Нидерланды Қазақстанға 400 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Астанада Нидерланды Корольдігі мен Қазақстанның екіжақты кездесуі инвестициялық дөңгелек үстел форматында өтті. Бизнес-форумның күн тәртібінде ауыл шаруашылығының өзекті тақырыптары талқыланды. Мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, ет және сүт өндіру, жылыжай секторын дамыту және тұқым шаруашылығы туралы айтылды.
Дөңгелек үстелде UNICEF, UPOV (УПОВ – өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одақ) және Philips, Dutch Clean Tech, Lely Group, Vencomatic Group, Food Ventures халықаралық компаниялары өкілдері ауыл шаруашылығы бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
«Қазақстандағы Нидерландының инвестициясы 100 миллиард доллардан асады. Патшалық Еуропа бойынша төртінші үлкен серіктес болып саналады. Нидерландыдағы 150-ден астам компаниямен ынтымақтастық туралы талқылау болады. Біздің елімізге 400 миллиардтан астам инвестиция құйылады», – деді Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі Асқар Жұмағалиев.
Елшіліктердің өкілдері елдер арасындағы байланыстарды атап, іскерлік және экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
«Екі елшілік, бірақ бір мақсат – Қазақстан экономикасын әртараптандыру жолдарын табу арқылы елдеріміздің экономикасын жақындастыру. Өзгерістер жоғарыдан төменге ғана емес, төменнен жоғарыға қарай жүруі керек. Нидерланды патшалығы ауыл шаруашылығынан алдыңғы қатарда және біз қазақстандық қоғамның ұмтылысын мойындаймыз. Қазақстанда жер үлкен әрі салыстырмалы түрде халық аз. Сіздер Азияның дәл орталығындасыздар, су ресурстарына қол жеткізу керек. Әрине, басты мақсаттардың бірі – Қазақстанды азық-түлік импорты тәуелдігінен азат ету және оны экологиялық таза тәсілмен жасау», – деді Нидерландының Қазақстандағы елшісі Андре Картенс.
Ауыл шаруашылығы аясында ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласында да Нидерландымен байланыс талқыланды. Нидерланды елшісі осы саладағы тәжірибемен бөлісуге дайын екендігін айтты.
Халықаралық компаниялардың өкілдері Қазақстанға келіп, одан әрі ынтымақтастық пен инвестициялар үшін негіз бола алды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай қазіргі кездегі жағдай туралы баяндады.
«Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығындағы ағымдағы тауар айналымы 52 миллион долларды құрайды. Біз Нидерланды бизнесін одан әрі дамытуға шақырамыз. Ауыл шаруашылығы тарапынан импорт пен экспортқа қолайлы жағдайлар жасауға тырысамыз, инвестициялар үшін субсидиялар бағдарламалары, серіктестікке дайын қорлар, сондай-ақ тиімді шарттар бойынша несие бере алатын жергілікті қорлар қарастырылады, – деді ол.
Халықаралық одақтың өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі бас хатшысының орынбасары Питер Баттон Қазақстанды өз қатарына қабылдауға және жаңа деңгейге шығуға көмектесуге ниет білдірді.
Делегациялар жалпы сомасы 450 миллион доллардан асатын құжаттарға қол қойды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!