Дүйсенбі, 22 шiлде, 19:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
#57 – 2067
20.07.2024
PDF мұрағаты

Ойыншық таңдау «ойыншық» емес

29.05.2024

334 0

Сурет:ast.ru

Ба­лаға ойыншық таңдау-ата-ана­лар­­дан барын­ша ұқып­ты­лықты, жауап­кер­шілікті талап ететін жайт. Бүгінде сауда сөрелерінде ойыншықтың сан алуан түрі бар. Ойыншық таңдауда әсіресе, жас ата-аналар мейілінше мұқият болғаны жөн. Бұлай дейтін себебіміз-ойын­шық­тың бала денсаулығына тікелей әсері бар. Сатуға рұқсат етілмеген техникалық регламенттерге жауап бере алмайтын өнім түрлері бала денсаулығына қауіпті екенін жа­ды­ңыздан шығармаңыз.

Ойыншық таңдағанда кей ата-аналар белгілі брендерге мән берсе, екін­шілер үшін-өз талғамы-олар бала кезінде армандаған қуыршақтар мен көйлектерге қы­зы­ғады, ал үшіншілері бөбектің бойында белгілі дағдылар мен ептілік дамытуға бағытталған ойын­­дар мен ойыншықтарды та­буға тырысады. Дей тұрғанмен, балаңызға ойыншық сатып алған кезде ата-аналар тағы бір өлшем қауіпсіздігін естен шығармағаны абзал. Қазақстанда балалар ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентімен реттеледі. Дәл осы құжат ойыншықтар сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар талаптарды белгілейді.

        Ойыншықты таңдау кезінде ең алдымен қамтамасына назар аударыңыз. Онда ойыншықтың атауы, өндіруші туралы ақпарат пен оның орналасқан жері, ойыншық арналған баланың жасы, техникалық регламентке сәйкестігі, тұтыну қасиеттері туралы деректер, өндірілген күні,сақтау мерзімі мен шарттары көрсетіледі. Яғни ойыншықтың қамтамасындағы жазулар өнім туралы толық ақпарат беруі тиіс. 2023 жылы ойыншықтардың қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг шеңберінде зертеуге алынған 28 ойыншықтың барлығы осы таңбалау бойынша техникалық регламенттер талаптарына сай болмай шықты. Бұл да өз кезегінде тауар сапасына күмәнділікті күшейтеді.

      Сонымен қатар ойыншықтың иісіне де мән беру маңызды, бұл арқылы оның сапасын жанама түрде анықтауға болады. Ойыншықтардың өткір, жағымсыз иісі болмауы керек және ойыншықтың боялған бетінің беріктігін тексеру керек.Ойыншықтардың өндірісінде қолданылатын  бояғыш заттар қауіпті  болып табылады, оның құрамына формальдегид, фенол, феноксил, метил, изгобитурат және т.б. кіреді. Ойыншықтарда осы қауіпті заттардың деңгейі мөлшерден асып кетсе, бала өміріне үлкен қауіп төндіреді. Кішкентай балалар ойыншықпен ойнағанда«дәмін татуға» тырысады, нәтижесінде  сапасыз ойыншық болса оның құрамындағы химиялық заттар ағзаға еніп, балалардың бүйректері, бауырлары, асқазандары, иммундық жүйесіне қауіп төндіреді, сондай-ақ әр түрлі аллергиялық реакциялық әсері болуы мүмкін. Ойыншықтардың бояуы немесе лак заттардың түскенін көрсеңіз, алмағаныңыз жөн. Ондай ойыншықтар  баланың сілекей және тыныс алу жолдары арқылы баланың ішкі организміне түседі.

      Назар аударатын тағы бір жағдай, ойыншықтардың үшкір бұрыштары мен қисық шеттері болмауы тиіс. Себебі мұндай ойыншықтар баланың жарақаттануына әкеп соқтырады. Сондай-ақ ойыншықтың айрықша өткір, жарық түстілерін, қорқынышты құбыжық түрлерін алмауға тырысу қажет, ол баланың көру сезіміне және психологиясына теріс әсер беруі ықтимал. Осындай органолептикалық талаптар бойынша 28 ойынщықтың 11 түрінен сәйкессіздіктер анықталды, яғни ойыншықта баланың жарақаттануына алып келетін кедір-бұдырлы, өткір жиекті, қисық тұстары анықталған.

 Тағы бір маңызды нәрсе естеріңізде болсын, Қазақстанның сауда нүктелерінде сатылатын ойыншықтарда өндіруші мемлекетіне қарамастан, жүргізілген зерттеулерге негізделген сәйкестік сертификаты, яғни олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты болуы шарт.Сәйкестік сертификаттары бүкіл Кеден одағында жарамды болып табылады.

         Бірақ базарларда олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын ешбір құжатсыз саудалайтын жағдайлар да жоқ емес.

         Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі аймақтағы сауда орындарындағы ойыншықтарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Осы орайда ата-аналарға сапасыз ойыншықтар балалардың жарақаттанып, не  зақымдануына немесе олардың улы заттармен уланып, аллергияға ұшырауына әкеліп соғуы мүмкін екендігін тағы да естеріңізге саламыз.

Нарықта ойыншыққа деген сан түрлі ұсыныс болғанымен таңдау Сіздің қолыңызда!

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологоиялық бақылау департаменті басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: