Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының тұрғындармен есептік кездесулері жалғасуда. Қармақшы ауданы Жосалы ауылында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов, Қармақшы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев қатысты.
Қармақшы ауданы, Төретам, Ақай елді мекендерінің 17 мыңға жуық тұрғыны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған. Көбінесе 12 ай бойы төлемі жоқ белсенді емес халық, сонымен қатар жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер. Жалпы аудан халқының шамамен 18 % МӘМС жүйесінен тыс қалды, деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
«Егер сізге шұғыл медициналық көмек қажет болса, тегін медициналық көмек қызметтері қолжетімді. Жоспарлы медициналық көмекті, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді, оңалту емін, стационарлық көмекті, күндізгі стационарда емделу және тағы басқаларын алу үшін «сақтандырылған» мәртебесіне ие болу қажет. Облыс халқының 60 пайыздан астамы мемлекет жарна төлейтін 15 жеңілдікті санаттағы азаматтардың қатарында», – деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.
Кездесуде ауыл тұрғындары спикерге бірқатар сұрақтармен жүгінді.
МӘМС жүйесінің жеңілдікті санаттары қатарында Ауғанстандағы соғыс ардагерлері бар ма? Спикердің айтуынша, «МӘМС туралы» Заңның 26-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері МӘМС жарналарынан босатылған. Егер Ауған соғысына қатысушының мүгедектігі болса, онда ол 15 жеңілдік санатына ие азаматтардың қатарына кіреді.
Мен медициналық көмекке жүгінбеймін, бірақ жұмыс беруші жалақыдан МӘМС-ға ай сайын қаражат аударады. Не үшін? Осы сұраққа жауап бере отырып, Бақыт Исмаханбетов барлық қазақстандықтар үшін медициналық сақтандыру жүйесінің маңыздылығын атап өтті. Бірыңғай қазынадан 18 жасқа дейінгі балаларға, студенттерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, АӘК алушыларға, марапатталған көп балалы аналарға және тағы басқаларға емделуге қаражат бөлінеді. Яғни, медициналық сақтандыру біздің туыстарымыз бен жақындарымызға да қажет.
Егер қызметкер ұзақ мерзімді еңбек демалысына немесе жалақысы сақталмайтын демалысқа шықса, сақтандыру мәртебесін қалай жоғалтпауға болады? Спикердің айтуынша, МӘМС жүйесіндегі мәртебе соңғы жарнадан кейін үш ай бойы сақталады. Әрі қарай өзекті болып қалуы үшін жарнаны өткізіп алған кезеңдер үшін дербес төлеуші ретінде төлеу қажет. Биыл ай сайынғы төлем 3 500 теңгені құрайды.
Кездесуді қорытындылай келе, ӘМСҚ-ның облыстық филиалының директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ең алдымен пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Егер сізде сұрақтар туындаса, өз емханаңыздағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмасаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналары арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegramдағы SaqtandyryBot. Осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, egov.kz ҚР электрондық үкіметінің сайтында «Денсаулық сақтау» бөлімінде медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!