Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылша бойынша аурушаңдық төмендеді

22.11.2024

225 0

2024 жыл басынан бері Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 1557 жағдайы тіркелді.  1364 жағдай – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды, оның ішінде 365 жағдай 1 жасқа толмаған сәбилер арасында орын алды. Ересек тұрғындар арасынан 193 науқас анықталды. 

Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 72,1%-ын құрады. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни  ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері орын алып отыр.

Облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 1233 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде. Аудандар кесіміндегі көрсеткіш –                   Аралда-74, Қазалыда-61, Қармақшыда-37, Жалағашта-22, Сырдарияда-8, Шиеліде-79 және Жаңақорғанда-43 дерек.

 Облыс көлемінде қызылшамен сырқаттанушылық көрсеткіштері бойынша төмендеу тенденциясы байқалады. Атап айтқанда, қаңтар айында 366 адам осы ауруды жұқтырған болса, шілде айында-27, тамызда-7 және қыркүйек айында 1, ал қазан мен қараша айының 22 күнінде аурудың бірде-бір дерегі анықталған жоқ. Бүгінгі күні қызылшаның эпидемиологиялық ахуалы тұрақты.

Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, конъюнктивит және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшыларымен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары.

Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа созылмалы аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақтылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды балабақша мен мектепке жібермеу керек.

Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақтылы вакцинация. Ол Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жіргізіледі. Ауруға қарсы вакцинациялау барысы тиісті деңгейде жүргізілуде. Қызылшаға қарсы  екпе 1 жаста және ревакцинация  6 жаста жүргізіледі.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баланың қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынады. Ол үшін аймақтық дәрігерге жүгіну қажет. Егер балаңыз қызылшаға қарсы егілмеген болса, екпе алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласу ұсынылады.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: