Коронавирус індетінің әлемдік сипат алғанына да жылдан асты. Алғашында дүрліккен елдер уақыт өте қорғанудың қамын жасап, тойтарудың тәсілін табуға тырысқан. Қоғамдық-көпшілік орындарды уақытша жабу, сақтық шарасын сақтау, вакцина егу секілді шаралар қабылданып, халықаралық, елішілік көлік қатынастары тоқтаған еді. Алайда мұндай қадамдарға қарамастан коронавирусты толық жоюға мүмкіндік болмай отыр. Өшірген сайын өршіп, түрленген үстіне түрленуде. Тіпті кей мемлекеттер вирустың үшінші толқынын бастан өткеріп, қоғамда толқу туған. Соның бір мысалы – Франция. Жақында мемлекет президенті Эммануэль Макрон ел көлемінде жаңа шектеулер енгізу қажетін айтып, үндеу жасады. Еуропадағы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктің жарымы тиесілі қуатты мемлекеттің бұлайша қауіптенуін ғаламдық БАҚ та назардан тыс қалдырмауда. Осы орайда «The Wall Street Journal» басылымы бейсенбілік нөмірге Мэтью Далтонның «Макрон жаңа локдаун енгізуді ұсынды» атты мақаласын жариялады.
Мақалада Франциядағы эпидахуал, президенттің жағдайға берген бағасы мен алдағы жоспары және қоғамдық пікір қамтылған.
«Франция президенті Эммануэль Макрон сәрсенбіде ұлттық шектеу шарасын енгізетінін және келер аптадан бастап кәсіпкерлік нысандар мен мектептердің жабылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекет басшысы үкіметтің вируспен күрестегі салғырттығын сынға алып, қоғамның наразы екенін жеткізген. Елисей сарайында (Франция президентінің ресми резиденциясы -ауд.) айтылған әңгімеден аңғаратынымыз, Covid-19 вирусымен күрестің жаңа бағыты айқындалып, жұқтырған адамдар санын азайтуға тың әдістер қолданылатын болды. Себебі соңғы айда елдегі эпидемиялық ахуал қайта өршіп, науқастар саны артқан. Макрон өз сөзінде: «Егер жағдай өздігінен жақсарады десек, жалған болар еді» деп, іске асқан жауапкершілік қажетін және құзырлы органдардың жұмыла күш салуы керегін меңзеді. Оған қоса инфекциялық ауруханалардағы орынды 10000 төсек-орындыққа дейін жеткізу жоспарланған ».
Індеттің ушығуы жалғыз «кәрі құрлықпен» қатар әлем халқын алаңдатып, ішкі-сыртқы қорғанысты нықтауға итермеледі. Болмысынан сақ француздықтардың мұнша даурығуы да тегін емес. Көршілерінің ахуалын қоспағанда, туризмнің өзі қарсы күшке айналуда. Сырттан келетін қонақтар вирус әкеліп, тасымалдаушы болуы мүмкін. Содан болар, Макрон айтқан шектеулер алдымен ел астансында – Парижде бекітіліп, артынша індеттен ең көп зардап шеккен аймақтарда қолданылатын болады. Жалпы шектеулер өткен аптада басталып, төрт аптаға созылса, мектептер дүйсенбіде үш аптаға жабылды. Мектеп демекші, Франция президенті мектептердегі көктемгі демалыстан қосылу мерзімін кейінге шегеретінінін айтты. Бірақ нақты қанша уақытқа шегеретіні белгісіз. Тек анығы, бастауыш сынып оқушылары демалыстан соң сабаққа қосылатын болады. Ал орта және жоғары сынып оқушылары демалыс біткен соң бір аптадан кейін барып дәстүрлі оқуға көшеді.
«Жыл бұрынғы пандемиямен салыстырғанда бұл жолы халық арнайы рұқсат қағаз алып жүруге міндеттелмейді. Франциядағы шектеу шаралары экономикаға зардап тигізбеуге барынша тырысуда. Мәселен, Германия секілді Еуропа елдері бір ай бұрын мектептерді жапса, Франция бұл қадамға енді кірісті. Тіпті наурыз айында қатаң шектеуді жеңілдету басталған болатын. Сондықтан қоғам пікірі де екіге жарылған. Бірі үкімет қаулысын дұрыс десе, енді бірі шектеудің оң әсері боларына сенімсіз. Сальпетриер емханасының дәрігері Жильбер Дере басылымға берген пікірінде: «Желтоқсан, қаңтар айларында болған карантиннің қазіргі талаптан айырмашылығы жоқ» деген болатын. Тағы бір тұрғын: «Кәсіпкерлерге шектеу зиян келтіреді, табыс ортаяды». Бұдан аңғаратынымыз, француздар нәтижесіз карантин жазға дейін созылып, туризм индустриясына кедергі келтіре ме деп қауіптенеді. Сондай-ақ Макрон мырза AstraZeneca PLC вакцинасының тасымал ақауына байланысты толық егуге қол жетпегенін де айттты. Франциялықтардың 12 проценті ғана аталған вакцинаны алған болса, Ла-Манш бұғазының арғы бетіндегі халықтың (Ұлыбритания -ауд.) 45 проценті вакцинаны иеленіп үлгерген екен. Өткен жексенбіде Лондон коронавирустан қайтыс болған азаматтарының көрсеткішін нөлге жеткізді. Яғни өткен аптада адам шығыны болмаған».
Макрон билігі қазір індетпен ғана емес, халық сенімін қайтару жолында да жұмыс істеуде. Мақалада автор президенттің ресми үндеу жасап, үкіметті сынауы «ел алдындағы ұпайға амал қылуы» деген болжам айтады. Себебі, келер жылы болатын президент сайлауы жақындаған сайын халық қазіргі президенттің атқарған ісіне баға беруге тырысады. Мамандар өткен сайлауда 66 процентпен алға шыққан ел басшысы келер жылы 53 проценттен артық қолдау таппайды деп межелеуде. Мәселен, сәрсенбіде Францияның IFOP қоғамдық пікір институты халық арасында сауалнама жүргізіпті. Онда Макронның рейтингі 40 процентке құлдыраған болса, сауалнамаға қатысушылардың 60 проценті қаңтардан бастап карантин талабын күшейтілмегеніне наразылық білдіріп, президент қателік жасады деп отыр. Бір қызығы, Макронның карантинді күшейту керек деген үндеуі де іле-шала сәрсенбіде өткізілген еді.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Ерсін ШАМШАДИН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!