Жұма, 10 қаңтар, 06:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№1-(2114)
07.01.2025
PDF мұрағаты

Құтырма ауруынан сақ болыңыз

29.08.2024

155 0

         Құтырма ауруы – орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен және өлім-жітіммен аяқталатын, қоздырғышы рабдовирустар тұқымдастығына жататын жануарлар мен адамдардың табиғи ошақтық ауруы. Құтырмамен ауырған жануар да адам да 100 пайызында ауру өлім жағдайымен аяқталатындықтан аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатқызылады және өзектілігін жоймайды.

         Көптеген жағдайда (60-70 пайызға дейін) инфекцияның көздері иттер болып табылады. Құтырманың табиғи ошақтары қасқырлар, түлкілер, шибөрілер және басқа да жануарлар болған жерде қолдау табады, олардан инфекция үй жануарларына және кезбе ит-мысықтарға жұғады. Инфекция жануар тырнап-тістеген кезде сілекей арқылы және вирустың көлемі өте кішкентай болуына байланысты жарақатсыз таза теріге сілекей жұққан уақытта тері тесіктері арқылы да ағзаға еніп кетеді.

Ағзаға енген құтырма вирусы зақымдалған тұстағы нерв талшықтары арқылы орталық бас миы мен жұлынға жетіп, ол жерде көбейіп, жинақталады. Сілекей бездеріне жетіп, науқас жануар мен адамның сілекейі арқылы сыртқы ортаға бөлініп шығарылады. Аурудың инкубациялық жасырын кезеңі көбіне 12 күннен 1 жылға дейін, кейбір жағдайда 2 жылға дейін созылады. Жасырын кезеңнің ұзақтығы жарақаттың тістелген орнына, тереңдігіне, көптігіне байланысты болады. Әсіресе, бастан, мойыннан, аяқ-қол саусақтарынан, жыныс органдары мен шаптан жарақат алған жағдайда және көптеген жарақат алғанда нерв талшықтары теріге жақын әрі көп мөлшерде орналасқандықтан вирус орталық нерв жүйесіне тез барып,  ауру тез дамып, аурудың жасырын кезеңі қысқа болады.

Аурудың алғашқы белгілерінің бірі – тістелген жер тесіп, күйдіріп ауырады, тыртық орны қызарады, ісінеді, жансызданады, тыртық маңының гиперестезиясы байқалады. Алғашқы белгілер қорқыныш, үрейлену сезімдеріне ұштасады. Науқастың жалпы жағдайы нашарлайды, дімкәстік, бас ауруы, тітіркенушілік, ұйқысы қашып, қорқынышты түстер көреді. Жұтқыншақтың, кеуденің қысылу белгілері пайда болады. Кейде көздің шырышты қабығы қызарады, тыныс алуы жиілеп, жүрегі қатты соғады, аритмия (жүрек соғысы төмендейді), гипотония (қан қысымы төмендейді) байқалады. Дене қызуы 38-40 градусқа жоғарылауы мүмкін. Алғашқы белгілердің пайда болуы 1-3 күнге созылады.

Ауру қозу кезеңінде алғаш рет су ішер алдында, сонан соң суды көрген немесе су жайлы ойлаған кезде гидрофобия (судан қорқу) сезімі туындайды. Осыған ұқсас ауа қозғалысы (аэрофобия), жарықтың әсері (фотофобия), қатты сөз, тарсыл, шуылдан (акустикофобия) да тітіркеніп, ұстамасы басталып кетеді. Әсіресе науқастың бетіне жел үрлегенде ұстамасы бірден басталып кетеді. Осы кезде науқаста есту әрі көру галлюцинациясы болып, науқас сандырақтайды. Науқас адам қатты терлейді және сілекейі шұбырады, сілекейін жұтпайды, сілекейін түкіріп тастайды немесе иегінің астына қарай ағып тұрады.

Қозу кезеңі артынан салдану кезеңіне жалғасады. Науқастың қозғалу және сезгіштік қызметтері бәсеңдейді, науқас қозғалмайды, беті сүйірленеді. Ұстамасы болмайды, бірақ науқас жұтынып, сұйық іше алады. Бұл науқастың жағдайы жақсарды деген сөз емес, науқастың жақында қайтыс болуын алдын ала білдіретін қатерлі айғақ. Науқас тыныс алуының салдануынан және барлық бұлшық еттердің салданып, жүрек қызметінің тоқтауынан қайтыс болады. Аурудың ұзақтығы 3-7 күнге созылады.

Құтырма ауруына қарсы антирабикалық вакцина және антирабикалық иммуноглобулиндер егу арқылы алдын алуға болады.

Кез-келген жануар тістеген, тырнаған, сілейлеген себептермен медициналық көмекке жүгінген адамдарға, сондай-ақ мал сою, құтырмамен ауырған малды бөлшектеу кезінде зардап шеккендерге зақымданған жерді 20 пайыздық сабынды су ерітіндісімен жақсылап жуып, жарақаттың шетін йод ерітіндісімен өңдейді. Өмірлік көрсеткіштеріне қарай болмаса жарақаттың шетін алғашқы үш күнде тікпейді. Антирабикалық көмек көрсету травматологиялық пункттерде және хирургиялық кабинеттерде жүргізіледі.

Адамдарды немесе жануарларды тістеген иттерді, мысықтарды және басқа да жануарларды (құтырмамен ауыратындарынан басқа) иелерімен  оқшауланады және 10 күн ветеринарлық мамандардың қадағалауында болады. Оқшаулау мерзімі өткенде клиникалық белгілері бойынша сау жануарлар да бақылау алынады, құтырмамен ауырған жануарлар ҚР ветеринария саласындағы белгіленген тәртіптерге сәйкес өлтіріліп, жойылады.

Коммуналдық шаруашылық органдары, тұрғын үйлерді пайдалану ұйымдары, базар әкімдіктері, ет-сүт өндіретін кәсіпорындар, дүкендер, асханалар, мейрамханалар, жатақхана коменданттары, жеке тұрғын үй иелері үйінділер мен қоқыстар тастайтын алаңдарды тиесілі санитарлық жағдайда ұстауға міндетті, иттер мен мысықтардың шатыр астына, жертөлелерге, үй-жайларға кіру мүмкіндіктерін болдырмау жолдарын қарастыру керек.

Қазақстан Республикасы көлемінде құтырма ауруы Оңтүстік Қазақстан облысында, Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе облыстарында тіркелуде. Қызылорда облысы да құтырма ауруының табиғи ошағында орналасқан. Облыс көлемінде 2010-2014 жылдар аралығында 8 науқас құтырма ауруына шалдығып, қайтыс болды. 2021 жылы бір жарым ай бұрын көршісінің итінен жарақат алып, ауырған Тәжікстан Республикасының азаматы темір жол көлігімен Маңғыстау облысына жұмысқа бара жатқанда ауырып, жолдан түсіріліп алынып, қайтыс болды.

  2024 жылдың 7 айында облыс бойынша 7 жануар құтырмаға тексеріліп, құтырма ауруы анықталмаған.

Тұрғындардың құтырмамен ауырмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, сондықтан жануарлардан әртүрлі жарақаттар алғандар, сілекейленгендер дер кезінде медициналық антирабикалық көмекке жүгінсе аурудың алдын алуға, өлім жағдайынан сақтандыруға мүмкіндік мол.

Ә. Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысыныңорынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: