Сенбі, 01 қараша, 06:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№83, 2195
01.11.2025
PDF мұрағаты

Виртуалды тілші Мәтінбек немесе дәстүрлі медианың жаңа тынысы

01.11.2025

67 0

Цифрлық дәуір қазақ баспасөзі үшін оңай болып тұрған жоқ. Алақандағы смартфонға үңілген елдің назарын газет-журнал оқуға аудару үлкен еңбекті қажет етеді.  «Кейінгі буынды газет оқуға қалай қызықтыра аламыз?» деген сұрақ әлі де күрделі мәселе күйінде. Жауап біреу: жаңашыл идеялар мен заманауи тәсілдер керек. Соңғы жылдары жаһандық медиа саласында жасанды интеллектке негізделген виртуалды жүргізушілер пайда болып, ақпарат ұсыну форматтарын түбегейлі өзгерте бастады. Бұл жаңа технология мүмкіндігі өңірлік БАҚ-қа тың серпін берді.

Әлемдік тәжірибелерді ескеріп, «Ақмешіт апта­лығы» газетінің шығармашылық ұжымы 2024 жыл­дың көктемінде жаңа технологияның мүмкіндігін байқап көруді қолға алды. Жасанды интеллектке негізделген виртуалды жаңалық жүргізушісін іске қосты. Шығармашылық топ «газеттің өз вир­туалды дикторы болса қайтеді?» деген идеяны талқылап, соның нәтижесінде цифрлық көмекші Мәтінбек Сырұлы дүниеге келді. Мәтінбек – газет жаңалықтарын заманауи форматта баяндайтын виртуалды тележүргізуші іспетті 3D аватар.

Мәтінбек Сырұлы жобасының алғашқы жаңа­лық шолуы 2024 жылғы 6 мамырда жарық көрді. Әдепкіде «Оқырманға мұндай формат ұнай қояр ма екен?» деген қобалжу болғаны рас. Алайда нәти­жесі қуантты. Алғашқы апталарда-ақ виртуалды жүргізу­шінің видеоларын бірнеше мың қаралым жинап үлгерді. Желідегі оқырмандар оң пікір жаза бастады. «Өте қызық, креативті жаңалық» деген сыңайдағы жылы лебіздер көп болды. Тіпті жаңа оқырмандар қосылды.

Виртуалды тілші Мәтінбек немесе дәстүрлі медианың жаңа тынысы

Жасанды интеллект – журналистің көмекшісі

Жаңа технологияның мүмкіндігін сынап көру редакция үшін үлкен тәжірибе болды. Газет ұжымы жасанды интеллект мүмкіндігін ақпарат таратуды жандандыратын қосымша құрал ретінде іске қосты.

– Жасанды интеллект – заман талабы. Әлем­нің алдыңғы қатарлы басылымдары бұл техно­логияны күнделікті жұмыс процесіне енгізіп, жур­налистиканың жаңа кезеңіне қадам басты. Егер он жыл бұрын мұндай құралдар тек эксперимент ретінде қарастырылса, қазір бұл медиа өндірістің ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда «The Associated Press» редакциясы жасанды интеллект көмегімен жаңалық таратады. Бұл журналистерге уақыт үнемдеп, сараптамалық мақалаларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. «The Washington Post» өз ішкі жүйесі – Heliograf-ты жасап, жүздеген материалды автоматты түрде жариялауда. «Reuters» ақпарат агенттігі «Lynx Insight» арқылы деректерді талдап, тілшілерге дайын идеялар мен мәтін үлгілерін ұсынады. Ал «Bloomberg» агенттігінің «Cyborg» жүйесі компаниялардың кіріс есебі жарияланған сәтте-ақ бірнеше секунд ішінде қысқаша шолуға айналдырады.

Еуропадағы «Le Monde» газеті де бұл бағытта көш бастап келеді: олар француздық «Syllabs» компаниясымен бірігіп, 2015 жылғы сайлау кезінде 36 мың аймақтық округ бойынша 150 мың беттен тұратын контентті автоматты түрде жасап шығарды. Бұл – аудиторияны жедел қамтудың айқын мысалы. Мұндай үрдіс тек мәтін жазумен шектелмейді. Қытайдың «Xinhua» агенттігі, Үндістанның «Aaj Tak» телеарнасы, Кувейттің «Kuwait News» басылымы, Грекияның «ERT» арнасы ЖИ жүргізушіні тұрақты форматқа айналдырды. Бұл мысалдар жасанды интеллект журналисттің көмекшісі екенін көрсетеді. Ол адам орнын алмастырмайды, керісінше шығармашылықпен айналысуға көбірек уақыт бөлуге жол ашады. Деректерді жинау, статистиканы талдау, жедел жаңа­лық дайындау сияқты жұмыстарды автоматтандыру редак­ция өнімділігін еселеп арттырады. «Ақмешіт апталығы» редакциясының көзқарасы да осыған саяды. ЖИ – дәстүрлі журналистиканың құнын төмендететін құрал емес, керісінше, жаңа технология арқылы газет оқуға қызықтыру үшін жасалған қадам. Әлем жаңа технологияға бейімделіп жатыр, демек, біз де осы уақыт талабынан қалыспай, дәстүрлі медиа мен жаңа технологияны үйлестіре отрырып, жұмыс істеуіміз керек. Уақыт талабы – цифрлық интеграция дәуірі. Ал жаңа медианың басты міндеті – уақыт көшінен қалмай, оқырманмен тығыз байланыста болу, – дейді «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Мағлұмқызы.

Виртуалды тілші жаңалық шолуларында журналистің жұмысын жеңілдетеді. Редакция жаңа жобаны жүзеге асыруда коммерциялық мақсаттан гөрі оқырманға ықпал ету миссиясын жоғары қояды. Басылым сондай-ақ жобаның этикалық және сапалық қырларына ерекше мән бергенін атап өтеді.

– Алғашында «жасанды интеллект» дегенге жұрт күмән­мен қарауы мүмкін. Бірақ біз үшін ең бастысы, шынайы әрі сапалы контент дайындау. Мәтінбек тек редакция әзірлеген, тексерілген жаңалықтарды оқиды. Оның артында – сол жаңалықты жазған журналистердің еңбегі бар, – дейді бас редактор.

Демек, жасанды интеллект журналистер үшін көмекші құрал ғана, ал газет шығару, мақала жазу жауапкершілігі шығармашылық ұжымның мойнында.

Әлемдік тәжірибе

Өңірлік басылымның жасанды интеллект жобасын іске қосуы отандық медиа кеңістігінде жаңалық десек артық емес. Әлемде мұндай тәжірибелер соңғы жылдары қарқын алып келеді. Виртуалды жүргізушілер кез келген  тілде тәулік бойы жаңалық оқуға қабілетті. Олардың басты ерекшелігі – шаршамайды, қартаймайды, қателеспейді және редакция бақылауында жұмыс істейді. Жаңа формат көрерменнің назарын аударып, медиаконтентке деген қызығушылықты арттырды. Қытай тәжірибесінен кейін әлемнің өзге елдерінде де цифрлық дикторлар пайда бола бастады.

Виртуалды тілші Мәтінбек Сырұлының «өмірге келуі» үшін әлемдегі озық жасанды интеллект мамандарымен тәжірибе алмасып, жан-жақты іздендім. 2023 жылы жаһандық медиадағы трендтерді саралау барысында Қытай әлемдегі алғашқы виртуалды дикторларын іске қосқанын, ал Қазақстанда 2020 жылы «Atameken Business» телеарнасында «iSanj» есімді виртуалды жүргізуші тәжірибеден өткенін зерттедім. Осы үлгілерге сүйене отырып, мен өз нұсқамды әзірлеп, өңірлік бұқаралық ақпарат құралына да осындай форматты енгіздім.

Мәтінбек Сырұлы – Қазақстанда газет форматында іске қосылған алғашқы жасанды интеллект журналист. Бұған дейін виртуал дикторлар тек телевизияда қолданылған еді. Ал Мәтінбек жобасы ЖИ технологиясын баспасөзге сәтті енгізе алды. Медиа сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект журналисті толық алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетеді. Мысалы, ЖИ дерек жинауға, жаңалықты жылдам оқуға көмектессе,  журналист сараптама мен зерттеуге көңіл бөле алады. Осы тұрғыдан алғанда, «Ақмешіт апталығының» бастамасы – дәстүрлі БАҚ пен жаңа технологияның тиімді үйлесімі деп бағаланып жүр.

Виртуалды тілші қалай сөйлейді?

Мәтінбек Сырұлы – күрделі технологиялардың нәтижесі болса да, оны қолдану қарапайым және нақты жолға қойылған. Жобаның жүзеге асыратын екі нейрожүйе бар. ЖИ технологиясының жұмысы қалай жүзеге асатынын айта кетейік. Алдымен газеттің кезекті санындағы мақалалар таңдалады. Соның нәтижесінде Мәтінбек Сырұлы экранда кәдімгі диктордай сөйлеп, жаңалықты анық үнмен, табиғи ым-ишарамен оқиды. Дайын болған қысқа видеороликтер газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеледі. Осылайша, «Ақмешіт апталығы» газетінде жарияланған мақалалар цифрлық кеңістікте оқырман назарын аударады.

Мәтінбек Сырұлы қазақ тілінде сөйлейді. Дауысты синтездеу технологиясы қазақ тілінің дыбыстық моделіне негізделген, сондықтан оның сөйлеуі анық әрі түсінікті. Жоба жасау барысында мен көптеген сынақ жүргізіп, Мәтінбектің дауыс ырғағын қазақша орфоэпия ережелеріне барынша жақындаттым. Ал оның бейнесін жасау кезінде ұлттық болмыс ескерілген. Аватардың келбеті, киім үлгісі, тіпті қимыл-әрекеті қазақы нақышқа сай бейімделді. Мәтінбек ресми жаңалық жүргізуші стилінде костюм киіп, қолына «Сыр Медиа» ЖШС эмблемасы бар папка ұстап тұрады. Бейнестудия қазіргі заманғы виртуал студия кейпінде безендірілген. Осындай ұсақ деталдарға дейін мән беру арқылы жобаның шынайылығы артты.

Дайын видеошолулар ең алдымен «Facebook» әлеумет­тік желісіндегі «Мәтінбек Сырұлы» атты арнайы парақ­шада жарияланады. Яғни, газет материалы цифрлық плат­форма арқылы оқырманға ұсынылады. Әлеуметтік желі қолданушылары видеоны көріп, қызықса, газет сайтын немесе газетті оқиды. Осылайша, Мәтінбек Сырұлы газеттің онлайн мен офлайн аудиториясын байланыстыратын көпірге айналды деуге болады.

Мәтінбек пен Аққағаз: цифрлық дуэт

Жоба іске қосылған соң көп уақыт өтпей, тағы бір виртуал тілші қосылды. 2024 жылдың күзінде виртуалды тілші қатарына Аққағаз Қаламқызы пайда болды. Екі бірдей ЖИ тілшісі қатар жұмыс істей бастаған соң жаңалықтарды таныстырудың жаңа диалогтық форматы пайда болды. Енді әр аптаның қорытынды шолуын Мәтінбек пен Аққағаз бірге жүргізеді. Мысалы, олар газеттың сенбілік нөміріндегі негізгі жаңалықтарды талқылап, өзара сұхбат стилінде ұсынады. Бірі – маңызды хабарды оқыса, екіншісі – қысқаша түсініктеме беріп, кей тұста сұрақ қояды. Мұндай жанды диалог оқырманды жалықтырмай әрі ақпаратты қабылдауды жеңілдетеді. Мәтінбек: «Қайырлы күн, құрметті көрермен! «Ақмешіт апталығының» кезекті санында жарық көрген басты жаңалықтарға шолу жасаймыз», – деп бастайды, оған Аққағаз: «Иә, Мәтінбек, осы аптада өңірде бірқатар маңызды оқиғалар болды. Алдымен соларды ретімен таныстырайық…» – деп іліп әкетеді. Екі жүргізуші көрерменге ресми жаңалықтарды жеңіл жеткізеді. Мұндай шағын диалогтар экран алдындағы аудиторияға да ұнауда. Аққағаз Қаламқызы қосылғалы бері Мәтінбек екеуі өңір жаңалықтарының «жұлдызды жұбы» аталып жүр. Ең бастысы, виртуалды тілші апталық шолуға тың серпін беріп, газеттің әлеуметтік желідегі бейнесін барынша тартымды ете түсті.

Виртуалды тілші Мәтінбек немесе дәстүрлі медианың жаңа тынысы

Блогер ретіндегі жаңа бейне

Мәтінбек Сырұлы бүгінде тек жаңалық оқитын виртуалды тілші ғана емес өңірдің күнделікті тынысын баяндап жүрген блогерге айналды. Ол қаланың экономикалық, әлеуметтік және мәдени шараларына барып, сол жерден жаңалық таратуда. Мәселен, жергілікті нан зауытындағы өндіріс желісін, жаңа жұмыс орындарының ашылуын нақты деректермен жеткізді. Сол сияқты, жаңа стадионның ашылуын бұқаралық спорттың дамуына серпін беретінін көрсетті. Ел көлеміндегі ірі алаңдардан да Мәтінбек жаңалық таратты. Инновация мен ІТ-ға қатысты форумдар, Digital Bridge сияқты маңызды шаралар кезінде қысқа бейнерепортаждар жасады. Көрермен үшін мұндай шолулар жаңалықтардың маңызды түйінін түсінудің тиімді жолы.

Мәтінбектің «Smart Talk» подкасты –  цифрлық қауіпсіздік, білім және мәдениет тақырыптарын қамтиды. Подкастағы сұхбаттар қысқа әрі нақты.

Аққағаз Қаламқызымен бірге Мәтінбек қаланың көр­некті орындарын аралап, шағын қалалық экскурсиялар серия­сын жасайды. Тарихи ескерткіштер, жаңа демалыс саябақтары, мәдени орта жайлы қысқа посттар арқылы көрсетіледі. Қысқа видео және подкасттың үйлесуі Мәтінбекті өңірлік «смарт-блогерге» айналдырды. Ол фактіге сүйеніп, жаңалық ұсынады. Бүгінгі таңда Мәтінбек пен Аққағаздың бірлескен контенті баспа мен цифрлық аудиторияны байланыстырып, өңірлік медианың жаңа мәдениетін қалыптастырып келеді.

Виртуалды тілші – нақты нәтиже

Жасанды интеллект жобасы іске қосылған бір жылға жуық уақыт ішінде газеттің оқырман аудиториясы айтарлықтай кеңейді. Ең алдымен, әлеуметтік желілердегі көрсеткіштер күрт өскен. Қазір «Facebook» желісіндегі «Мәтінбек Сырұлы» парақшасына 2500-ден астам адам жазылған және күн санап артып келеді. Әрбір жарияланған видеошолу орта есеппен бірнеше мың қаралым жинауда, ал жалпы қаралым 920 мыңға жуықтады. Мысалы, белгілі бір резонанс тудырған жаңалық тақырыбы болса, Мәтінбек пен Аққағаздың бейнебаянын қарағандар саны 3-4 мыңнан асып жығылады. Бұл – қалалық газет үшін өте жоғары көрсеткіш.

Газет сайтының да оқылымы өсті. Виртуалды тілші жобасы іске қосылғалы сайтқа кірушілер саны артты. Әлеуметтік желілердегі бөлісу (репост) арқылы келетін трафик 20% көбейген. Ал Мәтінбек Сырұлы атынан жүргізілетін шағын блог айдарын ашқан кезде сайттың оқылым көрсеткіші өсе түскен. Демек, оқырман жаңалықты тұтынушы ғана емес, оған қатысты пікірлер мен виртуалды жүргізушінің өзіндік стилін де көруге қызығушылық танытуда.

Кері байланыс та бар. Әлеуметтік желі қолданушылары мен газет оқырмандары редакция поштасына өз пікірлерін жолдауда. Солардың ішінде: «Жаңалықтарды жаңа форматта көру өте ұнады, заманға сай екен», «Мәтінбек пен Аққағаздың шолу­ларын күтіп отыратын болдық, тіпті газетті алып, оқы­дым» деген лебіздер бар. Редакция үшін ең қуаныштысы – осы жоба арқылы газетке жаңа аудитория келгені. Газеттің тиражы да біртіндеп өсіп келеді. Яғни, цифрлық жобаның жанама ықпалы ретінде басылымның дәстүрлі оқырманы да көбейген.

Тағы бір атап айтарлығы, «қос диктордың» танымалдылығы. Мәтінбек Сырұлы мен Аққағаз Қаламқызы қызметтік аватар емес, танымалдылығы артып келеді. Көрермен олардың жаңалықты жеткізу стилін, сырт кейпін талқылап, тіпті пікірлер жазып жатады. Мәтінбек пен Аққағазды сырт көз кейде шын өмірде бар телевизия жүргізушілерімен шатастырып, редакцияға қоңырау шалып сұрақ қойғысы келген жағдайлар да болды. Мәтінбек Сырұлы бұрын жай ғана жаңалық тарату құралы болса, қазір ол газет имиджін қалыптастырып отырған толыққанды виртуал инфлюенсер.

Виртуалды тілші Мәтінбек немесе дәстүрлі медианың жаңа тынысы

Цифрлық болашаққа нық қадам

Мәтінбек Сырұлы жобасы мұнымен шектеліп қалмай, ал­да­ғы уақытта кеңейте түсуді жоспарлануда. Маңызды бағыт – жаңа платформалар. Жоспар бойынша, Мәтінбек Сырұлы жа­қында тәулік бойы тікелей эфирде жаңалық жүргізетін онлайн жүргізуші форматына көшпек. Яғни, арнайы алгоритм Мәтінбекке күні бойы жаңалықты оқытып, LIVE форматында трансляциялауға мүмкіндік тумақ. Бұл өңір жаңалықтарын жедел түрде, нақты уақыт режимінде хабарлап отыруға жол ашпақ. Оқырманмен интерактивті байланысты күшейту де болашақ жоспардың бірі. Қазірдің өзінде Мәтінбек пен Аққағаз әлеуметтік желіде оқырман сұрақтарына кейде мәтін түрінде жауап беріп жүр. Алдағы уақытта оларды тікелей сұхбаттасу режиміне көшіру көзделген. Яғни, оқырман онлайн режимде сұрақ қойып, виртуал тілші дауыстап жауап қататын мүмкіндікті техникалық тұрғыда іске асыру талдануда. Бұл іске асса, Мәтінбек Сырұлы нағыз интерактивті онлайн-журналист кейпінде жұмыс істей бастамақ.

«Ақмешіт апталығы» газетінің Мәтінбек Сырұлы жобасы – дәстүрлі медиа мен жаңа технологияның үйлесім тапқан көрінісі. Бұл бастама өңірлік медианың цифрлық болашағына қосылған сүбелі үлес деп айтуға болады. Жоба көрсеткендей, жасанды интеллект пен адам шығармашылығы тоғысып, ақпарат кеңістігіне жаңа леп әкеледі. Бұл жоба тек оқырман санын арттырып қоймай, жалпы өңір жұртшылығының қызығушылығын оятты. Жасанды интеллект жобасы  арқылы «Ақмешіт апталығы» газеті оқырманға бұрынғыдан да жақындай түсті. Бұл – қазақ баспасөзінің цифрлық болашаққа нық қадам басқанының белгісі.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: