Жұма, 26 сәуiр, 13:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Туризм табыс көзі ғана емес…

20.07.2021

1934 0

Бүгінде саяхаттау адамның таным көкжиегін кеңейтіп ғана қоймай, пайда табудың жаңа көзіне айналды. Егемендік еншілегелі Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстанда да туризм қарыштап дамып, саланың мәдени-танымдық, сауықтыру, спорттық, іскерлік секілді тармақтары қайта күш алғандай. Бұған біте қайнасқан шығыстың дәстүрлері, мәдениеті мен батыстың заманауи тұрмыс дағдысы, тұмса табиғат пен бірегей тарихи артықшылық себеп болса керек. Осы орайда Тәуелсіздік жылдары ел дамуына ықпал еткен туризм саласының жетістігін саралап көрейік.

Туризм әлемдік экономикада елеулі маңызға ие екені жасырын емес. Бір ғана мысал, Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымы (ДТҰ) туризм саласы әлемдегі жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 процентін, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр деген дерек келтірген. Ал әлем бойынша туризмнен түскен табыс мұнай және автомобиль экспортынан кейін үшiншi орын алады. Оған қоса кез келген мемлекеттің әлеуметтік, мәдени және экономикалық әл-ауқатын сараптауда да туризмнің көрсеткіші шешуші рөл атқаратыны тағы бар. Міне, осындай артықшылық Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның туризмді дамыту, сол арқылы мемлекетті әлемдік аренаға шығаруға идеясын алға қоюға итермеледі.

Соңғы жылдары шет елден келетін саяхатшылардың қатары күрт өскен. Деректер бойынша елге келген қонақтар Қазақстанның оңтүстік өңірі, әсіресе, Қызылора, Түркістан облыстарындағы тарихи-мәдени ны­сандарға баруға ниет білдіреді екен. Содан болар салада сұранысқа сай қызмет көрсету, инвестиция тарту ісі ілгерілеп келеді.

Ерекше мекенге ерекше сұраныс

Расында, Қазақстан табиғаты туристердің толассыз келетін маңызды нысанына айналып үл­герді. Мәселен, Іле Алатауындағы «Шымбұлақ» шаңғы базасы, Павлодар облысы Жасыбай көлі жағасындағы «Баянауыл», Қара­ғанды облысындағы таулы-орманды «Қарқаралы», Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма бөгені жағасындағы «Алтай мүйіс» секілді нысандар – жыл он екі ай адам аяғы арылмайтын құтты қоныс. Сондай-ақ Орал қаласы Жайық өзені маңындағы «Орал», Қостанай облысындағы орман-тоғайлы Наурызым алқабы, Оңтүстік Қазақстан облысы Бадам жазығындағы «Оңтүстік», Көкшетау таулы аймағындағы «Золотой бор» базалары да туристерді тартымды табиғатымен баурауда.

Қорықтардағы тұмса табиғат пен сирек аң-құс та саяхатшыларды бей-жай қалдырмайды. Әсіресе қазіргі таңда Ұлытау, Бетпақдала, Қарақия-Қаракөл, Зеренді қорық­шалары мен Шарын шатқалы, Күміс қылқанды орман, Айғайқұм, Әншіқұм, Жаңғақ тоғайы секілді нысандар туристік брендке айналып үлгерді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан­ның флорасы мен фаунасына қаныққысы келген саяхатшылар Шығыс Қазақстанды бетке алып, тұрақты қонақ болуды жылдағы әдетке айналдырған. Мұнда ту­ристерді қызықтыратын ғажап ландшафтар, ауқымды аймақ, мәдени-тарихи ескерткіштер аума­ғында инрақұрылым дамып, әлемдік стандарт шеңберінде туристік қыз­меттер көрсетілуде. Мысалы, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы аумағында 108 туристік ұйым, 16 туризм нұсқаушысы, 117 орналастыру нұсқаушысы, 117 орналастыру орны, 84 демалыс орындары, 5 демалыс үйі, 34 емдеу-сауықтыру шипажайы турагенттік пен туроператордың қызметін ат­қаруда. Сонымен қатар көлемі 1723072 гектарды құрайтын 14 республикалық маңызы бар ерекше қорғауға алынған табиғи аумақ тіркеліп, туристік маршрутқа енгі­зіліпті. Оған қоса Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ғалами Экологиялық Қорын (UNDP/GEF) жетілдіру бағ­дарламасы және Бүкіл әлемдік Жабайы Табиғат Қоры (WWF) бағдарламасының Алтайдың Қа­зақстандық бөлігінің био түрлігінің сақтау жөніндегі жобасы аясында бірнеше табиғи ескерткіш ерекше қорғалған. Міне, бір ғана Шығыс Қазақстан аумағынан-ақ Тәуелсіздік жылдары туризм саласында қол жет­кізген жетістікті аңғаруға болады.

Соңғы жылдары елдегі ту­ризмның жаңа ошағы Түркістан қаласына айналды. Қарқынды құ­рылыс, жаңа статус, дамыған инфра­құрылым, за­манауи ғимараттар, тарихи нысан – мұның барлығы көне шаһарды заман көшіне ілестірген факторлар. Түркістанға саяхаттаған әрбір шетелдік қазақ хандығының алғашқы астанасындағы тарихи-мәдени аура мен заманауи архи­тектуралық шешімдердің үйлесімін қатар сезіне алады. Мұндағы қазақ мемлекетінің негізін қалаған Тәуке, Тәуекел, Жәңгір, Есім, Абылай, Қазыбек би секілді тұлғалар жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қай кезеңде де негізгі туристік нысан санатында еді. Сондай-ақ орта ғасырлық шаһарлардың орны мен көне жәдігерлер де таптырмас танымдық сапарға жол аша білді.

Қызылорда облысында да ту­ризм саласы айтарлықтай алға жылжығанын байқау қиын емес. Оған аймақтағы Арал теңізі, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Қорқыт ата мемориалды кешені, қарт Қаратау табиғаты әсер етсе керек. Оған Сыр елінде өткен халықаралық семинарлар, өнер фестивальдері, ғылыми конференциялар дәлел бола алады.

Карантиндегі көрсеткіш

Расында, туризм ұлттық бол­мысты әлемге таныту құралы ғана емес, тұрақты табыс әкелетін кәсіп саласына ойысты. Туристер қатарын арттыру үшін мемлекет пен туроператорлар саяхатшыларға ұсынатын қызмет түрлерін жыл сайын кеңейтіп отыруды межелеген. Алайда әлемді жайлаған індет соңғы жылдары саладағы табыс көлемі мен саяхатшылар санын азайтты. Мысалы, Қазақстан 2021 жылдың ал­ғашқы үш айында ту­ризмнен 19 млрд теңгеден астам пайда тапқан екен. Бұл 2020 жылғы қаңтар-наурыз айларына қарағанда 6,9 процентке аз.

Шығынның көрсеткішін Атырау облысынан байқауға болады. Ұлт­тық статистика бюросының мәлі­метінше, Атырау облысындағы орналастыру орындары қатты зардап шегіп, өңірде көрсетілген қызметтер көлемі 74,1 процентке, яғни табыс 420,6 млн теңгеге дейін төмендеген.

Алайда қуанарлығы, карантинге қарамастан Түркістан облысы мен Алматы қаласының туризм әлеуеті қайта жанданды. Түркістан шаһарындағы көптеген нысан қайта жаңғыртудан кейін туристерге қызмет көрсету көлемін 2,4 есеге, яғни 704,9 млн теңгеге дейін ұлғайтқан. Ал Алматы қаласы жыл басынан бері туризм саласы бойынша 5,3 млрд теңге табыс тауыпты. Бұған қарамастан мега­полисте қызмет көрсету көлемі 16,2 процентке қысқарса, Елордада 11,8 процентке дейін төменденген. Ал Шымкентте – 32,8 процентке жоғарылаған.

Туризм келешегі

Жалпы мемлекеттегі туризмнiң жан-жақты дамуы қоршаған орта мен экономиканың барлық сек­торының және қоғамның әлеу­меттік жағдайының өсуіне ықпал етеді. Осыны ескеріп, Үкімет Қазақстанның ұзақ мерзiмдiк даму бағдарламасында міндетті түр­де туристiк саланы жүйелеу, оңтайландыру ісіне басымдық бе­реді. Бұл бастамалар бәсекелес­тікті арттырумен қатар, туризм нары­ғының тұрақты табыс көзіне айналуына септігін тигізері анық.

Осыған орай Тәуелсіздік жыл­дары туризм индустриясын дамыту, елдегі кедергі келтіретін мәселелерді жою бағытында жаңа жобалар қолға алынған. Соның бастысы – салада білімді маман әзірлеу. Бүгінде Қазақстанда туризм маманын сапалы даярлау бойынша бірнеше оқу орны жұмыс істеп келеді. Туризм және спорт академиясы, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы мемлекеттік университеті, С.Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті және Қазақстан-Американдық еркін уни­верситеті секілді білім беру ұйым­дары жүйелі әрекет етуде. Сон­дықтан саланың даму шыңы әлі алда деген жөн секілді.

P.S. Туристер санын көбейту тек ел «тайқазанына» қаржы тартудың амалы емес, елішілік инфрақұрылымды қалыптастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту, мемлекет имиджін қалыптастыруға апаратын төте жолдің бірі. Сол себепті Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктің бір парасына айналған туризм халықтың әл-ауқаты мен танымын одан әрі кеңейтері анық.

Берен Шағыров

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: