Жексенбі, 24 қараша, 03:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ата-аналар баласының кіммен сөйлескенін көре алады: Instagram жасөспірімдерге арналған аккаунттар ашпақ

19.09.2024

804 0

Фото: Stan.kz

Instagram жасөспірімдерге арналған аккаунттар ашпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әзірге мұндай жаңа парақшалар АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Аустралияда қолжетімді болады. Өзгерістер алдағы 60 күн ішінде әлеуметтік желіге біртіндеп енгізіледі. Ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап Instagram желісіндегі «жасөспірімдердің аккаунттары» бүкіл әлемде енгізіледі деп жоспарлануда.

Мұндай профильдер 16 жасқа толмаған барлық тіркелушілерде автоматты түрде өзгереді және өзгерістер енгізілгеннен кейін тіркелген 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің барлығы аталмыш жаңа аккаунттарға ие болады. Жасөспірімдердің аккаунттарының барлығы жабық болады. Яғни оларға жазылмаған адамдар олардың контентін көре алмайды және олармен байланыс құра алмайды. Жаңа жазылушылар парақша иесінің мақұлдауынан кейін ғана жазыла алады. Бұл 16 жасқа толмаған барлық жасөспірімдерге қатысты.

Сондай-ақ параметрлерден жасөспірімдерге ұсынылатын контент өзгертіледі. Мысалы, төбелесіп жатқан немесе косметикалық процедураларды насихаттайтын адамдардың видеолар оларға көрсетілмейді. Сонымен қатар түнгі сағат 22:00-ден таңғы 7:00-ге дейін ұйқы режимі қосылады, бұл түнде хабарландыруларды өшіруге және тікелей хабарламаларға автоматты жауаптар жіберуге мүмкіндік береді.

Жасөспірімдер күн сайын 60 минуттан артық отырғаннан кейін қолданбадан шығу туралы хабарландырулар алады. Тағы бір өзгеріс, жасөспірімдерге келетін хабарламалар да сүзгіден өтеді. Instagram «хабарламалардағы жасөспірімдерді қорлайтын сөздер мен сөз тіркестерін тексеруге» уәде берді.

«Жасөспірімдердің аккаунттарын қорғаудың жаңа құралдары жасөспірімдердің желіде кіммен сөйлесетіні, олар қандай контент көріп жатқаны және уақытын қалай өткізетіні сияқты ата-аналардың қорқынышын сейілтуге бағытталған», – делінген Instagram хабарламасында. 

«Ата-ана бақылауын» қосқаннан кейін ата-аналар жасөспірімдердің параметрлерді өзгерту туралы сұрауларын бақылай алады. Сонымен қатар ата-аналар жасөспірімдердің хабарламаларын оқи алмаса да, енді олар баласының соңғы жеті күнде кіммен хат алмасқанын көре алады.

«Ата-аналар бір түймені басу арқылы жасөспірімдерінің түнде немесе белгілі бір уақыт аралығында Instagram желісін пайдалануына тыйым сала алады», – делінген компания хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін БАҚ-та Instagram -ның әрбір қолданушыны тыңдап, әрекетін бақылайтыны туралы ақпарат тараған еді. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: