Мұндай инновациялық шешімді енгізу интернет нашар жерлердің проблемасын, яғни тұрғын және кеңсе ғимараттарының ішінде ұялы сигналы әлсіз аймақтарды жоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында ұялы байланыс компанияларының өкілдері хабарлады.
«VoWiFi технологиясы Wi-Fi арқылы дауыстық қоңыраулар шалуға мүмкіндік береді. Біз қызметкерлеріміздің арасында оны пилоттық режимде сынақтан сәтті өткіздік. Келесі жылы бұл технология жаппай қолжетімді болады», – деді «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Отырыста нарық қатысушылары атап өткендей, интернет нашар жерлердің проблемасы халықтың 99%-ы 4G байланысымен қамтылғанына қарамастан өзекті болып қала бермек. Негізгі себеп – қаладағы қарқынды құрылыс жұмыстары, өйткені, жаңа ғимараттар сигналдарды жауып тастайды, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған базалық стансаларды алып тастауға тура келетін жағдайлар да жиі кездеседі.
Сондай-ақ еліміздің қалаларында интернетке бірыңғай қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ететін ұлттық Wi-Fi операторын құру жоспарлануда.
Жоба әлеуметтік маңызы бар нысандарда желіні орналастыруды көздейді. Нақтырақ айтсақ, шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен медициналық мекемелерде пайда болады.
«Біз құрып жатқан инфрақұрылым Қазақстанның ЖИ-экономиканы қалыптастыру бағытын қолдай отырып, жасанды интеллект негізінде цифрлық сервистер мен шешімдерді дамыту платформасына айналуда»,- деді «Freedom Telecom Operations» компаниясының басшысы Қайрат Ахметов.
Бірінші кезеңде жоба 10 қалада 400 орынды қамтиды. 2026 жылға қарай желіні 10 мың қосу нүктесіне дейін, ал 2027 жылға қарай 20 мыңға дейін кеңейту жоспарлануда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!