Алып-компаниялар (Unicorn company) миллиардтаған доллар инвестиция тартып, тұтас салалардың қозғаушы күшіне айналуда. Олардың үлгісі венчурлік инвесторларды жаңа жобаларға белсендірек қаржы құюға итермелеп, кәсіпкерліктің дамуын жеделдетеді. Қазақстандық жобалар да барған сайын халықаралық нарықтарға белсендірек шығып жатыр. Алайда алып компаниялардың мәртебесіне жету жолы оңай емес және ол үшін елеулі кедергілерді еңсеру қажет. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Қатаң бәсекелестік
Astana Hub мәліметтері бойынша, мұндай компаниялар үшін негізгі проблемалар дамудың кеш кезеңдеріндегі ірі инвестицияларға қолжетімділіктің шектелуімен, шетелге жылдам кеңею қажеттілігімен және жаһандық ойыншылармен қатаң бәсекелестікпен байланысты.
Бүгінде бұл мәселелерді шешу үшін Alem Venture Fund қоры іске қосылды. Оның мақсаты – шетелдік инвесторларды тарту және капиталға қолжетімділікті кеңейту. Бұл қазақстандық жобалардың жаһандық экожүйеге жедел интеграциялануына жағдай жасайды.
Маңызды фактор ретінде зияткерлік меншікті қорғау және шетелдік нарықтардың талаптарына құқықтық бейімделу де қала береді.
Қазақстандық қандай стартаптар Unicorn клубына енуі мүмкін
Қазақстандық экожүйе қазірдің өзінде жоғары әлеуеті бар бірнеше стартап қалыптастырды.
Astana Hub-тағы жарқын мысалдардың бірі – Ерзат Дулат негізін қалаған Higgsfield AI. Бар болғаны екі жыл ішінде компания бүкіл әлем бойынша миллиондаған пайдаланушыны тартып, $300 млн көлемінде бағаланып, Илон Маск пен Марк Цукербергтің қызығушылығын тудырған.
Алайда стартап тәуелсіз дамуды таңдады. Жоба қазірдің өзінде $16 млн инвестиция тартып, отандық стартаптардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр.
Тағы бір мысал — CodiPlay, мектеп оқушыларын цифрлық дағдыларға оқытуға арналған экожүйе. 2021 жылдан бастап платформа Қазақстанда және шетелде қолданылады, ал 2025 жылы $100 млн бағалаумен $9 млн инвестиция тартты.
Стартап MENA нарығына шығуды және 3000 мектепті қосуды жоспарлап отыр.
Мүмкіндігі зор жобалардың қатарында Arlan Biotech — дәрі-дәрмектерді жедел әзірлеуге арналған ЖИ-платформа жасаушы;
Cybernet.ai — әртүрлі елдердегі колл-орталықтар үшін дауыстық агенттер жасайтын жоба;
Surfaice — AI мен SaaS қиылысында жұмыс істеп, АҚШ пен Еуропа нарығына шығуды көздейтін стартаптар бар.
Айрықша назар аударатын жоба — Grand Mobile. Бұл Grand Games студиясының ашық әлемді рөлдік онлайн-ойыны, бүкіл әлем бойынша 70 млн пайдаланушы жинап, Astana Hub қолдауымен халықаралық нарыққа сәтті шықты.
Барлық осы компаниялар әлемдік аренада өзін көрсетті және Unicorn мәртебесіне жету жолында нақты әлеуетке ие, — деді Astana Hub өкілдері.
Қазақстан болашақ Unicorn үшін кадрларды қалай дайындауда?
Astana Hub-та атап өткендей, Қазақстан AI-таланттарды даярлау жүйесін — мектеп оқушысынан кәсіби маманға дейін қалыптастыруда.
Сонымен қатар, елде Tomorrow School және TUMO Astana жобалары дамып келеді.
Tomorrow School — peer-to-peer моделінде екі жылдық бағдарламамен бағдарламалау және AI мектебі. Мұнда студенттер 50-ден астам практикалық жобаларды және 20-ға дейін бағдарламалау тілін меңгереді.
TUMO Astana — жасөспірімдерге арналған креативті технологиялар орталығы, 11 бағыт бойынша білім береді: генеративті AI мен робототехниканы, анимацияны және 3D-дизайнды қоса алғанда.
Tech Orda мемлекеттік қолдауымен жыл сайын мыңдаған мамандарды оқытады. 2022–2023 жылдары 6 мыңнан астам студент оқыса, 2024 жылы 3 мыңнан астам грант бөлінді.
2025 жылы Астанада Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұл орталық білім, стартаптар және R&D салаларын біріктіретін болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!