Жұма, 22 қараша, 07:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Мексикадағы оттегі дағдарысы

13.02.2021

1790 0

Емханада орын болмағандықтан үйінде емделіп жатқан мексикандықтар өмірлік маңызды проблемаға тап болды. Оларға оттегі жетіспеуде. «The New York Times» газетінің тілшілері Натали Китрофф пен Оскар Лопес оттегі баллондарын сату арқылы ақша тауып жүрген мексикандықтың бүгінгі өмірінен «Өлім базары»: оттегі жетіспеушілігінен мексикандықтар үйде көз жұмуда» атты репортаж дайындады.
«Кішкентай балалар оны үйіне шақырып, ата-аналарына оттегі баллонын алып келуін өтініп сұрайды. Түнгі уақытта егде жастағы тыныстауы қиындаған қариялар қоңырау шалады. Тіпті бір баллон үшін өзінің көлігін беруге дайын жандар бар», – деп газет тілшілері Мексикадағы эпидахуалды ашына жазады.
Өзі коронавирусты жеңіп шығып, кейін жұмысынан айырылған Хуан Карлос Эрнандес қазір оттегі баллонын сатуды бастады. Кейін Мексикаға коронавирустың екінші толқыны келіп, «ауаға» деген сұраныс артқан.
Тілшілердің айтуынша, Мексикада оттегі баллондарының бағасы күрт көтерілген. Тіпті ел ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтар құрылып, оттегі баллондарын тасымалдайтын жүк көліктерін тонауға көшкен. «Сондықтан көп мексикандықтың өмірі Эрнандес секілді саудагерлердің қолында», – дейді тілшілер.
«Біз «өлім базарындамыз». Егер сізде ақша болмаса, өзіңіз көз жұмасыз немесе отбасыңыздағы біреуден айырыласыз» – дейді Эрнандес.
Қаңтарда Мексикада коронавирустан 30 мың өлім тіркеліп, бұған дейінгі эпидмаусымнан гөрі жоғары көрсеткіш көрсеткен. Мемлекет басшысы Андрес Мануэль Лопес Обрадор да Covid-19 жұқтырып, халық елдегі денсаулық сақтау жүйесінен үмітін үзген.
Елде өлім көрсеткішінің өсу себебін сұраған тілшілерге дәрігерлер мен шенеуніктер «Жетіспеушілік. Оттегі баллондары жетіспейді», – деп жауап берген. Мексиканың мемлекеттік емханасында қызмет ететін дәрігер Алехандро Кастильо оттегіні суға теңеп, өмірлік маңызды екенін айтқан. Қазіргі кезде елдегі 10 емхананың 8-і науқастарға толып тұр, ал төтенше жағдайлар басқармасы көмек беруден бас тартуға мәжбүр. Шет аймақта тұратын пациенттер дәрігерге жүгінуден қорқып отыр. Тілшілер үйде жатқан науқастар 24 сағат бойы тазартылған оттегіге, ал отбасы мүшелері сол баллондарды күніне 3-4 рет толтыру үшін кезекте тұруға мәжбүр екенін көрген.
Дэвид Менендес Мартинес коронавирусқа дейін оттегі терапиясы қалай жұмыс істейтінін білмеген. Енді ол Мексикада алты сағатқа жететін бір баллонның өзі 800 доллар тұратынын біледі. Бірнеше бос баллонмен кезекте тұрған Мартинес: «Адамдардың баллондарымен кезекке тұрып, алдыңғы қатарға өтуін жылап сұрайтынын көріп тұрсыздар. Менің әкем 60 процент, анам 50 процент оттегіге тәуелді. Әйелім енді тыныс алмайды, оның ерні көгерген. Ал мен қазір тек анамды, оның қалай тұншығып жатқанын ғана ойлап тұрмын», – деп тілшілерге жағдайын баяндайды.
Тілшілер мұндағы ахуалдың күрделенуі көрсеткішке қарамастан, үкіметтің шектеу шараларын қабылдамауы салдарынан деген пікірге келген. Кешіктіріп енгізілген шектеу кезінде мексикандықтар жаппай жыл соңындағы мерекелерді атап өткен. Ал қаңтар айының алғашқы үш аптасында оттегіге деген сұраныс 700 %-ке өскен.
Осы сәтте елдегі қиын жағдайды өз пайдасына қолданып, алаяқтық іспен айналысып жүргендер пайда болған. Мәселен, Мальдонадо Эрнандес әжесіне 1600 доллар тұратын лицензиясы жоқ оттегі тазартқыш құрылғы сатып алу үшін достарынан қарызға 800 доллар алады. Алайда сатып алған аппарат жарамсыз болып шыққан. Кейін Facebook-тегі жарнамадан 100 долларға концентратор көріп, тапсырыс береді. Бірақ концентратор келмеген, ақшасы да қайтарылмаған.
«Вирустың кесірінен барлығы күйзеліске түскен, жұрт не істерін білмей сеңделіп жүр. Басқа таңдау қалмағандықтан, осындай адамдарға жүгінуге мәжбүр боласыз», – дейді әжесінен айрылған Мальдонадо Эрнандес.
Бүгінде Мексика үкіметі оттегі тасымалдаушы көліктерді қорғау үшін арнайы күш құрылымдарын жіберген. Сондай-ақ сатушыларға тек тазартылған, адамға қолдануға болатын оттегі сатуды тапсырған. Сонымен қатар үкімет басындағылар оттегі жетіспеушілігін жоюды қолға алды. Алайда Шеффилд мұндай проблеманы шешу оңайға түспейтінін алға тартады. «Мексика оттегі шығармайды. АҚШ-та да оттегіге сұраныс жоғары, ол жақтан алып келу мүмкін емес. Қытайдан тасымалдауға бірнеше ай уақыт кетеді», – дейді ол. Сол себептен бүгінде мексикандықтар Эрнандес секілді саудагерлерге тікелей тәуелді болып отыр.
Хуан Карлос Эрнандес өз жұмысының дұрыс емес екендігін, арнайы лицензиясы жоқ екенін мойындайды. «Алайда, бұл жұрттың өмірін сақтап қалуда», – дейді ол. Соңғы уақытта Эрнандеске келіп түсетін қоңыраулар саны төрт есе артқан. «Сіз олардың өмірден күдер үзген дауыстарын естідіңіз бе? Олар, тіпті менің телефонды көтергенім үшін де алғыс айтады», – дейді ол.
«Мен бұл жұмыс арқылы жұрттың қайғысынан ақша тауып жүргенімді түсінемін. Бірақ менің де тамақтануым керек», – дейді оттегі баллондарын сатушы. Хаосқа толы «базарда» кезекте тұрғандар үшін оттегі баллоны бар біреуді табу – үлкен бақыт. Сондай жанның бірі Менендес ұзын-сонар кезектің алдына жетіп, толтырылған баллон құшақтап кеткен сәтті ең бақытты күні санайды.
«Ол кезде маған тамақ ішкен-ішпегенім, шаршағаным, уақыттың түнгі 3 болғаны маңызды болмады. Мен, тіпті өзімнің тоңғанымды, ұйқым келгенін де сезбедім. Себебі ол кезде ең маңыздысы: анамның тыныс алғаны, бұл өмірде аман қалғаны», – дейді Менендес. Ол аптасына 100 долларға оттегі баллонын жалға беретін адамды тапқанда қуанғаннан төбесі көкке жеткендей сезінген. Құрылғы анасының өмірін сақтап қалған. Бірақ Рождество қарсаңында өкпесі тыныс алмауынан анасы көз жұмды…


Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: