Жасанды интеллект жасаған видео мен фотоларды қалай ажыратуға болады? Ерін қозғалысы, жарық, дыбыс, фон мен ұсақ бөлшектерге назар аударып, шынайы және жалған контентті анықтаудың тиімді тәсілдері туралы назарларыңызға BAQ.KZ тілшісі толық нұсқаулық ұсынады.
Қазір жасанды интеллект кез келген адамды сөйлетіп, жүгіртіп, күлдіртіп қоя алады. Тіпті көзге шынайы көрінетін видео мен фотолардың өзі ЖИ арқылы жасалған болуы мүмкін. Дегенмен мұндай контенттің қолдан жасалғанын байқауға болатын бірқатар белгілер бар.
ЖИ жасаған видеоны қалай тануға болады?
1. Бет пен ауыз қозғалысы үйлеспейді
Кейде адам сөйлеп тұрғанда ерін қимылы айтылған сөзбен аздап сәйкес келмейді. Видеоны баяу жылжытып қарасаңыз, бір-екі кадр айырмашылығы байқалады.
2. Көз жыпылықтауы табиғи емес
ЖИ көбіне көзді сирек немесе біркелкі жыпылықтатады. Ал шынайы адамда көздің қозғалысы әр секунд сайын өзгеріп тұрады.
3. Жарық пен көлеңке қисынсыз
Бетке түсетін жарықтың бағыты мен фондағы көлеңке сәйкес келмесе, видеоның жасандылығына күмәндануға болады. ЖИ-генераторлар көбіне жарықты дұрыс “есептей” алмайды.
4. Дыбыс эмоциясыз немесе тегіс болады
ЖИ дауысы көбіне тым “таза”, фондық шу мен табиғи дем шығару естілмейді. Ал шынайы жазбада микрофон, бөлме жаңғырығы, фондағы дыбыстар байқалып тұрады.
5. Контекст пен дереккөзді тексер
Видео қайдан шыққанын, кім жариялағанын, қандай БАҚ немесе аккаунт растағанын міндетті түрде қарау керек.
Күмәнді видеоны тексеруге арналған құралдар:
“Deepfake detector”, “Reality Defender”, “AI or Not” сияқты тегін онлайн-сервистер арқылы бейнематериалдың жасандылығын анықтауға болады.
ЖИ жасаған фотоларды қалай тануға болады?
Қазір жасанды интеллект жасаған фотолар шынайы суреттен айырып болмайтындай болып кетті. Алайда мұқият қарасаңыз, бәрібір “жасандылықтың іздері” байқалады.
1. Қол мен саусақтар
Бұл – ең айқын белгі. Кейде саусақ саны артық, бірігіп кеткен немесе табиғи емес иіледі. ЖИ әлі де адамның қолын дәл бейнелей алмайды.
2. Құлақ, көз, тіс сияқты ұсақ бөлшектер
Кейіпкердің екі құлағы бірдей болмайды, көз бағыты әртүрлі, ал тістері тым біркелкі көрінеді. ЖИ үшін симметрия мен ұсақ бөлшектер – ең қиын элемент.
3. Тым мінсіз, симметриялы бет
Нағыз адамның беті 100% симметриялы болмайды. Ал ЖИ жасаған суреттерде бет, мұрын, көз, қас бәрі “идеал” орналасады. Тері тым тегіс, жарық біркелкі түседі – бұл да жасандылықтың белгісі.
4. Фондағы жазулар мен белгілер
Артқы фондағы жазулар мен логотиптер жиі бұрмаланып кетеді: әріптер қисық, орын ауыстырған немесе оқылмайтын болып көрінеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!