Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 09:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ежелгі жау: Қытай мен Жапон қайта тіресе ме?

18.09.2021

1093 0

Саяси салмағы бар шендінің кез келген мәлімдемесі астыртын жоспардың алғышарты немесе келер оқиғаға халықты дайындау қадамына айналғалы қашан. БАҚ өкілдері де ел алдына шыққан лауазымды азаматтың елеусіз айтқан ойының өзін іліп әкетіп, қысқа уақытта қызу талқыға салады. Осылайша өкілден естіген хабар демде қоғамдық пікірге, қоғамдық пікір мемлекет ұстанымына, ұстаным әрекетке айналып… Қысқасы, тізбек «домино әдісімен» сырғи түсетіні бар. Соңғы нәтиженің қайда тірелерін алғашқы қадам жасаған адамға ғана аян.

Бейбенбіде Жапонияның қорғаныс министрі Нобуо Кисидің «CNN» арнасына берген эксклюзивті сұхбаты осы ойға жетеледі. Министрдің даулы аймақтағы Қытай әрекетін сынап, екі арадағы Сэнкаку аралдарының жапондарға тиесілі екенін өктем ескертуі аймақта жаңа саяси ойынның басталатынынан хабар бергендей. Дұрыс, Жапонияның жер меншігі турасында Ресей, Қытай секілді алпауыттармен араздығы бұрыннан бар, алайда дәл қазір мәселенің қайта көтерілуі, оған өзге емес, «CNN» арқылы қорғаныс министрінің үн қатуының сыры бөтен. Оқиғаның себеп-салдарын сәл кейін тарқа-тармыз, алдымен сұхбаттағы айтылған ойға талдау жасайық.

«Жапония Шығыс Қытай теңізіндегі өзіне тиесілі Сэнкаку архипелагында қорғаныс жүйесін күшейтпек. Бір ерекшелігі, Қытай да бұл аймақты өз иелігі деп санап, тіпті Дяоюйтай деп атайды. Қос тараптың әскери оқу-жаттығу жобалары жағдайды одан сайын ушықтыра түскен. Қорғаныс министрі Нобуо Киси біздің арнаға берген сұхбатында аралдың тек жапон халқына тиесілі екенін, аралды қорғау үшін Қытаймен кеме арқылы болсын, көкте болсын күш сынасуға дайын екенін айтты. Жапония әскери қуатын нығайту мақсатында F-35 жойғыш ұшағын жетілдіріп, соған сай кеме жүйесін жасақтауда. Министр бұдан өзге зымыран, сүңгуір кеме, жойғыш ұшақтарды жасауға кеткен шығын Қытайдың қорғаныс саласындағы бюджетімен шамалас екенін жеткізді», – делінген сұхбаттың кіріспе бөлімінде.

Тілші Блейк Ессингтің Сэнкаку аралдарындағы әскери қимыл туралы алғашқы сауалына министр кідірместен нығарлап сөйледі: «Шығыс Қытай теңізінде болсын, Сэнкаку аралдарында болсын Жапония жанын салып қорғанатын болады. Біздің жағалаудағы кемелердің саны Қытайдың жағалау қорғанысындағы кемесінен әлдеқайда көп. Ескеруіміз керек, Жапония Сэнкаку аралдарын еш елмен бөліспейді әрі оған қатысты өзге шекаралық талаптарды мойындамайды», – деп жауап қайтарды.

Министрдің аралға соншалықты мән беруінің бір себебі ұлтаралық ұстанымды білдіруде жатыр. Себебі ғасырлар бойы Сэнкаку аралдары Токио мен Шаңхай арасындағы араздықты өршітуде. Тіпті 2012 жылы арал дауы тым өршігені сонша, Қытайда Жапония автокөліктерін сатып алмауға шақырған үндеу, жапон дүкені мен мейрамханаларын қирату, Жапония елшілігіне шабуыл жасау көбейді. Сондықтан Нобуо Кисидің сенімді сөйлеуі – қарымта жауаптың бір түрі. Қытайдың ресми билігі де қалысар емес, өткен жылы Қытайдың сыртқы істер министрі: «Дяоюйтай аралдары (Сэнкаку аралдары –ауд.) мен оған жаппарлас аралдар – Қытайдың ажырамас бөлшегі. Сондықтан бұл аймақта оқу-жаттығу өткізіп, қорғаныс амалын жасауға толық құқымыз бар», – деген болатын. Қытай аймаққа қатысты заң жобаларын шығарып, еркінси түскен. Жапон деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері Қытай жағалау күзеті Жапонияның су шекарасына 900-ден аса рұқсатсыз кірген. Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың мұндай стратегиялық қадамы даулы аймақта әскерін орналастыруға жасалған әрекет екен.

Министрдің Тайваньға қатысты Жапонияның келешек жоспары төңірегіндегі сұрақа келтірген мысалы тың болжамдарға жетеледі. Ол Тайваньдағы Қытайдың әрекеті үнемі бақылауда екенін айта келе, жылдық есептегі қызықты мәліметтерді айтып өтті.

«Шілде айында жарық көрген жылдық есепте көптеген мәлімет қамтылды. Оның ішінде Тайваньдағы саяси қадамдар да жіті бақылауда. Себебі мұндайғы әрбір қадамның Жапонияға тікелей қатысы бар. Бір ғана мысал, Жапонияның тұтынатын электр энергиясының 90 проценті Тайваньмен шектесетін аймақтардан тасымалданады. Тайваньда келеңсіз жағдай орын алса, бізге кері әсерін тигізеді. Сондықтан барлық жағдайға дайын болуымыз қажет», – деді Нобуо Киси.

Бұл тек сөз жүзіндегі мәлімдеме емес. Қазір Тайваньға жақын маңдағы Йонагуни аралында Жапонияның әскері мен зымырандары орналасқан. Исигаки аралына да әскер шоғырландыру жоспарлануда екен. Министрдің сөзінше, мұндай қадам елдің оңтүстік-батыс аумағындағы әскери күшінің қаншалықты мықты екенін көрсетуге мүмкіндік береді.

Тілшінің келесі сауалды Жапония мен Тайвань арасындағы келіссөздер мен әскери байланыс турасында өрбітуінің мәні ерекше. Бұл да бекерден-бекер көтерілген мәселе емес. Себебі Жапон үшін Тайваньның Қытай ықпалына өтуі – жарты жеңіліс. Бұл аймақта Жапония үшін маңызды аралдар барын ескермегеннің өзінде, Қытайдан су жолы арқылы қорғанудың маңызды тетігі осында жатыр. Қытай болса, Тайваньды бөлектемейді, қайта Қытайдың бір бөлшегі деп қабылдайды. Тіпті маусым айында Тайваньға сес көрсету мақсатында жағалау маңына 20-ға тарта әскери ұшағын әкелді. Мұндай қауырт іс-әрекетке Тайвань да үрке қарап, өздерінің әуе-қорғаныс күшін дайындады.

Осы сәтті күткендей, Жапония Тайваньды «бауырына басып», елді қорғаныс техникасы мен құралдары арқылы қамтамасыз ету бойынша келісім-шартқа қол жеткізді. Осылайша енді жапондар Қытайдан қорғану операциясын өзге шекарада жалғастыратын болады. Мұндай қадам Тайваньның қай тарапты таңдағанын да ашық білдіреді. Әрине, Қытайға жақын маңдағы елді уысынан шығару ауыр тиері сөзсіз. Сондықтан олар да жанын сала байланыс орнатып, үстемдікті қайтаруға талпынуда.

Жалпы оқиғаның бұлай түрленуі тек үшжақты әрекеттің ықпалы деуге ертерек. Ортада шешуші рөл атқаратын «бір ойыншы» бар. Ол – АҚШ. Жақында ғана вице-президент Камала Харрис Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі АҚШ ықпалын күшейту, жаңа стратегиялық мақсаттарды айқындау үшін Вьетнамға іс-сапармен келгені белгілі. Ол Джо Байденнің аймаққа қатысты жаңа сөзін жеткізгенге ұқсайды. Оған себеп те жоқ емес. Білетініміз, Еуропа, Орталық Азия елдеріне қарағанда АҚШ, Қытай, Ресей секілді алпауыт державалардың түрлі аймақтарға қатысты ұзақжылдық стратегиялық бағдарламалары болады. Байден билікке келгелі Дональд Трамп, Барак Обама секілді өзіне дейінгі тізгін ұстағандардың жоспарына өзгеріс енгізгендей. Аз дегенде, жаңа ұстанымдар қосты. Оған Африка мен Таяу Шығыстағы әскерді азайту, сауда стратегиясының жолын өзгерту, Оңтүстік Қытай теңізіндегі әскерді нығайту қадамдарын жатқызуға болады. Бүгінгі Жапонияның өктем сөйлеп, іске көшкені сол өзгеріске мүдделес екенін аңғартады. Себебі Қытай секілді қарсы тұрғанды жайпайтын алпауытқа Жапонияның жалғыз тойтарыс беруі әсте мүмкін емес. Екі елдің екінші дүниежүзілік соғыстағы күш-қуаты мен бүгінгі халі салыстыруға келмейді.

Содан болар, тілшінің де соңғы сұрақты АҚШ-пен қарым-қатынас төңірегінде жолдағаны таңданыс тудырмады. Тіпті сұхбат барысында «CNN» арнасының тілшісі Жапонияның негізгі одақтасы АҚШ екенін мәлімдеп, сөзінің дәлелін Токио мен Вашингтон арасындағы қорғаныс келісімінен іздеді. Нобуо Киси де орайды жібермей, одақтастары мен келешектегі келісімдер турасында айтты:

«АҚШ президенті Джо Байден инаугурация аяқталысымен Жапонияға қатысты маңызды ұстаным білдірді. Ол Сэнкаку аралдарының Токиоға тиесілі екенін айтып, екі ел арасындағы келіссөздер жалғасады деген еді. Біз АҚШ-пен екіжақты оқу-жаттығуды жалғастырып, аймақта тұрақтылықты қамтамасыз етуге жұмыс істейміз. Сонымен қатар Франция, Ұлыбритания, Германия секілді серіктес мемлекеттер арасында да әскери байланыс арта түседі. Осы мақсатта Жапония әскери-қорғаныс техникасын жетілдіру, жаңа өнертабысты енгізу бойынша ізденеді», – деді қорытынды сөзінде.

Осы сөздерден-ақ қорғаныс министрінің неліктен арнайы сұхбат бергені белгілі болғандай. Енді Нобуо Кисидің ізін ала өзге де Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің шенділері Қытайға қарсы өктем сөйлеуін бастап, АҚШ ықпалының артуына күш салады деген сөз. Не де болса, мұндай мәлімдемеге Қытайдың берер жауабының маңызы әлдеқайда салмақты болмақ.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: