Канада коронавирустың екінші толқынын шығынсыз өткеру амалын қолға алуда. Апта басында премьер-министр Джастин Трюдо экономиканы өрістету үшін мемлекеттен 77 млрд доллар бөлінетінін мәлімдеді. Бұл туралы «CNN» арнасының тілшісі Паула Ньютон «Коронавирусқа қарсы бөлінген миллиард» атты хабар дайындап, ресми ақпаратты саралаған.
«Сейсенбіде премьер-министр коронавирустың екінші толқыны экономикаға айтарлықтай нұқсан келтіруі ықтимал екенін айтты. Соған байланысты экономиканы демеу үшін бюджеттен 77 млрд бөлінгенін де жеткізді. Оттавада өткен конференцияда: «Аталған қаржы экономикалық күш-қуатты қалыпты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Оған қоса бұл инвестиция ешқандай кәсіпкердің қиындықта қалмайтынына кепіл бола алады» деді ол».
Премьер-министр қолға алған жоба алдымен жас отбасы және әлеуметтік демеуді қажет ететін азаматтарды қолдауға бағытталған көрінеді. Елдегі ахуалды оңалту мақсатында тұрақты медициналық бақылау күшейтіліп, АҚШ-пен арадағы шекараның кейбір аумағы жабылған. Себебі Канадада коронавирус анықталған науқас саны 384000 болса, қаза тапқандар саны 12203 азаматқа жеткен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!