Жұма, 22 қараша, 01:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Вакциналау туралы нені білу керек?

19.02.2024

570 0

Вакциналау – адам инфекция қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналау ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін қолдана отырып, көптеген жұқпалы ауруларға төзімділікті арттырады және иммундық жүйеңізді күшейтеді. Аурулар сияқты вакциналар да иммундық жүйені арнайы антиденелер жасауға үйретеді. Алайда вакцинада тек ауру қоздырғыштарының – ауру тудырмайтын және онымен асқыну қаупін тудырмайтын қоздырғыштарының өлтірілген немесе әлсіреген түрі ғана бар. Вакциналардың көбісі инемен егіледі, дегенмен ауызға тамызылатын түрі және мұрын аэрозольдері де бар. Вакцина егілген организмде ауруға қарсы иммунитет 2-3 аптадан кейін қалыптасып, бірнеше жыл бойы сақталады.
Елімізде профилактикалық егудің Ұлттық күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әр емханада егу кабинеттері жасақталып, балаларға жоспарлы түрде вакцинация жүргізілуде. . Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 216 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 43 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады.
Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакциналар жыл сайын 3 миллиондай адамның өмірін әртүрлі дерттен қорғайды. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз. Кейбір адамдарға, мысалы ауыр науқастарға белгілі бір вакцина алуға болмайды, сондықтан олар ауру таратпау үшін басқа адамдардың вакциналауына тәуелді. Вакциналар иммундық жүйені вирус пен бактерияларды тануға, онымен күресуге үйретуге бағытталған. Егер денеге кейінірек осы патогендік қоздырғыштар әсер етсе, оны тез жоюға дайын болады, бұл аурудың алдын алады. Егер адам ауруға қарсы вакцина алған болса, жұқтыру қаупі төмендейді, демек, ауруды басқаларға таратуы азаяды. Қоғамда неғұрлым көп адамға вакцина егілсе, соғұрлым ауру қоздырғыштың адамнан адамға беру мүмкіндігі төмендейді. Егер халықтың көп бөлігіне вакцина егілсе, ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл жұқпалы аурулардың таралуын бәсеңдетеді. Бірақ ұжымдық иммунитет көп адам вакциналанғанда ғана тиімді.
Вакциналар қоздырғышқа иммунитетті қалыптастыру үшін табиғи қорғаныс механизмін іске қосу арқылы ауру қаупін азайтады. Вакциналау ағзаның иммундық реакциясын тудырады, яғни антиденелер шығара бастайды. Антидене – бұл ағзаның иммундық жүйесі аурумен күресу үшін табиғи жолмен түзілетін ақуыздар. Олар болашақта аурумен күресу үшін қоздырғышты есте сақтайды. Егер сол қоздырғыш ағзаға қайта енсе, иммундық жүйе аурудың дамуына жол бермей, оның көзін жояды. Адам бойындағы иммундық жүйенің есте сақтау қасиеті жақсы дамыған. Бір немесе бірнеше вакцина алғаннан кейін, белгілі бір аурудан ондаған жыл бойы, тіпті өмір бойына қорғаныш аламыз. Сондықтан вакцинаны тиімді етеді. Вакцина біздің ауырып қалуымызға жол бермейді. Қазіргі кезде алдын ала егудің нәтижесінде көптеген жұқпалы аурулар (мысалы шешек) жойылды. Иммунды жүйе қызметі туралы білімнің жетіле түсуіне байланысты вакциналар қолдануы әрі қарай кеңейтілуде. Онкологиялық аурулардың иммунотерапиясына қолданатын препараттар өндіріліп жатқанын, тіпті жатыр мойнының қауіпті обырын болдырмау үшін екпе жүргізілетіні белгілі.

Динара Жанабергенова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: