9 – қазан Дүниежүзілік пошта күні. Бүгінде хат-хабар алмасу заманауи мессенджерлер арқылы жүзеге асырылып жатқанымен, пошта қызметі тұралаған жоқ. Онлайн сауда тұсында сәлемдемелерді тасымалдап, пошта қызметінің бойына қайта қан жүгірді. Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін халықаралық пошташылардың төл мерекесінде ақпарат алмасудың, сәлем-сауқат таратудың қайнар көзіне қатысты тарихи әрі қызықты деректерді ұсынамыз, деп жазады Egemen.kz.
Пошташылардың төл мерекесі Дүниежүзілік пошта одағы 14-ші конгресінің шешімімен одақтың 1874 жылы 9 – қазан құрылуына орай атап өтіледі.
Алғашқы Бас пошта одағы Германияның Бьерне қаласында 22 елдің өкілдерінің мүшелігімен негізі қаланған. 1878 жылы одақ атауын Дүниежүзілік пошта одағы деп өзгерткен. Бүгінде бұл одаққа 189 мемлекет мүше. Ал Қазақстан одақ құрамына 1992 жылы кірген.
Дүниежүзілік пошта одағы әртүрлі ауқымдағы фирмаларға клиенттерді іздеп табуға және олардың сұраныстарына жауап беруге қолғабыс етеді.
Хат-хабарды қалдыруға арналған пошта жәшіктері алғаш болып XVI ғасырда Италияның Флоренция қаласында пайда болған. Бүгінде пошта жәшіктері ел-елдің басым бөліктеріне орналастырылып, ғаламдағы барлық пошта бөлімі арқылы 1 минутта шамамен 5 миллион хат жөнелтіледі екен.
Қазақстан аумағында алғашқы пошта бөлімі Верный, қазіргі Алматы қаласында 1860 жылы есігін ашқан.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе облысында ең көп пошталық және курьерлік қызмет көрсетілген.
Елімізде пошташылар бір ауысымда 12 шақырымдай жаяу жол еңсеріп, 10 келіге дейінгі сәлем-сауқат жиналған сөмкені арқалайды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!