Дүйсенбі, 25 қараша, 15:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Байден шыққан биік

23.01.2021

1238 0

АҚШ-тағы бірнеше айға созылған президент лауазымына таласты әлем жұртшылығы назардан тыс қалдырмағаны мәлім. Осы аралықта басты бәсекелестер бір-біріне оқыс мәлімдеме, қарсы пікір айтып, тіпті ел тарихында соңғы екі ғасырда болмаған билікті күшпен мойындату әрекетін де жасап бақты. Соңғысы қоғамдық наразылық өртін тұтататын шоққа айналып, нәтижесінде Дональд Трамптың амалсыз сайлау қортындысына көндігуіне әкелді. Осылайша, сәрсенбінің сәтінде Джо Байден ресми түрде АҚШ-тың 46-шы президенті атанып, тізгінді қолына алды. Ресми инаугурация сәтінде ол отбасылық антиквариат – Інжілге қолын қойып, тікелей эфирде ант берген. Осыған орай «The New York Times» газеті басылымның Лондондағы бюро басшысы Марк Лэндлердің «Әлемдік аренада Байденнің салмағы қандай болмақ?» атты мақаласын жариялады.
Автор Байденнің бұған дейінгі лауазымы, әлемдік қауымдастықтарға ықпалы, мемлекет басшыларымен кездесу, қызықты оқиғалар төңірегінде ақпаратпен бөлісіп, жаңа президенттің мінез-құлқы мен экономикалық-саяси шиленісті шешудегі қарым-қабілетіне баға берген. Әрине, мұнда аса бір сыни көзқарас, кәсіби талқы көрінісі кездеспейді. Бұл да болса мемлекет басшысын өзге қырынан көрсетіп, көшбасшының сыртқы аренадағы бет-беделіне мұқият қарайтын елді одан әрі дүрліктірмеуге бағытталған редакция талабы болар деп түйдік. Әйтпесе, Барак Обама тұсында Таяу Шығыс пен Африкада орын алған қантөгісте оның да «қолы таза шықпады» деген пікірлер атылып келген еді. Не дегенмен, аталған жазбаның көлемі мен оқылым саны мақалаға толық шолу жасауды қажет етеді. Сондықтан тілшінің тарқатқысы келген ойын ықшамдап жеткізіп көрейік.
«Вашингтонда Джо Байденнің инаугурациясы өтіп, президент лауазымына қол жеткізді. Президент салтанатты шарада ел бірлігі туралы жиі қайталап: «Өтірік – көп жағдайда билікке жету құралы. Елді, конституцияны қорғаймыз деп уәде берген басшылар сөзінде тұрмады. Біз серіктестермен ара қатынасты нығайтып, бүгінгі және келешек мәселелер төңірегінде әлеммен бітімде боламыз. Бірлік – алға жылжу жолы. Демократия қайта орнады» деп сөйледі. Ант беру салтанатында қауіпсіздік күшейтіліп, Капитолий биігіне пандемиядан зардап шеккен азаматтарға арналған 200 мың АҚШ туы қадалды».
Марк Лэндлер кіріспе бөлімнен соң Байден бастан кешірген Грекияны экономикалық дағдарыстан шығару, мемлекет басшыларымен кездесу оқиғасын баяндауға көшкен. Автордың айтуынша, оншақты жыл бұрын Афинада өткен ресми кездесуде Джо Байден әзіл-шыны аралас мәлімдеме жасаған. Ол лауазымды тұлғалар ортасынан АҚШ-тың қаржы министрін нұсқап: «Таныс болыңыздар, сіздерді құтқарушы осы кісі» деп қалжыңдайды. Жиналғандар оның орынды әзіл мен істі жеңіл жүргізу әдісіне тәнті болып, бір күліседі. Кейіннен, шынымен АҚШ Грекияға қаржылай қолдау білдірген алпауытқа айналған екен.
Осы мазмұндас тағы бірнеше мысал келтіреді. Соның бірі – Париж келісімін қайта жаңғырту, климаттық өзгеріс, саяси жүйені орнықтыру секілді мәселелер. Бұл қиындықтар қылаң бергенде Байден шешімтал тұста сөз тауып, әлемдік қауымдастықтар алдындағы беделін еселей түскен көрінеді.
«Ол БҰҰ-ның Шотландияда өткен климатты сақтау туралы жиынында, өзге де қауымдастықтар ұйымдастырған басқосуда ел абыройын лайықты сақтай алды. Бұл сөзімізге Атлант кеңесінің аға ғылыми қызметкері Эмма Эшфордтың пікірі дәлел бола алады. Ол: «Амбицияға толы ішкі саяси мақсат Байденді жетістікке жетеледі. Сондай-ақ президенттің Қытай, Ресей секілді автократиялық елдердегі адам құқығын қорғауға мүдделі болуы әлемді қуантты» деген еді. Расында, Байденнің мақсатшыл да талапшылдығы әріптестеріне белгілі. Мысалы, 2011 жылы Түркия сапарында енді ғана емделіп шыққан Джо Байден Режеп Ердоғанмен екі сағат аяғынан тік тұрып Иран, Сирия мәселесін талқылаған. Ал 2009 жылы Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен кешкі ас үстінде жемқорлық туралы жағымсыз әңгіме өрбіп, Байден үстел басынан тұрып кеткен. Оған қоса, 2012 жылы Си Цзиньпинмен кездесу барысында адам құқығы, зиялы қауымды қудалау ісіне наразы екенін ашық білдірді. Бұл оқиғаларды сол сәтте әлемдік БАҚ жарыса жазғаны әлі есіміде» деп пікір білдіреді.
Сондай-ақ мақалада Байденнің кезекті жұмыс жоспары да нақты талданған. Әрине, америкалықтар 78 жастағы басшысынан күрделі тәуекелге баратын қадам күтпейді. Олардың ортақ талабы – президент көпжылдық тәжірибесін қолданып, ел дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етсе жеткілікті.
«Байден мырза өзін ел қазынасының қорғаушысы сезінді және сол сезім үнемі сенімділік берген сыңайлы. Сондықтан жаңа президент Трамп тастап кеткен қилы көзқарас пен экономикалық ахуал, пандемия әсерін оңалтуға күш салары сөзсіз. Германияның АҚШ-тағы елшісі Вольфганг Ишингер де президенттің қабілетіне құрметпен қараған. Ол: «Джо Байден – нетворкинг шебері және сенім үдесінен шыққан тұлға» деген баға берді».
Мақала соңында автор жаңа басшыға сенім білдіріп, мемлекеттің даму келешегін бағдарымен байланыстырады. Расында, АҚШ азаматтары сенім артқан тәжірибелі маман, көпті көрген әккі саясаткер өзін әлдеқашан дәлелдеген. Ендігі қалған мақсаты – ішкі тұрақтылықты қалыптастырып, «сызат түскен» демократия қорғанын нығайту.
Дүниені дүрліктірген Трамп болса, инаугурацияға қатыспай, салтанатты шара күні – 20 қаңтарда жеке тікұшағымен Вашингтоннан Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясына аттанды. Кетерінде дәстүрге сай, Ақ үйдің кезекті қожайынына хат қалдырыпты. Хатта не айтылғаны құпия күйінде қалғанымен, кейін Байден онда тек жылы лебіз жазылғанын жеткізген. Әлеуметтік желіде хат мазмұнына қатысты көптеген болжамдар мен жалған нұсқалар тарап, инаугурациядан да қызу талқы тудырды. Әсіресе, «Джо, білесің, мен жеңдім» («Joe, you know I won») деп жазылған хаттың жалған нұсқасы ғаламторда тез тарап, түрлі әзіл нысанына айналып үлгерді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: