Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы жиыны өтті. Күн тәртібі адами капиталды жетілдіру мен білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне арналды, деп хабарлайды
BAQ.KZ тілшісі.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелеріне ризашылығын білдіріп, пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Кеңес мүшелеріне шынайы алғысымды білдіремін. Олар арнайы осы жиынға қатысу үшін Астанаға келді. Бүгінгі кездесу «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер» тақырыбына арналып отыр. Білім мен ғылым – стратегиялық маңызы бар салалар. Сондықтан біз, ең алдымен, пікір алмасып, осы бағыттағы ойларды талқылаймыз, – деді Президент.
Алғашқы отырысқа Қазақстан Үкіметінің басшысы, бірқатар министрлер, сондай-ақ АҚШ, Қытай және БАӘ-ден келген халықаралық сарапшылар мен әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен технологиялық компанияларының ғалымдары қатысты.
Айта кетерлігі, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес Президент Жарлығымен құрылған. Ол – кеңесші-консультативтік орган саналады. Кеңестің негізгі міндеті – ЖИ дамуының ұлттық стратегиясын айқындау, озық технологияларды мемлекеттік басқару мен экономиканың негізгі салаларына енгізуді үйлестіру және стратегиялық құжаттарға ұсыныстар әзірлеу.
ЖИ кеңесінің басты бағыттары: адами капиталды дамыту, жасанды интеллект шешімдерін тәжірибеге енгізу, халықаралық тәжірибе алмасу және ұлттық саясатқа ұсыныстар дайындау. Сарапшылардың пікірінше, шетелдік мамандардың қатысуы Қазақстанға озық халықаралық тәжірибелерді игеруге әрі оны отандық цифрлық инфрақұрылымға бейімдеуге жол ашады.
Еске салайық, бұған дейін елордада ЖИ саясатын үйлестіретін жаңа кеңестің отырысы басталғаны туралы жаздық.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!