Дүйсенбі, 06 қаңтар, 01:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№103 — 2113
31.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңақорған ауданының екі ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

03.01.2025

173 0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданының Әбдіғаппар, «Бесарық» ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Салтанатты жиындарға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

«Жаңа жыл халқымыз үшін берекелі жыл болсын! Әр шаңырақ шаттыққа, қуанышқа толсын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр» деп бұл саланың айрықша маңызға ие екенін айтты. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында өңіріміздің барлық ауданында 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, 3 дәрігерлік амбулатория Жаңақорған ауданында бой көтерді. Тәуелсіздік күні «Төменарық» ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана ел игілігіне табысталды.
Осы игі істердің жалғасы ретінде бүгін Әбдіғаппар, «Бесарық» ауылдарындағы амбулаторияларды пайдалануға береміз. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» деген. Бүгін іске қосылған жаңа нысандар бастапқы медициналық қызмет көрсетуге маманданған үздік мекемеге айналып, ақ халатты абзал жандар халық алғысына бөлене берсін!»,-деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жиналған жұртшылықты құттықтады,
ел ағасы Бақыт Нұртазаев бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кету керек, аймақтың денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұрын-соңды өз ғимараты болмаған
«Қан орталығы» салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Ана мен бала өмірін қорғау мақсатында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Арал ауданы «Сексеуіл» кентінде 40 төсек-орынға арналған ауылдық аурухананың құрылысы жүргізілуде. Халықтың сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы
100 пайыз қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 225 санитарлық автокөлік табысталды.
Саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыс орнатылған. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңге қаржы бағыттады.
Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен еліміздің 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде шалғай елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет етуде.

@Қызылорда облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: