Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дауыл алдындағы тыныштық

28.08.2021

775 0

АҚШ пен Қытайдың өзара қыр көрсетіп, әскери күшінің басым екенін дәлелдеуге тырысатын бірден-бір аймақ – Оңтүстік Қытай теңізі. Қит етсе, қос тараптың әскери кемелері теңізге сұғына кіріп, бір-біріне тактикалық оқу-жаттығу, соңғы үлгідегі зымаран сынау, ескерту арқылы дөң-айбат көрсетуді әдетке айналдырған. Ал сол маңдағы шағын елдер әр дау-дамай сайын шыр-пыр болып, соғыс өрті тұтана ма деген қауіппен кімге болысарын білмей дал. Өйтпегенде ше, халықтың бар тіршілігі сол теңізге байлаулы. Қытайдың да «жарым жаны» тәуелді болғасын теңізді толық құзырына алуды бұрыннан арман етіп келеді.

Жақында АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сапарлап, аталған теңізде тек АҚШ-тың айтқаны жүретінін білдірді. Ол Қытайдың теңіздегі іс-қимылы халық­аралық құқық пен мемлекетаралық қауіпсіздікке томпақ келетінін жасырмай, керек болған жағдайда қарсы жауап қайтаруға қауқарлы екенін жеткізген болатын. Осы орайда бейсенбіде CNN арнасының тілшісі Брэд Лендон Оңтүстік Қытай теңізінің маңызы, болашақ саяси шешімдер туралы «Теңіздегі әскери қимыл» атты жан-жақты сараптама жариялады. «Әбігер әлем» айдарының кезекті шығарылымында толымды талдауды тәржімалап, аз-кем «өз сөзімізді» де қоса кеткенді жөн көрдік.

«Дүйсенбіде вице-президент Камала Харрис Сингапурде орналасқан USS Tulsa жағалау әскери кемесінің бортына көтерілді. Бұл жолы лауазымды тұлғаның пікірі АҚШ әскери-теңіз флоты тарихындағы ең атышулы мәлімдемеге айналғаны анық. Бұған себеп, аймақтағы АҚШ-қа тиесілі жағалау әскери кемелерінің (LCS) қуаты артқаны түрткі болса керек. Вице-президент: «Біздің бұл аймақта болуымыз өте маңызды. Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери қимылдың тарихы тереңде жатыр. Бүгін де халықаралық тыныштық пен тұрақтылық, сауда-саттық байланыс, кеме қатынасының қауіпсіздігі бізге тікелей қатысты. Бейжің Оңтүстік Қытай теңізінің біршама бөлігін иемдену үшін талап қойып, қорқытып, қыспаққа алуда. Бұл заңсыз әрекет екені белгілі».

Жалпы Оңтүстік Қытай теңізінде АҚШ-тың LCS техникасының молаюы – Қытайды теңізден ығыстыруға жасалған әрекет. Себебі соңғы жылдағы Қытайдың теңіс-әскери техникаларының қуаты мен саны едәуір артып, теңіздегі меншікті аймағын ұлғайтуға көшкен. Олар теңіздегі 3,3 млн квадрат шақырым аймақты өздерінің жекеменшігі санағаны аздай, ол маңда АҚШ әскери кемелерінің болуы тұрақсыздық әкеледі деген сенімде, – деді автор.

Расында, Камала Харристің сенімді сөйлеуіне күш берді деген LCS техникасының қатары артқанын бұған дейін де білетінбіз. Мәселен, маусым айында АҚШ-тың 7-флотының вице-адмиралы Билл Мерц келер жылға дейін Тынық мұхитқа 8 LCS шығарылатынын және оның 4-еуі Сингапурдағы базаға жеткізілетінін айтқан. Оның үстіне АҚШ әскери-теңіз флотының мақтанышына айналған озық үлгідегі техника Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жағалауын қорғауға арналған таптырмас амал екені бұрыннан айтылып келеді.

«Әлемдік әскери сарапшылар, LCS-тың тиім­ділігі туралы түрлі пікірде. Көбі Қытай халық–азаттық армиясында (ҚХАА) әскери техникаларды модернизациялау ісінің көз ілеспес жылдамдықпен жүруін, кез келген техниканың баламасы сәтті жасалып жатқанын ескеріп, қай тараптың басым екеніне бас ауыртып отыр. Гавайи Тынық мұхит университетінің өнертапқышы, бұрынғы әскери-теңіз күшінің капитаны Карл Шустер болса: «Қытай халық-азаттық армиясының әскери тех­никаларымен шынайы қақтығысқа тап келсе, LCS ұзақ шыдамайды. Себебі техника бұл теңіздің ерекшелігіне бейімделмеген.

Сондай-ақ ракеталарға төтеп беру қабілеті төмен», – деп пікір білдірді. Ал сингапурлық сарапшы Херцингер LCS-тың техникалық мүмкіншілігіне де күмәнмен қарайды. «LCS-тың абыройы Оңтүстік-Шығыс Азияда күрт төмендеді. Оған себеп те жоқ емес. Техника толық жетілмегендіктен, кейбір оқу-жаттығу шарасы тоқтатылады. Өйткені LCS діттеген жеріне уақытылы жете алмай, бар жоспарды бұзуда» – дейді. Бұлай жалғаса берсе, барлық әскери-теңіз күшінің қауқарына сенімсіздік ұялары анық».

Байқасақ, өзге түгіл, өз сарапшылары толық сеніммен қарамаған жаңа техника вице-президенттің өктем сөйлеуіне дем берді деген шындыққа жанаспайтындай. Үңілген адамға жалғыз қозғаушы күш LCS емес екені белгілі тәрізді. Себебі екі жақтың сөгіске толы сөз алмасуы қалыпты құбылыс көрінгенімен, АҚШ-тың бұл жолғы көксегені басқа болып тұр. Ол – «экономикалық соғыстың» жалғасы.

Өткен ғасырда тұралаған Қытай экономикасының бүгінгі ахуалы адам танымастай өзгерді. Арзан еңбек нарығы әлемдік алып компаниялардың зауытын Қытайға әкелуге итермелесе, шикізат тасымалының артуы елдегі өндіріс қуатын еселеді. Осылайша ғаламда АҚШ-тан ілгері-кейін экономикалық мүмкіндігі бар ел қатарына қосылған еді. Алайда пайда мен ықпал қашан тыныш қойсын?!. АҚШ-тың Қытайға көз алартуы, Оңтүстік Қытай теңізіндегі жағдайды шиеленістіруге құштарлығының мәні де осы қуатты әлсірету, ықпалды тежеу.

Осы орайда «қаржы мен ықпалдың теңізге нендей қатысы бар?» деген заңды сауал қылаң берері анық. Оның шешімі мынада: Қытайдың электротехникадан бастап, тұрмыстық бұйымға дейінгі өндірісіне қажетті шикізаттың 70 процентке жуығы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен Африка құрлығынан жеткізіледі. Бұл тұрғыда жалғыз ең жылдам әрі арзан транзиттік әдіс – Оңтүстік Қытай теңізіндегі су жолы. Егер мұндағы ықпал толық АҚШ-тың құзырына өтер болса, алым-салықтан бөлек, кедергі мен бақылау күшеюі ықтимал. Оған қоса Қытай теңіз арқылы Африкадан арзан шикізат алып, орнына миллиардтаған долларға тауарды әкеледі. Яғни, Африка – Қытайдың ең ауқымды сауда нарығы. Теңіз жолы бұғатталса, «батпан құйрықтан» қағылып, экономикалық күші әлсіремек.

Тағы бір себеп, АҚШ пен Батыс елдері енді арзан еңбек нарығы үшін Қытайды емес, Үндістанды таңдауға көшкен. Осылайша ғаламдық компаниялар зауыттарын Қытайдан шығаруға мүмкіндік алады. Зауыт кетсе, жұмыссыздық, артынша экономикалық дағдарыс басталатыны айтпаса да түсінікті. «Аспан асты елін» әлсіретудің бір жолы да осы емес пе? Ал аталған қадамды жүзеге асыру Оңтүстік Қытай теңізін бұғаттаусыз мүмкін емес.

Әрине, мұның барлығы бір күнде орындалмасы анық. Алайда АҚШ-тың емеуріні он шақты жылда осы сценарийді жүзеге асыратынын білдіруде. Қазірдің өзінде алпауыт компаниялардың кейбірі Қытайдағы зауыттарын Оңтүстік-Шығыс Азия елде­рінің ассоциациясына (ASEAN) бағыттауды бастаған. Осының арқасында Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппин секілді елдердің эко­номикасы қарыштап дамуға бет алды. Ал оларға ырық бермей, қаржыны қайтаруды ойлаған Қытай қара күшпен иілтіп, кедергі келтіргісі келеді.

Міне, Қытайдың ызасын келтіріп, қомақты қар­жыны әскери қару-жарақ жасауына, жағалау мен теңіз әскерінің қатарын арттыруға себеп болған осы жайлар еді. Ал АҚШ болса, Қытайдың өліспей беріспесін біліп, қоқан-лоққымен тойтаруға тырысып келеді. Бір есеппен пайдаға кенелу, ықпалын жүр­гізу саясаты да тағы бар. Сондықтан Оңтүстік Қытай теңізіндегі тартыс күшейген тұста қос тараптың әр қадамын жіті бақылау маңызды.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: