Сенбі, 21 желтоқсан, 18:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Хан сарайынан» шыққан шу немесе Навальный деген кім?

26.01.2021

2809 0

Ресейде қамаудағы оппозиция серкесі Алексей Навальныйдің жақтастары ереуілге шығып, басқару формасының өзгеруі мен локальды жүйедегі жемқорлықты жою және ел президенті В.Путиннің биліктен кетуін талап етуде. Қарсылық шарасы Мәскеу, Санкт-Петербург, Владивосток секілді 50-ден астам қалада жүріп, Қиыр Шығыс пен Сібірді де қамтыды. Тіпті жиналған халық күннің ызғары мен күшейген қауіпке қарамастан, орталық алаңға шоғырланып, «Ресей азат болады», «Біз біріксек жеңілмейміз» деген ұранды қайталаумен болды. Құқық қорғау мамандары болса, қарсы топты таратып бақты, күш те көрсетті. «Жеген таяқ, көрген қысым» әлеуметтік желіде желдей есіп, АҚШ, Франция мемлекеттері Ресейге жаңа санкция енгізуге әрекет етуде. Сонымен он мыңдаған тұрғынды аяғынан тік тұрғызған не жағдай? Әлемдік БАҚ болған оқиғаға қандай баға беріп отыр? Аталған сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Мойындау керек, бұған дейін Алексей Навальныйдың есімі жемқорлықпен күрес айналасында біршама естілгенімен, мұн­шалықты шулы оқиғаға себеп болатындай ықпалға ие емес еді. Саяси жүйеге дендей енген қоғамдағы азшылық топ болмаса, былайғы күні қарапайым халық оны билікпен «ырылдасып» жүрген көп белсендінің бірі деп ғана танитын. Оған қоса, Ресейде мұндай белсенді ондап саналатыны жасырын емес. Сонда Навальныйдың он мыңнан астам жақтасы қайдан шықты?

Бәрі өткен жылы басталды. Тамыз айында Кремльді сынның астына алған Алексей Навальный орыстардың «Новичок» әскери уымен уланып, ес-түссіз күйінде Германияға жеткізілді деген ақпарды әлемдік БАҚ жарыса жазған болатын. Ресей билігі болса, тағылған айыпты жоққа шығарып, оқиғаның өздеріне түк те қатысы жоғын айтып ақталған. Содан бері басты кейіпкер Германияда ем алып, 17 қаңтарда Мәскеуге қайта оралып еді. Оралуын оралды, алайда ел астанасындағы Шереметьево әуежайынан қолына кісен салынып, қамауға алынды. Бұл бүгінгі жағдайға итермелеген және басты талап көзіне айналған алғашқы себеп-тұғын.

Бұл аздай, авторитарлық жүйенің үй­реншікті әдетіне баланған әрекет Ресей қо­ғамын «оятуға» аздық етіп, 19 қаңтарда мә­селенің екінші толқыны орын алды. Ол – А.Навальныйдің «youtube» арнасында жа­­рияланған «Путин сарайы: Ең ауқымды па­ра тарихы» атты деректі фильм. Онда ав­тор ел президентінің жемқорлық жолымен ен­шілеген ауқымды сарайының қызмет ақысы, құ­рылыс жоспары, меншік иесі, сарай ор­наласқан аймаққа кіру-шығу жолының тежелуі секілді маңызды мәселеге талдау жа­сайды. Түптеп келгенде, мұндай ен байлық заңсыз жолмен пайда болды деген болжам шығарған.

Навальный Путиннің «хан сарайына» балаған нысан Геленджик қаласының маңында орналасқан көрінеді. Тіпті сарай­дың нақты географиялық картасы мен архитектуралық жоспарына дейін дәйектеп, құрылыс қаржысына дейін шамалаған. Мұндай зерттеудің дәл оппозиционер ұсталғанан кейін – 19 қаңтарда жарияланғаны отқа май құйғанмен тең еді. Оның үстіне, бейнежазба апта толмай 85 млн қаралым жинап, әлемге «вирустай» тарай кетті. Осының бәрі жиналып, онсыз да жарылуға шақ тұрған орыс қоғамының шыдам шарасын бұзды десек, артық айтқандық емес.

Осылайша он мыңнан астам азамат қатысқан қарсылық шарасы орын алып, басты талап «Навальныйге бостандық» үндеуіне ұласты. Билік те мұндай іс орайын күтпесе керек, өз ұстанымын «ә» дегеннен білдіріп, қатаң шаралар қолданды. Себебі ереуілді басуға жасалған әдіс аса бір гуманды қадам деп айтуға келмейтін тәрізді. Жиналғандардың жан айқайы, соққыға жығылған аза­маттар, күштік құрылым сүйреген адамдар бейнежазбаға ілігіпті. Содан болар, әлеуметтік желілерде «әлсіз» топты аяусыз жаншып, жас пен жынысқа қарамай күш көрсеткен тәртіп сақшыларының жұмысы наразылықты ушықтыра түсті.

Бұған дейін де Навальный бірнеше толқуға түрткі болғаны мәлім. Мәселен, 2002 жылы «Газпром», «Роснефть», «Транснефть» және «Газпром нефть» мемлекеттік корпорациялардың қазынадан қаржы жымқырғанын дәлелдеуге тырысқан болатын. Сонымен қатар 2012 жылы шенеуніктерге құны 1,5 млн рубльден қымбат қызметтік көлік сатып алуды тоқтататын заң жобасын әзірлеумен де аты шыққан еді. Заң жобасына электронды қол жиналып, нәтижесінде РФ мемлекеттік қызметкерлерге бюджет қаржысына қымбат көлік  сатып алуды тоқтататын тәртіп бекітті.  Осындай жетістіктерден соң А.Навальный видеоблог жүргізуді қолға алып, Игорь Шувалов пен Дмитрий Медведев секілді лауазым иелерінің заңсыз қаржы көздерін әшкерелеуге кіріскен. Енді міне, президентке «ауыз салған» әрекеті толқуға түрткі болды.

Дегенмен елдің бәрі Навальныйды шындық жақтаушысы деп қабылдайды десек, жалған болар. Алаңға шыққандар арасында аталған себептерден бейтарап, әлеуметтік олқылық, жүйедегі қателікті оңалтуды көздеген пікір иелері де жетерлік.

Ел не дейді?

Апта бойы әлемдік ақпараттық агентіктердің де аңдығаны Мәскеу болды. «The New York Times», «Sunday Times», «The Wall Street Journal» газеті мен «BBC», «CNN» телеарналары оқиғаға сыни көзқарас білдіріп, биліктің наразылықты «жаншуын» – Путиннің Батыста кеткен жан ашуын халқынан алғаны деп топшылауда. Әрине, ауыр мәлімдеме. Оған қоса АҚШ үкіметі тұтқындалған ереуілшілерді босатып, тергеуді ашық түрде жүргізуді ұсынса, Франция билігі әлем елдерін Ресейге қарсы жаңа санкция салуға шақыруда.

«The New York Times» газетінің ресми сайтында Антон Трояновскийдің «Көптен кездеспеген қарсылық» атты талдауын жариялап, наразы азаматтардың алаңға шығу себебін саралаған. Мақалада Карнеги атындағы Мәскеу орталығының саясаттанушысы Андрей Колесниковтің пікірі ерекше көңіл аудартты. Саясаттанушы халықтың көтерілуін «Навальный» себебінен өзге мынадай пайымға сүйейді: «Қазіргі жастар өткен буынға қарағанда радикалды ойлауға бейім. Олар жаңарған Ресейде өмір сүргісі келеді. Бұл буын – Путин билігі тұсында өмірге келгендер. Олар Навальныйді сырттан оралған Отансүйгіш деп қабылдап, Путинді ескілікті ұстанатын басшы есебінде қабылдайды» деген.

Сонымен бірге «Sunday Times» Ұлыбритания басылымы да Навальныйды батыр санатына қосып отыр. Басылымның ресми сайтында: «Навальныйдың батылдығы туралы бірдеңе деу қиын. Бірақ «Новичок» уымен уланған адамның қатерге қарамай, еліне қайта оралуы үлкен тәуекел екені сөзсіз. Осыдан Навальныйдың «диван батыр» емесін байқауға болады» деген сарындағы мақала жариялады.

Бір қызығы, А.Навальныйдың ұстанымы мен салмағы жөнінде Ресейдегі зиялы қауым мен саясаткерлер екі ұдай пікірде. Анығы, екі түрлі күдікте. Алғашқысы Навальный орыс қоғамын теңселтуге келген «қой кепіндегі Батыс қасқыры» деген күдік болса, соңғысы оны бүгінгі жүйенің соңына жетуші «шырақшы» деп пайымдайды. Осы орайда орыстардың Навальныйға бүйрегі бұрған тағы бір кезеңді айта кеткен жөн секілді. 2014 жылғы радиосұхбаттың бірінде Навальный Қырымға қатысты өз ойын жариялаған еді. Ол Путиннің әлемдік адам құқықтары қағидасына қайшы келіп, Қырымды өзіне қаратқанын айта келе: «Қазіргі жағдайда Қырым Ресейдің қол астына қарайды. Ресейдің бөлшегі. Қырым біздікі» деген болатын. Сондықтан жастардың оны ұлтшыл деп қабылдап, еркіндікке шығаруға жан ұшыруының мәнісі де орыс дүниесімен мүдделес ұстанымында жатқандай көрінеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: