Жұма, 19 сәуiр, 19:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қазақ құрты шетел басылымында

01.05.2021

3450 0

Әлемге танымал ВВС басылымының Саяхат бөлімінде қазақтың құртына арналған мақала жарық көрді. Біз үшін ең дәмді тағамның бірі болып саналатын құрт шетелдіктерлі таң­ғалдырды. Мақаланы экология, тарих пен мәдениет тақы­рыптарын қозғап жүрген Әлия Өтеуова дайындаған. Оның материалына «Құрт: қазақтың «төзімді» ірімшігі» деген тақырып қойылған.

Алия құртты өз балалық шағымен байланыстырады. Тәуелсіздік туын енді көтерген Жаңа Қазақстанның алғашқы күндері ол кішкентай болған. Оның бала көздері түрлі шоколад пен сусындарға қызықса да анасы оған «ақ шоколадты трюфельге» ұқсайтын тұзды қышқыл құртты алып беретін болған. Автор сондай-ақ ол кезде құртты жергілікті базарларда әйел­дердің сатып отырған кездерін де еске алады.

Материалда автор құрттың құрамына, оның шығу тарихына да тоқталып өтеді. Ашытылған сүттен жасалған ортаазиялық қатқан ірімшікті, құртты – көпшенділер ойлап тапқан ең құнды қазынаға теңейді. Құртты Иранда – каш, Арменияда – чортан, ал моңғолдар – аарул деп атайтынын және оларға бұл тағам Ұлы Жібек жолы арқылы жеткеніне де тоқталады.

Ал құрттың шығу тегі өзі бір бөлек тарих деп жазып, оның алғашында қалай жасалғаны туралы жазады.

Автор қазақ халқы 1920 жылы Кеңес үкіметінің қа­тарына кірген кезден бастап көшпелі өмірін тоқтатса да бұл өнімге деген сұраныс кемімегеніне де тоқталып өтеді. Бүгінде қымызбен бірге құртты да өз күйінде жеп, түрлі сусын мен тағамға қосады. Сүттегі ақуыздың құрамындағы холин, метионин мен кальцийі бар бұл өнім балалар мен егде жастағыларға өте пайдалы. Ал құртқа деген сұраныс 21-23 наурыз аралығында артады. Міне, осы мәліметтер ар­қылы оның бүгінгі тарихы мен пайдасына тоқталып өтеді.

Авторға берген сұхбатында қазақ этнографы Әйгерім Мұсағажынова «Дұрыс жасалған құрт оны тістей алмайтын құрғақ емес, сырты қатты және іші жұмсақтау болуы керек. Жалпы қазақтар құрт деген сөзді естігенде «лимон» туралы ойлаған кездегідей ауыздарына сілекей жиналып, қышқыл дәм ойға келеді», – дейді. Сонымен қатар автор мақалада А. Мұсағажынова 13 жыл бойы Қазақстанның әр ауыл-аймағын аралап, жоғалып бара жатқан 50-ден астам түрлі ұлттық тағам­дардың дайындау үлгісі бар кітап шығарғанын да жазады.

Мақалада Батыс Қазақстанда түйе өсіру жақсы дамыған­дықтан құртты түйе сүтінен, ал Қазақстанның солтүстігінде көбіне құртқа жеміс-жидек қосу арқылы тәтті түрін, оңтүстік ай­мақта ауа-райы ыстық болғандықтан көп тұз қосылатыны туралы сөз қозғалады. Сонымен қатар оны кептіруге байланысты түрлі әдіс-тәсілдері де айтылады.

– Менің әжем құрт жасаған кезде өзінің саусақтарының ізін қалдырып кететін. Мен оған ренжіп, жасау барысында абайлау керектігін ескертіп отыратынмын. Ол іздердің құрттың тез кебуіне көмектесетінін өсе келе білдім. Жалпы құрт мені балалық шағыммен байланыстырады. Мен құрт жасап отқаным­да жанымда әжем бардай елестетемін, – дейді бүгінде ірі көлемде құрт жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған Жансұлу Жиенбаева.

Құрт туралы түрлі тарихи деректердің ішіндегі ең көп айтылатын еңбек лагеріндегі оқиға да мақаладан орын табады. Ақмола облысындағы Алжир музейі Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқындалған неміс пен орыс әйелдерінің еңбек лагері болды. Сол лагерде болған неміс әйелі Гертруд Плайтас күйзеліске ұшырап, алқапта жұмыс істеп жүргенде сол ауылдың кішкентай балалары мен әйелдері тас секілді ақ зат лақтыратын болған. Басында қамауға алынғандар ауыл адамдары ашуланғаннан тас лақтырады деп ойлаған. Бірақ кейін ол «тасты» жеуге болатынын түсініп, күндерін күнге жалғап жүрген.

Бүгінде құрт өндірісі қайтадан белең алып келе жатыр. Бұған мақала кейіпкері Нағима Жарылқасымова дәлел бола алады. Ол бұған дейін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еткен. Бірде ол оқушыларын мал бағатын фермаға апарып, оқушыларының қызығушылығынан өзі де шабыт алған. Осылайша ол құрт жасап сатуды қолға алып, бүгінде түрлі-түсті құрт дайындайды. Құртқа түс беру үшін қоспа емес, қарапайым қызылша, асқабақ секілді көкөністі қолданады. «Мұндай түрлі түсті құрт жиын-тойда бірден көзге түседі», – дейді ол.

Мақала соңында автор кішкентай кезінде бұл кішкентай құрттардан бас тартқаны үшін әлі күнге дейін өкінетінін жазады. Бала арманмен гастрономияға бай Нью-Йоркке көшіп кеткен Әлия Өтеуова құртқа деген сағынышын жасырмайды. «Мен мұндай жүріп үйімді сағынғанда осы қышқыл дәм аузыма келеді. Сол кезде маған тамақпен бірге құрт беретін әжем, қоңырау уақытында бөлісетін сыныптастарым, көшпелі замандағы қазақ халқы еске түседі» дейді автор мақалада.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: