Сурет: aikyn.kz
Халқымыздың атакәсібі болған тері өңдеу ісі қазір кенжелеп тұр. Сала мамандары бұған кедергі мемлекет тарапынан қолдаудың жоқтығы дейді. Әйтпесе тері өндеудің жөнін қазекеңнен артық білер ешкім жоқ. Қазір бұл кәсіпті серік еткендер де, нәсіпке айналдырғысы келетіндер де баршылық. Алайда тиісті қолдау көрсетілмейді.
Егемен.кз ақпарат агенттігінде берілген мәлімет бойынша елімізді жеңіл өнеркәсіпті дамытуға, оның ішінде тері өңдеуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Десе де былғары өнімін өндіру көрсеткіші биыл төмендеген. Есесіне ірі қара шикізатының шет елдерге экспортталуы артқан. Статистикалық көрсеткішке сүйенсек, биыл ірі қара терісінің өндірісі 55,8 пайызды құрапты.
Соңғы жылдары тері өндірісін жандандыру мәселесі жиі қозғалып жүр. Тулақтың өзін итке тастамайтын жұртымыз бүгінгі күні теріні игермейтін халге жетті. Ал өзге елдерде бұл өндіріс түрі тұрақты даму үстінде. Еліміздің бірқатар аймағында тері өңдейтін зауыттар жұмыс істейді. Олар отандық өнім шығаратын бірнеше кәсіпкерлерді тиісті шикізатпен қамтығанымен, кең көлемде өндіруге мүмкіндігі жоқ көрінеді. Себебі фермерлерге өңделмеген теріні отандық зауыттарға бергеннен гөрі шетелге жіберген әлдеқайда тиімдірек.
Қазақстанда былғары өндірісі 1998 жылға дейін жақсы дамыған екен. Кейін тұралап қалған кәсіп көзін қайта жандандыру үшін былтырдан бастап «Қазақстан тері өңдеушілер қауымдастығы» құрылған. Қауымдастық төрағасы Нұрман Нүптекеевтің айтуынша, егер мемлекет тарапынан үлкен қолдау болса саланы 4-5 жыл көлемінде аяққа тұрғызуға болады.
Бұл саланың тұралап қалуы елімізде тері өндірісімен айналысатын зауыттар жоқ дегенді білдірмейді. Бүгінде «Алматы тері зауытынан» бөлек, Жамбыл облысында «ТаразКожОбувь» ЖШС, Семейдегі «Semey tunnery» ЖШС мен шымкенттік «Turan-Skin» ЖШС бар. Бұдан бөлек тері өңдейтін зауыттар Арқалық, Петропавл, Ақтөбе, Орал қаласында да бар көрінеді. Алайда олардың жұмысы тұрақты емес.
Жоғарыда аталған зауыттардың ішінде ел экономикасына тұрақты пайда түсіретіні «ТаразКожОбувь»ЖШС екен. Бұл кәсіпорын тері өңдеумен қатар аяқкиім тігуге дейінгі дайын өнімді шығарады. Ал «Алматы тері зауыты» жылына 12 мың тоннаға дейін тері өңдейді. Шымкент және Семейдегі кәсіпорын да былғары өндірісін жолға қойған. Осындай жұмысы жүйеленген кәсіпорындар бола тұра теріні қоқысқа тастап, кәдеге жаратпаймыз деудің себебі неде?
Мамандардың айтуынша, тері өндірісіндегі басты мәселе – шикізаттың шетелге кетуі. Одан отандық өндірушілерге пайда жоқ. Есесіне алып-сатарлар игілігін көреді-мыс.
Саладағы тағы бір мәселе – мал сою тәртібінің жоқтығы. Тері өңдеушілер шикізаттың пышақ тиіп тесілген, сапасыз күйде келетінін айтады. Оған қоса мал күтіміне де көңіл бөлінбейді. Мәселен, төрт түлікке түрлі тері ауруларына қарсы екпе салу керек екен. Бұл қағаз жүзінде жүзеге асқанымен, іс жүзінде кене тесіп, сона талап, оқыра ұялағаны теріден байқалады. Сол себепті елімізде тері сапасы төмен көрінеді. Осы орайда сала мамандары кеңес одағы тұсында Қазақстандағы терінің 90 пайызы бірінші және екінші сұрыпты болғанын айтады. Өкінішке қарай, қазір еліміздегі сапалы тері тек Оңтүстік Қазақстаннан ғана келетін көрінеді. Сапа жағынан өзбек елі бізден озып тұр. Олардың тері бағасы да бізбен салыстырғанда қымбат.
Бүгінде отандық өнім өндіруге бет бұрған кәсіпкерлер қатары жыл санап артып келеді. Бұрын тері бұйымдарынан жасалатын өнімдер шетел асып келсе, қазір оларды өзіміздің елде де шығарады. Әсіресе аяқкиім, сөмке, белдік сынды қажетті дүниелер көптеп шығарылуда. Тіпті біздің аймақта да таза былғарыдан аяқкиім тігуді кәсіп еткендер бар. Соның бірі – шиелілік Жандәулет Құрманбекұлы. Тірлігі тікелей терімен байланысты кәсіпкер тері өндеу саласында кертартпалық басым деген пікірде.
– Тері өңдеу ісі табиғатымызға жат емес. Төрт-түліктің бабын тапқан ауыл жұртшылығы кезінде тері илеп, оны өңдеп кәдесіне жаратты емес пе? Ата кәсіп заман ағынымен ұмытыла бастаған болар. Бірақ әлі күнге дейін тері өңдеумен айналысатындар бар. Елімізде бірнеше тері өңдеу зауыты да бар. Аяқкиім тігуде қажетті былғарыны сол зауыттардан алдырамыз. Яғни біз тек дайын өнімді ғана пайдаланамыз. Өзімізде де тері өңдеуге болар еді. Алайда бұл кәсіп түріне қолдау жоқ. Барлығы қаржыға байланысты болғандықтан әзірше қолдан келгені таза былғарыдан аяқкиім тігіп, қамтамасыз ету, – дейді кәсіп иесі.
Жыл сайын шағын және орта бизнесті дамыту аясында, инновациялық жобаларды жүзеге асыруда мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Кәсіпкерлік саласында өндіріске бетбұрыс жасау керектігі жиі айтылғанымен тері өңдеу саласына сұраныс жоқ. Мұны облыстық өнеркәсіп және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бекенова да растады. Оның сөзінше, өңірде тері өңдеу ісімен айналысуға сұраныс жоқ. Кәсіпке бет бұрғандар бұл салаға беттемейтін сыңайлы.
Жалпы төрт-түлік терісінен тек киім-кешек ғана емес, тағам, сұлулық саласына қажетті өнімдер алуға да болады екен. Мәселен, Индонезияда теріні тағам ретінде тұтынады екен. Оның құрамы ақуызға бай. Коллаген ретінде де қолданады. Одан бөлек теріден желатин де дайындалады-мыс. Біз тері экспорттайттын Ресейде желатин шығаратын он шақты кәсіпорын бар көрінеді. Кондитерлік, косметикалық өндірісте желатинге сұраныс жоғары. Сондай-ақ желатиннің нашар, сапасыз қалдығы құрылыста желімге, түрлі қоспаларға да пайдаланылады.
Өткен жылы елімізде былғары өндірісінде жаңа технологияларды игеру үшін инвестор тартып, соның аясында Алматыдан желатин зауыты салынатынын БАҚ өкілдері жарыса жазған еді. Жаңа зауыт күніне 700 тоннаға дейін тері қабылдап, нашар тері желатинге, сапалысы былғары өңдеуге жіберілуі керек болған. Бұл өз кезегінде теріден жасалатын тұрмысқа қажетті барлық өнімдерді өндіруге мүмкіндік беруі тиіс. Алайда биыл іске қосылуы тиіс зауыттың қашан пайдалануға берілетіні әлі белгісіз.
Ат ерттеп, атан қомдаған жұртымыз төрт-түлікті мінсе көлік, ішсе сусын, кисе киім қылған. Көшпелі халық қарапайым тіршілікте өндірісті дамыта алған еді. Ал қазіргідей жаңа технология дамыған заманда қолда барды ұқсата алмағанымыз өкінішті-ақ. Байқасақ, былғары арқылы табыс тапқан кез келген отандық өнім өндірушілер тері өңдеу ісін қолға алғысы келеді-ақ. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау жоғын айтады. Түйткілдің түйіні тиімді шешілсе, елдегі жеңіл өнеркәсіп тек тоқыма, тағам, кілем өндірісімен шектелмес еді. Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіптегі тері өндірісінің үлесі – 8,4 пайыз ғана екен.
Айдана САЙДУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!