Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Филиппиндегі тайфун салдары

15.01.2022

1153 0

Филиппиндегі орын алған климаттық дағдарыс әсерінен мыңдаған адам баспанасыз қалып, ішерге ас таппай отыр. Тайфун салдарынан үйлері қирап, тамақсыз қалған филиппиндіктердің бүгінгі жай-күйі туралы CNN арнасы жазды. Эрвин Маскариньяс пен Рея Могулдың «Жаңа жылды мыңдаған адам баспана мен тамақсыз қарсы алуға мәжбүр» тақырыбында жариялаған мақалада елдегі жағдай ашық баяндалған.

Мақала негізінен Джей Лация атты кейіпкердің бүгінгі өмірінен басталады. Бұрындары Жаңа жыл қарсаңында үйінде мерекелік дастархан дайындайтын ол бүгінде ішерге тамақ таппай отыр.

«Біз әрқашан Жаңа жылды тойлайтын едік. Ал қазір бұл мүмкін емес», – дейді Суригао қаласында болған тайфунның кесірінен қирандылардың үстінде отырған отбасының әкесі.

Жағажай қазір ағаш пен металл сынықтарына, пластик қалдықтарына толып, ауадан қоқыс пен өлі балықтың иісі шығып тұр. «Одетта» атты тайфун бұл қаладан өткен соң Лация үйін қайта салудан үмітін үзген. «Себебі бұл мүм­кін емес. Менің үйім, ағаш қоршаулар, барлығы жоқ», – дейді ол.

Биыл болған тайфундардың ішіндегі ең үлкені 400 адамның өмірін жалмап, 100 мың адам қоныс аударуға мәжбүр болған. Табиғи апат әсіресе әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға үлкен әсер еткен. Қазір олар қайда барарын, қайдан тамақ табарын білмей отыр.

Лацияның отбасы қазір мүмкін емес жағдайда, ешқан­дай құрылыс заттарынсыз және тамақ-сусыз үй салуы керек. «Біз үйімізді мықтап бекітіп, қажетті заттарымызды үйдің төбесіне шығарып қойдық. Дегенмен тайфун біз ойлағаннан күштірек болып шықты», – дейді ол.

Қазіргі кезде  тайфунның кесірінен шамамен 400 қалада 4 млн адам баспанасыз қалып кедейшілік жағдайында қалған. «Отбасыларда ештеңе жоқ. Жарық шамдар мен Рождестволық әуеннің орнын лас және ылғалды эвакуациялау орталықтары басып алды. Олардың жалғыз тілегі – аман қалу», – дейді «Балаларды қорғау» атты гуманитарлық ұйымының менеджері Джером Балинтон.

Қазіргі кезде үйлерінен айырылған отбасыларға шамамен 1000-ға жуық уақытша тұрақ жасалған. Көп отбасының жағдай адам төзгісіз. Бұл туралы «Humanity and Inclusion» ұйымының жетекшісі Элвин Думдума айтқан. «Олардың жейтін та­мақтары да, үй салатын ақшалары да жоқ. Сол себепті кішкентай күркелерде тұруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде коронавирустың таралуына да себепкер болуы мүмкін», – дейді ол. Уақытша тұрақта еш­қандай жағдай жасалмаған. Мың­даған адам таза сусыз, жарықсыз күркелерде түнеуге мәжбүр.

Филиппин президенті Родриго Дутерте үкімет тай­фуннан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру үшін ақша бөлетінін айтқан. БҰҰ 100 миллион дол­лардан астам көмек көрсетуге уәде берді.

Бірақ Думдума ақша бөлуден бөлек ең алдымен табиғи апаттың алдын алу шараларын жасау керектігін алға тартуда. «Бізге көбірек дайындық керек. Себебі аяқасты апаттан халық абдырап қалады», – дейді ол.

Тынық мұхитының батысындағы тайфун белдеуі­нің бойында орналасқан филиппиндіктер үшін түрде қатты дауылдарға ұшырайды. Бірақ климаттық дағдарыс бұл оқиғаларды төтенше және болжау мүмкін болмайтын деңгейге жеткізген.

«Бізге көмектесу үшін көп қаражат керек. Сондай-ақ климатты өзгерту туралы шараларда бізге баса назар аудару қажет. Сонда біз көбірек қаржыландыруға, нәтижесінде табиғи апатты жеңуге үлес қосамыз», – дейді Климат және тұрақты қала құрылысы институты басшысының орынбасары Дела Круз.

Оқиға кейіпкері Лация отбасымен басқа қауіпсіз аймаққа көшетінін айтқан. «Біздің барлық көршілеріміз өзге аймаққа көшіп кетті. Біз үйімізді қайта қалпына да келтіре алмаймыз. Менің отбасым шы­нымен көмекке мұқтаж. «Одетта» шынымен біз ой­лағаннан да мықты тайфун болды», – дейді ол. Ал уақытша тұрақта қал­ғандарға ол бірнеше қорап шырпы мен кепкен ба­лық тастап кеткен. Себебі қолынан келген бар көмегі сол…

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: