Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тәннің емшісі, жанның арашасы

22.05.2021

2397 0

Қала тұрғындарына сонау Кеңес заманынан бері қызмет етіп келе жатқан мекемелер жетерлік. Тарих арнасының кейбір тұсында тоқырауға түсіп, одан қайта құрылып,  ел игілігіне жараған мекеменің бірі – көпбейінді қалалық аурухана. Іргесі 1977 жылы қаланған аурухана содан бері басы ауырып, балтыры сыздаған қаншама жанға  шипа берер бірден-бір орынға айналған.

Тәннің емшісі, жанның арашасы

Емдеу мекемесінің өткен тарихына үңілсек, 1977 жылы құрылған ауру­хана 20 жылдай мемлекеттің менші­гінде болса, 1997 жылдан бастап «Денсаулық» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігіне айналып, ондағы төсек орын саны да, қызметкерлер де қысқартылған екен. Содан 2008 жылға дейін  95 орынды ауруханада 162 маман жұмыс істеген.

Қалалық аурухананың жаңаша сипат алға тұсы 2008 жылдың наурыз айынан басталады. Сол жылы облыс әкімінің шешімімен емдеу орны мемлекет меншігіне өтіп, 160 орындық  «Қызылорда қалалық ауру­ханасы» ретінде қайта құрылады. Аурухананың мемлекеттік мекемеге айналғаны, төсек-орынның көбеюі мен қажетті мамандардың толығуы қала жұрт­шылығын қуантқаны рас. Еміне дауа іздеген науқастар ендігі ма­териалдық базасы жаңартылған, заманға сай жөндеу жүргізілген ауруханада ем алатын болды.

Мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауруханаға 209 млн теңге қаржы бөлініп, ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Ем-домға қажетті құ­рал-жабдықтар алынып, емдеу мекемесінің аясы кеңейе бастады. Ал 2011 жылы аурухана 220 төсек-орынға көбейіп, сапалы ме­дициналық қызмет көр­сетуге мүм­кіндік алды.

Тәннің емшісі, жанның арашасы

Заманауи жабдық – жаңа мүмкіндік

Ғылым мен техника сәт сайын дамып, жаңа техно­логияға бет бұрған заманда медицина саласының да қарыштап дамып жатқанын жасыра алмаймыз. Бұрынғы әдіспен ем-шара жасау қазір қолданыстан шықты. Орнын жаңа жабдықтар, арнайы аппараттар басты. Көпбейінді қалалық аурухананың осындай заманауи жабдықтармен қамтылуы бүгінде 91,8 процентті құрайды. Республикалық бюджеттен компьютерлік томография, соңғы үлгідегі ота үстелдері, эндовидеохирургиялық лопороскопия құрылғысы, рентген, ультра дыбыстық зерттеу аппараты алынған. Одан бөлек зертхана бөліміне де тиісті құралдар алынып, сараптама талдауын жасау оңтайландырылған. Осылайша әр бөлімнің өзіне тиесілі жабдықтары ор­натылған.

Тәннің емшісі, жанның арашасы

Сапалы қызмет – басты талап

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсіл бар. Алайда бұған көбіміз аса мән бермейтініміз жасырын емес. Соңында денсаулық сыр беріп, ақ ха­лат­ты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. Сондай сәт­те денсаулық саласының дамығанына, мамандар білік­тілігінің артқанына іштей қуанасың. Әсіресе, шаһар­дың басты емдеу мекемесінің, ондағы мамандардың қай жа­ғынан болсын көш ілгері жүргені жақсы емес пе?! Жаны қысылғанға сөзімен де, ісімен де дертіне дауа болу – мұндағы әрбір дәрігердің басты мақсаты. Оларға халық ризашылығынан артық баға жоқ.

– Қазір медицина саласы жақсы қарқынмен дамып келеді. Соның нәтижесінде жоғары мамандандырылған оталарды облыс орталығында жасауға мүмкіндік алдық. Ауруханада науқастарға гинекология, травматология, терапия, неврология, хирургия бөлімі көмек көрсетеді. Жоспарлы ем көрсетуден бөлек, аптаның төрт күніне жедел-жәрдем қызметі белгіленген. Осы жедел-жәрдем арқылы келген науқастарға да ем жүргізіледі. Бұл ретте күніге әр бөлімге 120-140 науқас түседі. Көпшілігінде бас-ми қан-тамырларының бұзылысы, жүрек патологиясы кездеседі. Бүйрек пен бауыр аурулары да көбейген. Ауруханаға түскен науқастарға 55 дәрігер, 174 орта буын медицина қызметкерлері ем жүргізеді. Негізі аурухананың 70 процентін жас мамандар құрайды. Мамандарға қоятын басты талабымыз – жауапкершілікті сезіну. Алдына келген науқасқа барынша сапалы қызмет көрсету керек екенін үнемі ескертіп отырамыз, – дейді көпбейінді қалалық аурухана басшысы Бауыржан Төлегенұлы.

Тәннің емшісі, жанның арашасы

Білікті маман – жарты бақыт

Қай сала да болсын ізденіс, жаңашылдық ауадай қажет. Бұл тұрғыда дәрігерлерге қойылатын талап жоғары. Олардың білім мен тәжірибесін ұштастыра отырып, біліктілігін арттыруға мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған. Сондықтан белгілі бір уақыт аралығында тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттыру үшін арнайы оқу курстары, семинарлар өткізіліп тұрады. Қалалық аурухана қызметкерлері де бұл мүмкіндіктен құр қалған емес. Бүгінде ондағы жұртшылық алғысына бөленген өз ісінің мамандары аурухана абыройын асқақтатып жүр. Әсіресе, көпбейінді қалалық аурухана десе, Г.Ибраев, Қ.Әліпов, Б.Ерназарова, Р.Әлімбетов, Б.Жұмандықов, Б.Тайманов, Б.Қосанов сынды дәрігер мен К.Жүсіпбекова, Л.Консман, И.Жүнісова, Р.Томанова, Б.Асқарова, Ж.Жұмағамбетова сынды мейірбикелердің аты аталады. Иә, расымен әр ұжымның үлгі тұтар білікті де білімді қызметкері мекеменің айнасы емес пе?!

Жауапты сәттегі жауапкершілік

Былтырғы індеттің әуресі халыққа да, «ақ халат­тыларға» да жеңіл тимеді. Әсіресе, дерт дендеген тұста дәрігерлердің көмегіне жүгінген науқастың санында шек болмады. Бұл өз кезегінде жұмыс күшінің, тиісті құрал-жабдықтың жетіспеушілігіне әкелгені белгілі. Сол тұста аймақтағы емдеу орындары провизорлық стационарға айналып, күн-түн демей індетке қарсы күресті. Бұл ретте көпбейінді қалалық аурухана да өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Алайда жаз маусымындағы індеттің өршуі, өлім-жітімнің көбеюі дертпен күрескен дәрігерлер үшін оңайға соқпағаны анық.

– Былтырғы эпидемиологиялық ахуалдың ауыр бол­ғанын жасыра алмаймыз. Коронавирус инфекциясы та­рала бастаған кезде ауруханаға карантиндік стационар қызметі жүктелді. Солай Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің №5 жатақханасынан стацио­нар базасы жасақталып, ондағы науқастардың ем-домы, ас-ауқаты, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қалалық ауру­хана жүктелді. Қауіпті аймаққа енген шет ел аза­маттары мен олармен қарым-қатынаста болғандарды дәрігерлер қадағалап, тиісті ем жүргізді. Дегенмен, жаз мез­гілінде індет өршіп, қалалық аурухана ғимараты 210 төсек-орынмен провизорлық стационар болып құ­рылды. Жоспарлы ем қабылдап жатқан науқастарға амбула­ториялық көмек көрсетіліп, аурухана толықтай вирус жұқтырған науқастарды қабылдауға көшті. Облыс және қала аумағынан инфекция жұқтырған өте ауыр жағ­дайдағы науқастар көптеп түсті. Бас-аяғы 15 күннің ішінде ауруханаға 3410 науқас қабылданып, оның 1372-сі ем алып шықты. Өкінішке орай, ковид инфекциясы мен вирусты пневмония салдарынан көз жұмғандар да болды. Оны еске алудың өзі ауыр. Сондай қиын кезеңде дәрігерлер «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыла жұмыс істеді. Мұны олардың өз ісіне деген адалдығы деуге болатын шығар, – дейді аурухананың бас дәрігері.

Басқа төнген қауіп-қатерге қарамастан кеселмен күрескен дәрігер еңбегін ешкім ұмыта қойған жоқ. Есесіне қиналған жанның дертіне араша болған оларға халықтың ілтипаты артты.  Медицина саласының дамуы осы кезеңде өз септігін тигізгенін айта кеткен жөн. Жаңа құрылғы, жаңа әдіс вируспен ауырған науқастың өмірін арашалап қалуда дәрігерге өз үлесін тигізді.

Ел басына түскен қысылтаяң шақта көпбейінді қалалық ауруханасы өздеріне жүктелген міндетті жауап­кершілікпен атқара білді. Бұл тек індет кезінде емес, былайғы уақытта да көрсетілетін қызмет. Мұны дәрігер­лер өздерінің халық алдындағы міндет деп біле­ді. Оған жұртшылық куә. Осыдан-ақ ақ халатты абзал жандардың адам тәнінің емшісі, жанының арашасы болып жүргенін көруге болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: