Сенбі, 04 мамыр, 08:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қауіптің көбі – семіздікте

09.01.2024

336 0

Сурет: 100pansionatov.ru

Қазақта «Семіздікті қой көтереді» деген керемет тәмсіл бар. Бұрын етжеңді адамдарды ілуде бір көріп, таңырқай қарайтын едік, қазір ол жаңалық болмай қалды. Адамның ағзасы артық салмаққа төтеп бере алмайды. Оны ақ халаттылар да айтып, дабыл қағып отыр.

«Дүниежүзі бойынша семіздік өлім-жітімге апаратын түрлі себептердің бестігіне еніп тұр. Жыл сайын аурудың осы түрінен 2,8 млн ересек адам көз жұмады. Адамдар артық салмақпен және семіздікпен қазірден бастап күреспейтін болса, 2035 жылға қарай осының салдарынан болатын ісік ауруларының көрсеткіші 45%-ға көбеюі ғажап емес» дейді шетелдік мамандар.

Бүгінде семіздікті қауіпті дерт демеске амал жоқ. Дүниежүзілік денсаулық cақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде семіздік дертіне 2 миллиард халық шалдыққан. 70 жылдары Қазақстандағы семіздік 25%- ды құраса, қазір бұл көрсеткіш 50%-ға тұрақтаған. Өткен бабалардың әсерлі әңгімесіне иек артсақ, бір бағланды бір өзі тауысып жеген батырлар еңгезердей болғанымен, салпы қарын, бос бұлшық еттен ада болған. Өйткені олар табиғи таза өнім тұтынып, көп қимылдаған. Ал мамандар семіздікке шалдығудың бірнеше жолы барын, ол – тұқымқуалаушылық, күйзеліске ұшырау және дұрыс тамақтанбау, жастар мен жасөспірімдердің фастфуд және газдалған сусындарды көп тұтынуынан дейді. Осы жерде Мәшһүр Жүсіптің мына ғибратына құлақ түрсек, біраз нәрсені пайымдаймыз.

«Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады.Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып, бала қылып ұшырады. Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын деп, өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір ақ мезгіл ұшады. Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек. Байғыз деген құс бар. Кәріптікті, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады. Қайда бұзылған ойрандалған жай болса, сонда жатады, су ішпейді, бидай, тары жемейді. Аузына көлденең тістеген қылдан да жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар «Тұрымтай екеш тұрымтай да тайлы биенің етін жейді» деген. «Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек» деген. Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның әуресімен болып, бейнетке қалсам керек деп, сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Тақ Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша «Не үшін маған келмейсің?» дегенде. «Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін?» деген. Осы сөзімен құлдықтан халас болған. Адам мұны ойлап, пікір қылуы керек. Ұшқан құсты торға түсіретін, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жау не десеңіз, жұтқан тамақ. Жалғанда мазаққа, ақиретте азапқа түсіретін тамақ. Артық тамақтан тартынған бәрінен халас болады» деп Мәшһүр Жүсіп бабамыз айтқан-ақ екен!. Әлбетте, жөн сөз. Бұдан артық айту ақылға сыймайды. «Ауру астан…» деген бәлки осы болар? Сондықтан артық астан ауыз тыйсақ, нәпсімізді ауыздықтасақ, бұл дертті де жеңерміз. Қанағат серігіміз болсын, ағайын.

Гауһар Асқарқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: