Жұма, 15 қараша, 21:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

22 жауынгер мерт болды

17.07.2021

1607 0

АҚШ Президенті Джо Байден Ауғанстан жерінен өз сарбаз­дарын алып шығу туралы шешім қабылдаған сәттен бастап жағ­дай ушыға бастады. Басылым беттерінде талибандар қайтадан Ауғанстанды жаулап аулу мақсатында ел ішінде соғыс бастағаны туралы материалдар қаптап кетті. Сондай жағдайдың бірі туралы, талибандардың құрбаны болған ауғанстандық арнайы жасақтың 22 сарбазын атып тастағаны жайлы «CNN» арнасының тілшілері Анна Корен мен Санди Судху мақала жариялады. «Талибан содырлары Ауғанстанның 22 сарбазын ату жазасына кесті» деген тақырыпта жазылған материалда журналистер бейнетаспаға түсіріл­ген сәтті талдап, жауаптылардан оқиғаның мән-жайын сұраған.

Бейнетаспада содырлардың «Беріліңдер!» – деген сөзінен кейін сарбаздардың қолын көтеріп шығып келе жатқанын көруге болады. Сарбаздың қаруланбағаны бейнеден анық байқалады. Соған қарамастан оларға оқ атылып, қас-қағым сәтте барлығы мерт болды. Қаза тапқандардың барлығы ауғанстандық арнайы жасақ сарбаздары. Бұл оқиға 16 маусымда Ауғанстаннның Фараб провинциясындағы Давлат Абад қаласында болған. Арна бірнеше бейнематериалды тексеріп, оқиғаның куәгерлерімен тілдескен.

Бейнетаспадан оқиғаның сол қаладағы базарлардың бірінде болғаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, қаланы босату мақсатында жасалған арнайы операция кезінде жасақтың оқ-дәрісі таусылып, талибандардың қоршауында қалған.

Видеода сондай-ақ жергілікті тұрғынның ауған тілінде «Өтінемін, оларды атпаңдар» деген сөзі естіледі. Одан бөлек тағы бір адам «Пуштундар, сендер қалай ауғандарды өлтіресіңдер?» деп айтқан. Пуштун – Ауғанстандағы негізгі этникалық топ.

Барлық сарбаз мерт болған соң бір талибанның «Барлығын шешіп алыңдар» деген сөзінен кейін сарбаздардың үстіндегі бронежилеттерді шешіп алады.

 «CNN» арнасы бұл оқиға талибандардың «Сарбаздар берілсе, біз оларды туған жерлеріне жібереміз, ол үшін ақша да береміз. Өйткені бізге соғыс емес Ауғанстанның жері керек» деген сөзіне қарама-қайшы келеді деп бағалады.

Осы оқиғадан үш күннен кейін талибандар әскери көлік пен қару-жарақты иемденіп алған видео жариялаған. Талибандардың айтуынша, олар вашингтондық арнайы күзет пен ЦРУ-дың жасағын басып алған.

Ал «CNN» талқылаған бейнематериалды талибандар жоққа шығарып, бейне дәлелдерді ойдан шығарды деп айыптаған. Талибан өкілі «Хабарламада Фараб провинциясындағы операция кезінде 22 сарбаз қаза тапқаны көрсетілген. Бірақ бұл басқа оқиғадағы кадрлармен біріктірілген жалған көрініс», – деп мәлімдеген. Олардың айтуынша, «ИГИЛ» өкілдерінің бұрынғы бейнетаспалары Ислам әмірлігінің моджахедтері жасаған іс деп айып тағылуда екен.

Ауғанстан қорғаныс министрлігінің өкілі арнаға берген мәлім­демесінде талибандар әрдайым сарбаздарды ату жазасына кесетінін айтқан. «Олар сарбаздарды да, жазықсыз тұрғындарды да өлтіреді. Кадрдан қолын көтеріп берілген сарбаздарды өлтіргендері анық байқалады», – дейді министрлік өкілі Фавад Аман.

«Amnesty International UK» құқық қорғау ұйымы бұл оқиғаны әскери қылмыс деп таныған. «Бұл кадрлар жұртты шошытып, Ауғанстанда өршіп тұрған жағдайдан ашық көрініс береді. Біз берілген сарбаздарды салқынқанды түрде өлтірудің – әскери қылмыстың куәсі болып отырмыз», – деді ұйым өкілі.

Ал осы ұйымның Азиядағы өкілі Самира Хамиди талибандардың «мұндай іске бармаймыз» деген мәлімдемесін жоққа шығаратынын алға тартқан. Ол өз сөзінде Ауғанстан билігіне оқиғаның мән-жайын анықтау керектігін немесе халықаралық қылмыстық соттың іске кірісу керектігін айтқан.

Арна бейнеге түсірілген оқиғаның растығын анықтау үшін Давлат Абад тұрғындарынан пікір де алған. Бір тұрғын арнайы жасақ қалаға бірнеше танкпен келгенін, екі сағаттық ұрыстан соң оқтары таусылып, әуеден қолдау көрсетілмегенін айтқан. «Жасақты талибандар қоршауға алды. Барлығын сыртқа шығарып атып тастады», – дейді куәгер. Базардағы бір дүкеннің иесі де арнайы жасақ атысты тоқтатып, өз еркімен берілсе де оқтың астында қалғанын айтқан.

Жергілікті билік өкілдері қалаға арнайы жасақты дайындықсыз және авиациялық қолдаусыз жібергеніне наразы. Провинция кеңесінің өкілі Абдул Ахад Айлбек «жасақ бұл қаланы, қаладағы содырларды да білмеген», – дейді.

Америка президенті Джо Байденнің «11 қыркүйекке дейін Ауғанстан жерінен барлық сарбаз шығады» деген мәлімдесінен кейін басталған талибандармен қақтығыс кесірінен қазіргі таңда мыңдаған бейбіт азаматтар қоныс аударуда. Ал талибандар 200-ден астам ауданды басып алғанын, әсіресе, солтүстік пен солтүстік-батысты иемденгенін мәлімдеген. Көп ауданда оларға қарсы күш те көрсетілмеген.

Дүйсенбіде талибандар «Мыңдаған адам Ислам әмірлігінің кең құшағына еніп, сарбаз атанды» деген мәлімдеме жасаған.

Ауғанстан жерін бақылап отырған «Long War Journal» 212 округ талибандар бақылауында, 76 аудан билікте және 119 елді мекен үшін әлі де күрес жалғасып жатқанын жазған. АҚШ-та дайындықтан өткен ауғанстандық жасақтың 11000 сарбаз бар екен. Бірақ талибандар әр жақтан шабуыл жасап жатқандықтан олар әркелкі орналасқан. Енді әуе қолдауынсыз және АҚШ-тың барлауынсыз олардың миссиясы одан сайын қиындады деп жазады арна тілшілері.

Абдул Ахад Айлбек «Қазіргі талибандар мен бұрынғы талибандардың еш айырмашылығы жоқ. Олар адам бостандығы деген ұғымды білмейді», – деп мәлімдеді.

Ал Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Хамдулла Мохиб «Біз олардың алдында тізе бүкпейміз» деген сөзімен халықтың көңіліне сенім ұялатуда. Дүйсенбіде жасаған мәлімдемесінде талибандардың билікті ала алмайтынын және ауған халқы елін сақтап қалатынын айтқан.

Давлат Абадтағы оқиға жайын сұрағанда, көп оқиға әуе қолдауы болмағаннан орын алғанын алға тартқан. «Шындығында қалада талибан басым болып, әуе қолдауы болмағасын және оқтың таусылуынан сарбаздар қаза тапты», – дейді ол.

Талибандар «Шетелдік сарбаздар елді босатса тыныштық орнайды» деп мәлімдеген. Бірақ тілшілер сұхбаттасқан кей тұрғындар бұл сөзге сенбейді. Олардың айтуынша, талибандар басып алғалы қыз балалар мектепке бармай жүр. Ал әйелдер көшеге тек күйеулерімен ғана шыға алады екен. Енді бір тұрғын көбісі қаладан көшіп кеткенін айтып, талибандарға өз ойын айтқан: «Біздің дініміз бір, біз бауырлармыз. Неге бауырларыңды өлтіріп жатсыңдар? Бірге отырып осы туралы бізбен сөйлесіңдер», – дейді ол.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: