні кеше туған нәрестеден бастап екі айлық сәбиге дейін алдынан өтеді. Ең кішкентай емделушісінің салмағы 630 грамм, «шалабай» екен.

– Әрбір отаның алдында қорқыныш болады. Өйткені адам ағзасы біркелкі емес. Өзіне тән ерекшеліктері бар. Қандай жағдаймен бетпе-бет келетінімізді білмейміз. «Өңеш атрезиясы» диагнозымен мерзімінен бұрын дүниеге келген 1,5 келілік бала түсті. Ауыз бар, бірақ асқазанмен байланыс жоқ. Ата-анасына мұның күрделі патология екенін, одан кейде балалар шетінеп кетуі мүмкін екенін ескерттік. Ота жасар алдында әжесі бастаған туыстары келді де мән-жайды сұрамастан «біз сізді танимыз, сізге сенеміз» деді. Бар айтқаны – осы. Не істерімді білмей абдырап қалдым. Құдайға шүкір, баланы аман алып қалдық», – деді Болат Махамбетияров. Одан соң әңгімесін қайта жалғастыра кетті. Екі ота да сәтті өтті. Бүгінде 1,5 келілік сәбиіміз 3-4 жасқа келіп қалды. Үмітіміз ақталған сайын ынта-жігеріміз арта түседі. Медицина ол командалық жұмыс, ауруханамызды бір тұтас команда десек, науқас денсаулығы осы команда тұтастығына байланысты.  Жалғыз мен емес, бүкіл әріптестерім осылайша жұмыста түрлі қиындықтарға тап болады. 

Нәрестенің аман қалуын ойладық

– Неонаталды хирургиямен айналыса бастаған кезім. Қалалық перзентханада туа біткен даму ақауларының ішіндегі күрделілерінің қатарына жататын «Жалған диафрагмальды жарық» диагнозымен нәресте дүниеге келді. Шыны керек, мұндай ақаумен туған балаларға ол кезде ота жасай алмайтын едім. Тек бізде ғана емес, жалпы еліміздің біраз аймақтарында неонаталды хирургия ретке қойылмаған кез. Осындай қиын кезеңде ұстазымыз Асылжан Ерекешов «Неонаталды хирургияның даму жол картасын» жасап шықты.

Сол жол картасы бойынша ақаумен туған балаларға көмек көрсету мақсатында орталықтар ұйымдастырылды. Біздің орталық Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында болды. Балақайымызды аман алып қалудың жалғыз жолы – авиация арқылы Шымкент қаласына жеткізу. Әлі есімде, күн бұлтты, жаңбыр жауып тұр. Ұшақ ішінде отырмыз. Ұшуға рұқсат жоқ. Егер ұшпасақ, нәрестеміздің әрі қарайғы жағдайы белгілі. Ал Шымкентте күн ашық. Ұшқыштармен кеңесе келіп, тәуекелге бел будық. Шиеліге дейін желдің әсерінен қалбалақтап зорға жеттік. Ұшақ әрбір теңселген сайын жүрегіміз аузымызға тығылды. Не керек, аман-есен жетіп, балақайдың отасы сәтті өтіп, сауығып елге келді. Шымкент қаласындағы балалар ауруханасына, неонаталды хирург Қайрат Ізбасовқа, реаниматолог Рафик Әміровке алғысым шексіз, – дейді ол.

Асқазаны жыртылған сәби

– Жұмысты енді бастаған жыл. Ол кезде көпбейінді облыстық ауру­ханадамын. Бөлім меңгерушісі кезекті еңбек демалысына кеткен. Аға буын хирург Хамза Байкөбеков ауруханада жатыр. Бөлімшеде одан кейінгі үлкені – өзім. Бірде «некротикалық энтероколит, қуысты мүше перфорациясы» диагнозымен он-ақ күн бұрын дүниеге келген нәресте түсті. Тексеру барысында  асқазаны тесілгенін анық­тадық. Онда да жай ғана тесілмеген, жартысы жыртылған, қабырғалары папирос қағазы тәрізді жұқа­рып кеткен. «Асқазанды қалай орнына келтіреміз?» деп абдырап қалдым. Амал жоқ, Хамза ағамызды ауырып жатқан жерінен шақырттық. Абырой болғанда асқа­занның сау бөліктерінен ағзаны қалыптастырып берді. Сол нәрес­тені екі апта тиянақты бақылап, емдедік. Аман-есен жазылып шықты, – деді ол.

Хирург ата-аналармен бірге көз жасына ерік беретін кездер болып тұратынын, кішкентай пациенттен айырылып қалғанда қалай күйзелетінін де жеткізді.

«Хал үстінде жатқан бала­сының жаны қиналғанын көргісі келмей, аппараттан ажы­ратуды сұраған ата-аналар кездесті. Сондайда мен «өзіңіз кіріп, тоқтан ажыратыңыз» деймін. «Біздің қолымыз бармайды, олай істей алмаймыз» дейді дәрігер. Сонда бізге оңай дей ме екен?! Дәрігерлер кейбіреулер ойлағандай қатігез, мейірімсіз емес. Біздің міндетіміз – адамды ажалдан арашалау. Соңына дейін күресеміз. Кез келген салада маман жетістікке жеткісі келеді. Біз үшін ота сәтті шығып, пациент қатарға қосылса, сол – ең үлкен жетістік», — деді дәрігер.

Кейіпкеріміз әлеуметтік желіде де белсенді. Қарбаластың арасында уақыт тауып, сүйікті ісінің қыр-сырын ха­лық­қа жеткізіп отырады.

– Біздің жұмысымызды түсін­бей ілік іздеп тұратындар арагідік болса да кездеседі. Қыруар тір­лік көрінбей тасада қалып жатыр. Былтыр хирургия бөлі­мінде 5 мыңдай науқас ем қабылдаса, соның 4200-ге жуығына ота жасалды. Оның сыртында қан­дай еңбек барын көр­сеткім келіп, әлеу­меттік же­лі­­ге жазып, жария­лай баста­дым, – деді Болат Маханбетияров.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: