Осы жылдың 1-ақпанынан бастап 18 жастан асқандарға елімізде коронавируска қарсы вакцина салына бастады. Халыққа екпе салғаннан бастап, ел арасында түрлі алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті. Бірі шындыққа жанасса, енді бірі тіпті адам сенгісіз.
Мәселен, еліміздегі Алматы және Тараз қаласындағы бала көтере алмаған онға жуық келіншек вакцина салғызған соң, аяғы ауыр болғанын айтуда. Олардың арасында 20 жылдан астам уақыт бала көтере алмай жүргені де бар. Бірі дәрінің бір дозасын алып, тағы екеуі екпенің қос компонентін қабылдағаннан кейін бала көтергенін растаған. Сонда індетке қарсы екпенің осындай ерекше әсері бар ма? Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе? Оны дәл қазір анықтау қиынға соғады. Өйткені жүкті келіншекті толық медициналық тексеруден өткізе алмайды.
Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы екпені жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер, соңғы алты ай ішінде коронавируспен ауырып шыққан адамдар вакцина салдырған жоқ. Сондай-ақ олардың қатарында кәмелет жасқа толмаған балалар да бар. Вакцина туралы әртүрлі пікір қалыптасты. Расында, вакцина салдырған адамдар түрлі жағдайға тап болып жүр. Мәселен, бірінде жеңіл өтсе, енді біріне кәдімгідей ауырғанын айтуда. Сондықтан қарапайым халықтың шарадай басы шақшадай болды. Кімнің аузына қақпақ боласың. Бұл аурудың беті қайтпай, вакцинаның сыры мен жыры бітпейтін секілді.
Отандық QazVac екпесін жасауға атсалысқан вакцинолог-иммунолог ғалым Леспек Құтымбетовтың айтуынша, вакцина шаранаға еш зиянын тигізбейді. Себебі бұл вакцина жатырдың ішінде жатқан балаға өте алмайды. Ол тек қан құрамында, өкпе сияқты ағзаның басқа бөліктерінде болады да, иммунитеттің пайда болғанына әсерін тигізеді. Жүкті болуға, жүкті болғаннан кейін, жүкті болып жүрген кезде аяғы ауыр келіншектер одан еш қорықпай-ақ қойса болады.
Әлемдік ғалымдар әлемді әбігерге салған бұл індеттен құтылудың бірден-бір жолы вакцина деп отыр. Бүгінде АҚШ пен Израйльде «Pfizer» сынды коронавирусқа қарсы вакцинаны жүктілік кезінде салып, зертеулер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Ресейде де «Спутник V» вакцинасын аяғы ауыр келіншектерге сала бастаған. Егер зерттелген вакциналар сынақтан сәтті өтіп, зиянсыз екені дәлелденсе бізге де рұқсат берілуі мүмкін. Әсіресе, дәрігерлер ЭКО әдісімен бала сүюге ниетті жандар сақтық үшін екпенің қос компонентін алдын ала салдырғаны жөн екенін баса айтуда.
Ал әлемде балаларды вакциналау науқаны қалай жүріп жатыр? Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, бала екпе салдырамын десе рұқсат. Ата-ана қарсы болса да вакцина егіледі. Италия осындай қадамға барып отыр. Эстония вакциналауды сабақ басталысымен тура мектептің ішінде жүргізбек. Біріккен Араб Әмірліктері болса жасы 3-тен асқан бүлдіршіндерге де екпе егуге рұқсат берді. Мәселен, Украинада жеткіншектер вакцина салдыра алады. Ол жақта әзірге 5 баланың екпе қабылдағаны белгілі. Кейбірі мұны шетелге оқуға бару үшін жасатқан. Созылмалы ауруы бар бала да вакцина салдыртқан. Себебі мұндай жасөспірімдер коронавирус жұқтырса, ауру одан әрі асқынып кетуі мүмкін. Ата-аналары осыған алаңдап, алдын ала қамданған. Италияда екпе салдыру үшін ата-ананың рұқсаты қажеті емес. Шешімді баланың өзі қабылдайды. Боиэтика жөніндегі ұлттық комитет осындай мәлімдеме жасады. Екпеге әке-шешесі қарсы болып, ал жеткіншектің өзі вакцина салдырамын десе, онда баланың шешіміне басымдық беріледі. Сөйтіп Аппенин түбегінде жасы 12-ден асқан тұрғындар екпе қабылдай алады. Шетелдік билік осылайша жаңа оқу жылының басына дейін балалардың біраз бөлігін екпемен қамтуды көздеп отыр. Эстония билігі де жаңа оқу жылына дейін ата-аналарға балаларын вакциналау науқанына белсендірек қатыстыруын сұрауда екен.
Қазіргі кезде балаларды вакциналау жағынан Германия жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мұнда жасы 12-ден асқан кәмелетке толмаған әр бесінші азамат екпе алған. Бұл шамамен 900 мың бала. Әуелде оны тек нақты бір аурулары бар балаларға дәрігердің ұсынымы бойынша салған. Енді ол жасы 12-ден асқан кез келген азамат үшін қолжетімді.
– Біздің елімізде де 12 жастан бастап «Pfizer» вакцинасын қолдану ұсынылды. Біз 12 жастан асқандарды назарға алып отырмыз. Балалар жасына назар аудара отырып, олар вакцина салдыруға мүмкіндік алады. Тиісінше, азаматтар вакциналау керек пе, жоқ па – мұны өздері шешеді. Бірақ біз вакцина алуға шақырамыз. Өйткені вакцина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штамдар балаларға әсер етеді, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Цой.
Бүгінгі күннің басты мәселесі – жүкті келіншектер мен балаларға салынатын вакцинаның қауіпсіздігі болып тұр. Бұл ел арасында қатты талқыға түсуде. Ата-аналардың басым көпшілігі баласына вакцина салдыруға алаңдайды. Дегенмен әлеуметтік желілерде белсенді ата-аналар балаларының денсаулығы үшін вакцина салдыруға келісетінін жарыса жазуда. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, вакцина салдырған дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Ақмарал ОЛЖАБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!