«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында енді жолда жүріп те интернетке қосылуға болады. Starlink технологиясы алғаш рет «Burabay Express» пойызында іске қосылып, жолаушыларға фильм көру, хабарласып отыру, тіпті қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін берді. Алдағы уақытта мұндай қызмет «Ақтөбе – Алматы» және «Қызылорда – Семей» бағыттарында да қолжетімді болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында цифрлық технологияларды дамыту жұмысын жалғастыруда. Алдағы уақытта №33/34 «Ақтөбе – Алматы» және №21/22 «Қызылорда – Семей» бағыттарындағы пойыздарда Starlink технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болмақ.
Жаңа үлгідегі №888/887 «Burabay Express» электропойызында Starlink қызметі алғаш рет іске қосылып, жолаушыларға жол үстінде интернетке қосылу мүмкіндігі берілді. Бұл — жылдамдығы 250 Мбит/с-тан асатын интернетпен жабдықталған алғашқы жүрдек пойыз.
Пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері жолаушылар арасында бұл қызметтің үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті. Қазір пойызда келе жатқан жолаушылар фильм көріп, мессенджерлер арқылы хабарласып, қашықтан жұмыс істей алады. Сондай-ақ онлайн-табло, мультимедиялық жүйе және қолма-қол ақшасыз төлем сияқты қосымша сервистер де қолжетімді.
Ұлттық тасымалдаушы үшін бұл бастама жолаушылардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Пойыздарға орнатылған бейнекамералар қозғалыс барысында жағдайды бақылауға мүмкіндік берсе, GPS-трекерлер маршрутты нақты уақыт режимінде Ситуациялық орталықтан қадағалауға жағдай жасайды.Жоба пойыздарға жоғары жылдамдықты интернет енгізуге маманданған SkyNomad компаниясымен әріптестіктің нәтижесінде жүзеге асырылды. Компания жолаушыларға тұрақты қосылуды қамтамасыз ететін кешенді веб-платформа әзірледі.
Ал Starlink технологиясы дәстүрлі желілер қолжетімсіз ең шалғай аймақтарда да сенімді интернет байланысын ұсынады.
Биыл «Жолаушылар тасымалы» АҚ цифрландыру бағдарламасы аясында пойыздарды интернетпен қамту жұмысын жалғастырып, пилоттық режимде №67/68 «Астана – Өскемен» және №3/4 «Астана – Алматы» бағытындағы «Тальго» пойыздарында төмен орбиталы жоғары жылдамдықты спутниктік интернетті іске қосты. Бүгінгі күнге дейін осы үш бағытта 100 мыңнан астам жолаушы интернет қызметін пайдаланды.
Еске салайық, 13 тамыздан бастап Илон Масктың Starlink спутниктік интернеті Қазақстанда ресми түрде іске қосылғанын жазған едік. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қызмет SpaceX-тің төмен орбиталы спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты және тұрақты интернет ұсынады. Маусым айында министрлік пен Starlink компаниясы Қазақстан заңнамасын сақтау жөнінде келісімге қол қойған. Бұл ақпараттық қауіпсіздік талаптарын орындауды қамтамасыз етеді. Starlink.com сайтында үйге интернет орнату құны: жабдықтар – 104 мың теңге, айлық төлем шағын үй шаруашылықтары үшін – 23 мың, ірі үй шаруашылықтарына – 31 мың теңге. Ал саяхатшыларға арналған Starlink Roam тарифінде жабдықтар құны – 104 мың теңге, 5 ГБ интернет – 26 мың, шектеусізі – 52 мың теңге.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!