Күннің жылынуымен жіті ішек инфекциясы ауруларының тіркелу қаупі арта түседі. Себебі ауа температурасының жоғарылауынан сыртқы ортада ауру қоздырғышының тіршілік етуіне және көбеюіне қолайлы орта қалыптасады. Бүгінгі күні Қызылорда облысының аумағында жіті ішек инфекциялары аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Жыл басынан бері инфекция жұқтырудың 253 жадайы тіркелді. Өткен 2024 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 29,2-ге төмендеу тенденциясы байқалады. Ауруға шалдығу деректерінің басым бөлігі облыс орталығының үлесінде – 97,2%.
Жұқпалы жедел ішек ішек уауралрымен науқастанғандардың 88,5% – 14 жасқа дейінгі балалар, соның ішінде жоғары аурушаңдық көрсеткіш 2 жасқа дейінгі балалар арасында анықталуда. Бұл тұрғыда аналардың назарына емізіктер, балаларды тамақтандыру бөтелкелерінің тазалығына аса мән беру қажеттігін еске саламыз, себебі көп жағдайда осы балалар күтіміне салғырт қараудың салдары осындай аурушаңдыққа әкеп соқтырады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандарымен жүргізілген эпидемиологиялық зерделеу жұмыстары аурудың басты таралу себептерінде үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну, мерзімінен ерте піскен жеміс-жидектер, қайнамаған су және бала күтімінің нашарлығы салдарынан болған.
Жыл басынан бері тағам өнеркәсібі, азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану объектілерімен, ұйымдасқан ұжымдардың ас блоктарымен байланысты топтасқан тамақтан улану жағдайлары орын алған жоқ.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жіті ішек инфекцияларының негізгі алдын алу шараларын ұсынады:
– жеке бас гигиенасын сақтау;
– су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі тазартылған суды пайдалану;
– жеміс пен көкөністі жақсылап жуу;
– тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;
– шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке-жеке асүй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
– субұрқақтарға суға түсуді болдырмау, тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу;
– асүйді, ауланы таза ұстау.
Ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну қажет. Өзін-өзі емдеумен айналысу аурудың асқынуына әкеп соғуы әбден мүмкін екендігін еске саламыз.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!