Сенбі, 21 желтоқсан, 21:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Йемен: Жол мен жаза

16.01.2024

458 0

Сурет: news.obozrevatel.com

Таяу Шығыстағы теңіз жолы – әлемдік сауданың күретамыры. Аңызға айналған Суэц каналына апаратын жалғыз жол да осы тұстан өтеді. Алайда Израиль мен Палестина арасында жанжал басталғалы теңіз жолын торуылдау, жүк кемелеріне шабуыл күшейген. Йемендегі хусит секілді террористік ұйымдар кемелерді атқылап, еврейлер мен батыс елдеріне қыр көрсетуде. Көп ұзамай, мұндай қадамның соңы АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменде арнайы операция бастауына әкеліп соқты.

Геосаяси ортада ештеңе кездейсоқ болмайтынын білеміз. АҚШ та алды-артын жоспарлап, 3-4 ай бұрын Қызыл теңізге әскери кемелерін кіргізді. Тіпті НАТО-дағы жақтастарының қарулы тобы жанына шоғырланған. Израиль Газа секторына басып кіргелі тек сырттай бақылап, екі тараптың қақтығысына араласпады. Әрі кетсе, Ливан мен Сирия тарапынан жіберілген ракеталарды Израиль жеріне жеткізбей жоюмен шектелген. Бірақ идеологиялық тұрғыдан жақтас болғанымен, Газа секторына енбеді.

Ал Йеменге әуе соққысын жасауына не себеп? Неліктен НАТО Израильге қарсы елдер арасынан осы мемлекетті «төмпештеуде»? Суэц арнасынан өтетін кемелерге қарақшылық жасаған өзге содырлар не үшін жазасыз қалды? Аталған сауалдар тақырыпқа жаңа қырынан қарауға септесері сөзсіз.

BBC арнасының тілшісі Фейсал Ислам Йемендегі әскери операция басталғалы үздіксіз хабар таратып келеді. Оған қоса арнаның ресми сайтында зерттеу мақаласын жариялап, оқиғаның бағыт-бағдарынан ақпар беруде. Оның сөзіне сенсек, АҚШ-ты мұндай қадамға жетелеген экономикалық жағдай. Суэц каналы қауіпті болғандықтан әлемдік сауда жолында өзгеріс пайда болған. Еуропаға келетін шикізат пен тауардың басым дені амалсыз Африканы айналатын жолды таңдауда. Бұл жолдағы уақытты созып, шығынды көбейткен көрінеді.

«Хуситтер 19 қарашадан бері Қызыл теңіздегі кемелерге 25 шабуыл жасаған. Соңғы ауқымды шабуыл 9 қаңтарда (2023 жыл -ауд.) болған еді. Суэц каналында жағдай ушыққалы Еуропадағы шикі мұнайдың баррелі 10 долларға, табиғи газдың бағасы 25 пайызға артты. АҚШ пен Ұлыбритания хусит төңкерісшілеріне жасалған әуе соққысы мәселені шешеді деген пікірде. Хусит­тер талқандалса, жүк кемелерінің кешігуі азайып, Қызыл теңіздегі сауда жолы ретке келмек.

Алайда арнайы операция Таяу Шығыстағы қақтығыс ошақтарын көбейтуі ықтимал. Оған Иранның әсері болатын анық. Мысалы, бейсенбіде (11 қараша -ауд.) Иран қарулы күштері Оман бұғазынан өтпек болған АҚШ-тың мұнай танкерін басып алды. Егер жағдай бұлай ушыға берсе, мұнайдың баррель бағасы 100 долларға дейін өсуі мүмкін», – дейді Фейсал Ислам.

Расында, Еуропаға Суэц каналы арқылы өтетін шикізаттың орны ерек. Батыс Ресейден газ алуды доғарғалы Қатардағы көгілдір отынға тәуелді. Ай сайын Дохадағы жиынның басым дені экономикалық келісім – шикізат саудасына арналатыны жасырын емес. Еуропа мемлекеті кезегімен келісімге келіп, елдеріне жеткізуге асық. Осы орайда теңіз жолы күмәнді болуы ешбір елдің қалауына жатпайды. АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменді соққылауының бірінші себебі осы.

АҚШ-тың Йеменді атқылауына әр ел түрлі реакция білдірді. Солардың ішінде Ердоғанның пікірі тақырыптың өзге бағытына ойысуға ыңғай беретіндей. Ол ресми мәлімдемесінде: «АҚШ Қызыл теңізді «қанды теңізге» айналдырғысы келеді», – деп агрессиялы ой айтты. Әрине, мұның рас-өтірігін немесе дипломатиялық шешіммен айтылғанын уақыт көрсетер. Десе де аталған пікір Қызыл теңізге НАТО әскерінің неліктен енгенін, Йеменді атқылаудың өзге сипатын тануға итермелейді.

Аражігін ажырату керек мәселе – тараптар. Яғни АҚШ Йемен халқын емес, сол маңдағы «Аңсар Алла» деген йемендік хуситтермен күресуде. Олар – елдің солтүстігінде тұратын шиит мұсылмандарының әскери-саяси тобы. Негізгі жақтастары Иран мен Ливандағы «Хезболла» партиясы. Газа секторында қақтығыс басталғалы Израильге соғыс жариялап, бірнеше рет әуе соққысын жасаған. Тіпті құрамынан 100 мың жауынгер Газа секторына енбекші болғаны да айтылып келген. Бұған дейін хуситтердің радикалданған ұрандарына бой үйреткен НАТО олардың әскери күшінің артуы әрі Израильмен ашық майданға шығуға тырысқанынан секем алды. Нәтижесінде түбегейлі жою жүруде.

«Израиль мен «ХАМАС» арасында жанжал басталғалы хуситтер Баб әл-Мандеб бұғазынан өтетін кемелерді атқылай бастады. Сөздерінен Израильге баратын кез келген кемені суға батыратынын да естідік. Жақында жапондық Galaxy Leader жүк кемесін басып алып, шулатқан еді. Кейін белгілі болғандай кеме Ұлыбританияға тиесілі болған», – дейді Фейсал Ислам.

Еуропаға Парсы шығанағынан келетін барлық мұнай екі бұғаз арқылы өтеді. Біріншісі – Араб түбегі мен Иран арасындағы Ормуз, екіншісі – Африка материгі мен Йемен арасындағы әл-Мандеб бұғазы. Қос бұғаз стратегиялық және әскери тұрғыда маңызды нысандар орналасқан мекен саналады. Сондықтан өңір қауіпсіздігін бақылаудың Йеменнен басталуы – күткен жағдай.

Жалпы АҚШ-тың йемендік хуситтер тіресіп келе жатқанына жиырма шақты жыл болды. 2004 жылы елде азаматтық соғыс орнап, хуситтердің бастаушысы шейх Әл-Хуси әскер жинады. Ресми билік пен арада болған қанды шайқаста Әл-Хуси өліп, жағдай біршама қалыпқа келген болатын. Алайда 10 жылдан соң азаматтық соғыс қайта жалғасып, бүгінге дейін толастамай тұр. Йемен билігі ауысқанымен, хуситтердің қарсылығы тоқтамады. Керісінше жыл санап қатары толығып, қаруы күшейе берді.

Сарапшылар бұған Иранның тікелей қатысы бар деген болжам айтады. Иранның өзі бұл қадамды мойындап, «бауырластарына» көмек беретінін бірнеше мәрте мәлімдеген.  Олай дейтіні хуситтер «Хезболла» содырлары секілді шииттер. Иранмен ағымы бір, діни ұстанымы туыс. Бүгінде АҚШ қанша атқыласа да қаруы таусылмай, адамы азаймауының бір себебі осында жатыр.

«АҚШ-тың әуе-қорғаныс күштері операция барысында 16 нысанға 60 соққы жасағанын айтты. Олардың ішінде хуситтердің басқару пункті, қоймасы, әскери техникасы бар. Ал Ұлыбританияның қарулы күші 2 нысанға шабуылдағанын жеткізді. Оның ішінеде Абс қаласы маңындағы әуежай бар. Ұшақтардың барлығы Кипрдегі НАТО базасынан аттанған. Typhoon ұшағы Paveway IV бомбасы қолданылған. Сондықтан шабуылдың маңызы жоғары. НАТО бұл операцияның бір мақсаты Иранның Таяу Шығыстағы билігін әлсіретуге бағытталғанын да айтты», – дейді Фейсал Ислам.

Иә, сарапшылар Иранды әлсірету, Израиль мен Суэц каналын сақтау баланс үшін керек деген пікірде. Бұл экономикалық көркеюге, тұрақтылыққа жол салмақ. АҚШ әскери операцияға Prosperity Guardian («Тыныштық сақшысы» – ауд.) атауын беруі де көп нәрседен хабар беретіндей.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

Суреттер ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: