Жасанды интеллект, цифрлық трансформация және мемлекеттік саясат саласындағы британдық сарапшы Ричард Стирлинг ЖИ-ды дамыту жөніндегі кеңесте Қазақстанның жасанды интеллектті енгізу бойынша халықаралық бәсекеде лайықты орын алуға берік негізі бар екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл салада табысқа жету үшін үш негізгі компонент қажет: деректер, инфрақұрылым және кадрлар.
Деректер – барлығының отыны. Есептеу қуаты мен басқа да инфрақұрылым элементтері керек, ал ең маңыздысы – ЖИ қалай жұмыс істейтінін түсінетін және оны тәжірибеде қолдана алатын адамдар, – деп атап өтті сарапшы.
Ричард Стирлинг жасанды интеллектті кең ауқымда экономикаға енгізу басты өсім көзіне айналатынын атады.
Әртүрлі салада ЖИ-ды пайдалану Қазақстанға 3 жылдың ішінде ЖИ-ге негізделген экономиканы құру мақсатына жетуге мүмкіндік береді, – деді спикер.
Ричард Стирлинг білім беру саласында жасанды интеллекттің әлеуетіне бөлек тоқталды. Оның айтуынша, зерттеулер ЖИ-тьютормен оқитын студенттердің дәстүрлі әдістерге қарағанда 15-30% жылдам оқитынын және 25-40% көбірек есте сақтайтынын көрсеткен.
Бұл мектептер мен университеттер үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Бұдан бөлек, бүгіннің өзінде LLM-модельдердің көмегімен жасалған алғашқы ғылыми жаңалықтар пайда бола бастады, – деді сарапшы.
Сөзін қорытындылай келе, Ричард Стирлинг Қазақстан жетістіктерін халықаралық аренада дұрыс жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Қысқа уақыт ішінде ел бұл жаһандық бәсекеде өте алға жылжыды. Енді тек ауқымды жоспарларды жүзеге асыру ғана емес, әлемге қол жеткізген жетістіктерді де көрсету маңызды. Жеке өз басым сіздермен және біздің серіктестерімізбен ынтымақтастықты асыға күтемін. Қазақстан айрықша нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін, — деп түйіндеді британдық сарапшы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!