Жұма, 11 қазан, 08:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Арна қылмыстың бетін ашты

07.11.2021

1937 0

CNN арнасы компанияның атын жалған пайдаланған және қолданылған қолғаптарды сатқан компанияға тексеріс жүргізіп, мақала жариялаған соң таиландтық полиция компания­ның бас директорын қамауға алған. Тайландтың Орталық тергеу бюросы (СІВ) арнаға «SkyMed» компаниясының директоры және бұрынғы жоғары дәрежелі офицер Кампи Кампираяннон сот бұйрығынан кейін қамауға алынғанын хабарлаған. Тайланд полициясының хабарлауынша, ол қоғамдық алаяқтық пен жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылмақ.

Ал бұл іске CNN арнасының қатысы жайлы, компания директорының жауапқа тартылуының негізгі себебі туралы арна тілшілері Тим Листер, Скотт Маклин мен Флоренс Дэви-Эттли «Бангкок полициясы CNN зерттеуінен кейін тайландтық медициналық қолғап жасайтын компанияның бас директорын қамауға алды» тақырыбында мақала жариялады.

Полицияның хабарлауынша, Кампи арна жүргізген зерттеу нәтижесінде тағылған айыптың барлығын жоққа шығарған. Дегенмен CNN арнасы Кампидың заңгерінің жауабын күтуде.

Сәрсенбіде өткен баспасөз жиынында СІВ «Skymed, Sufficiency Economy City Co. Ltd» компаниясының бас директоры сейсенбі күні қамауға алынғанын мәлімдеген. Жиында СІВ басшысы Джирабхоб Бхуридедж «Біз осындай алаяқтықтың құрбаны болған барлық адамдарды бізге жүгінуге шақырамыз. Себебі эпидемиологиялық ахуалға байланысты медициналық құралдарға деген сұраныстың артуын өз бас пайдасына қарай қолданып жүргендер бар. Олардың барлығы заң алдында жауап беруі тиіс. Оның үстіне олардың бұл ісі медициналық құралдарды заңды түрде жасаған компанияларға зиянын тигізуде», – деген.

Жалпы бұған дейін CNN арнасы америкалық клиенттің шағымы бойынша тайландтық медициналық құрал-жабдық шығаратын компанияларға зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде қолданылған медицина­лық қолғаптарды қайта сатумен айналысатын компа­нияларды анықтаған. СІВ арнаға берген мәліметінде Skymed компаниясын тергеуге АҚШ-тың федералдық барлау қызметі де араласып жатқанын айтқан.

Сондай-ақ СІВ жүргізген алғашқы тергеу нәтиже­сін­де америкалық тапсырыс беруші 2 млн қорап қолғап үшін 6,2 млн доллар төлегенін анықтаған. Дегенмен бұл ақша 2020 жылдың желтоқсан айында Skymed компаниясына 40 проценттік алғашқы төлем ретінде жіберілгендіктен қолғаптар жіберілмегенін анықтаған.

Арна жариялаған зерттеу мақаласынан кейін аз уақыттан соң Тайланд полициясы сапасыз және қолданылған қолғаптарды шетелге жіберген екінші компанияны анықтағанын мәлімдеген. CNN арнасы оған дейін де Майами тұрғыны Тарек Киршен шама­мен 2 млн долларға Paddy the Room атты ком­паниядан медициналық қолғап сатып алғанын, келген қолғаптарда Skymed компаниясының белгісі қойылғанын және олардың кір, қан болғанын жазған.

Өткен жылдың желтоқсан айында азық-түлік пен медициналық жабдықтарды тексеру басқармасы (FDA) Paddy the Room компаниясына тексеріс жүргізіп, онда эмигранттар Skymed компаниясының қолданылған қолғаптарын расымен қайта сатуға дайындап жатқанын әшкерелеген.

Ал өткен аптада арнаға берген сұхбатында Skymed басшысы Кампи арна зерттеу жүргізген қоймадағы қызметкерлер оның компаниясының адамдары емес­тігін айтқан. «Тайландтан шетелге жіберіліп жатқан Skymed таңбасы бар қолғаптардың барлығы біздікі деуге келмейді», – деген ол. Сонымен қатар ол ком­пания 100 млн қорап тапсырыс орында­ғанын, бірақ нақты қай елге жеткізілгенін айтпаған.

Тамыз айында АҚШ-тың азық-түлік пен медици­на­лық жабдықтарды тексеру басқармасы барлық порттарға Sufficiency Economy City Co. Ltd. компаниясы жіберген барлық жүк еш тексерусіз қамауға алынуы керектігін айтқан.

Ал тайландтық FDA қолданылған медициналық қолғаптарды жуып, жалған таңба қойып, қайта сатуға шығарған компанияларды анықтау мақсатында тексе­ріс жүргізіп жатқанын және мұндай алаяқтықтың құрбаны болған америкалықтарды басқармаға жүгінуге шақырған.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: