Расул Жұмабеков Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы II Елизаветаға хатты 2020 жылдың қазанында жіберген, бірақ жауап күтпегенін айтады.
Нұр-Сұлтан қаласының оқушысы Расул Жұмабеков патшайым II Елизаветадан хат алды. Конвертте 16 жастағы жасөспірімнің 2020 жылдың соңында жіберген хатына жауап жазылған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Расул алдымен патша отбасының тарихына қызыға бастаған. Кейін патшайымға хат жазуды ұйғарған.
«Интернетте бір видеоны көріп қалдым, онда ролик авторына патшайым Елизавета II-ден хат келеді. Осыдан кейін мен де өзім туралы, қазақстандық оқушы екенімді айтып, хат жазуға бел будым. Қазақ ұлттық хореография академиясында балетпен айналысатынымды, сондай-ақ, футбол, фортепианода ойнауға қызығатынымды жаздым. Хатта патшайымның денсаулығын сұрап, оған бар жақсылықты тіледім», – дейді Расул Жұмабеков.
Ол Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы II Елизаветаға хатты 2020 жылдың қазанында жіберген, бірақ жауап күтпегенін айтады. Оны жолдағаннан кейін бақылау мүмкін болмаған соң, Расул конверт жоғалып кеткеніне сенімді болған.
«Маған жауап 6 қаңтарда келді. Патшайымның қолы қойылған жауапхатта ол менің хатыма өте риза болғанын, жағдайы жақсы екенін айтып, маған алғыс білдірді. Осы қиын-қыстау кезеңде маған және туған-туыстарыма жақсылық тіледі», – деді Расул.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!