Сенбі, 04 қазан, 18:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

Жасанды интеллект шығармашылық үдерісті қалай өзгертуде

04.10.2025

45 0

Фото: securelist.ru

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумында «Креатив индустриялардағы жасанды интеллект: өнер, музыка және баяндау жаңа қырынан» атты панельдік сессия өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форумда цифрлық суретші әрі режиссер Юлдус Бахтиозина өз тәжірибесімен бөлісті.

Суретшінің айтуынша, жасанды интеллект бүгінде кез келген шығармашыл адам үшін қолжетімді құралға айналды. Ол авторға қысқа мерзім ішінде өзіндік стиль қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, мүсінші өз қолтаңбасын қалыптастыру үшін 25 жыл еңбектеніп, 45 жасқа келгенде ғана дара стилін табуы мүмкін. Ал жасанды интеллект көмегімен күнделікті жұмыс істей отырып, үш айдың ішінде өзіндік бағыт қалыптастыруға болады. Осындай қолжетімділік жаңа буын суретшілердің көбеюіне әсер етті, бірақ бұл ортада ақырында ең мықтылары ғана сақталып қалады, – деді Бахтиозина.

Оның айтуынша, дәстүрлі өнердің маңызы әлі де зор – коллекционерлер әлі күнге дейін қолөнер бұйымдарын, кесте мен пленкалық жұмыстарды сатып алудан бас тартқан жоқ. Дегенмен цифрлық өнер жаңа мүмкіндіктер ұсынады — мысалы, көрерменмен өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін генеративті инсталляциялар мен гибридті фильмдер форматы кеңінен тарауда.

Қазір Юлдус Бахтиозина нейрожелілермен жасалған визуалды шешімдер мен тірі түсірілімді біріктіретін гибридті фильм жобасымен айналысып жатыр.

Мен үшін жасанды интеллект – бұл ұжымдық бейсаналық. Ғасырлар бойы суретшілерді шабыттандырған бейнелер мен ойлар енді цифрлық кеңістікте жинақталып отыр. Біз сол ортадан жаңа идеялар мен формаларды ала аламыз, – деп түсіндірді режиссер.

Бахтиозина сонымен бірге өзінің білім беру бастамалары туралы айтты: ол жыл сайын халықаралық курс өткізеді және суретшілерге арналған нейрожелілермен жұмыс істеу бойынша вебинарлар ұйымдастырады.

Панель барысында авторлық құқық, студенттердің мүмкіндіктері мен жасанды интеллекттегі гендерлік стереотиптер де талқыланды. Суретші кей кездері оның еңбегін «техникалық топтың жұмысы» деп қате қабылдаған жағдайлар болғанын мойындады. Дегенмен, ол өз студенттері арасында әйелдердің үлесі ерлерден көп екенін атап өтті.

Бұл – тек ерлерге тән сала емес. Қыздар промт жазудың қарапайым формулаларын меңгеріп, тұрақты түрде тәжірибе жинақтаса, өте жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Мұнда мәселе жыныста емес, құралды игере білуде, – деді ол.

Сессия соңында көрермендер цифрлық өнердің болашағы, ЖИ-дің киноиндустриядағы мүмкіндіктері және студенттердің шағын бюджетпен жобалар жасау тәсілдері туралы сұрақтар қойды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: