Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Құдыс қырғыны

15.05.2021

3521 0

Соңғы жылдары әлемнің әр түпкірінде елішілік кикілжің, ұлтаралық қақтығыс, трансшекаралық табиғи ресурстар үшін тартыс жиі байқала бастады. Әсіресе, жаңа жанжал ошағына айналған Израиль-Палестина арасындағы әскери-саяси іс-қимылдар Таяу Шығыстағы кезекті қанды қасап майдан нүктесін белгілеуі ықтимал. Себебі күрестің басталғанына апта болмай, бір-біріне әуе соққысын жасап, бітімге келу ниетінен айныған қос тарап шиеленістің әзір басылмайтынын аңғартты. Екі оттың ортасындағы киелі мекен Құдыстың (Иерусалим) да ахуалы мәз емес. Шаһар толы толқу, екі күннің бірі ереуіл…

Осыған орай халықаралық қатынас саласының білгірі, танымал тілші Мириам Бергер «The Washington Post» басы­лымының бейсенбілік санына «Ішкі май­дандағы күтпеген күш» атты мақала жариялады. «Оқиғаның шығу себебі неде?», «Тұрғындар зардап шекті ме?», «Алдағы нәтиже қалай болмақ?» деген сауалды арқау еткен автор мақаланың өзегін шаһардағы араб пен еврейдің ғасырлар бойғы шиеленісінен іздеген.

«Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс эскала­циясына елдегі араб азаматтарының қолымен жасалған ереуіл себеп болды. Ескеру керек, бұған дейін арабтар көп шоғырланған аумақта «оккупацияланған аумақ» ұраны естілгенімен, мемлекет ішінде ауқымды ұлтаралық жанжал соңғы онжылдықта болмаған-тұғын. Сондықтан Израиль билігі көпке дейін ішкі мәселе туындамай, тек сыртқы күшпен алысып келді. Алайда апта басында жағдай күрт өзгеріп, ұлтаралық қақтығыс негізгі мәселенің біріне айналған. Оған себеп – күштеп қоныс аудару туралы сот шешімі» – деген мақалада.

Автор ықшамдау амалымен ауқымды шиеленіске түрткі болған сот шешімін тарқата алмаған. Сондықтан оқиғаның толық мазмұнын анықтау үшін қолда бар мәліметпен толықтыра кетейік. Сот шешіміне қатысты оқиғаның мәнісі мынада. Бұған дейін бір топ израильдіктер еврей қауымдастығына тие­сілі жерге палестиналықтардың үй салғанын айтып, сотқа шағымданған болатын. Ал палестиналықтар аталған аумақ «өз жері­міз, Израиль оккупация нәтижесінде жаулап алған» деп қа­сарысқан еді. Көп ұзамай жергілікті сот сол даулы аймақтан – Құдыстың Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды күш­теп көшіру туралы шешім қабылдап тынды.

Құдыс қырғыны

Алайда сейсенбі күні қаулыға наразы арабтар көшеге шығып, шешіммен келіспейтінін білдірген. Артынша қаладағы еврейлер «өз жерін қорғау» ұранымен араб­тарға қарсы шығып, оқиғаға полиция қосылды. Амал­сыз шеруді тарату үшін тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқ жаудыруға мәжбүр болған. Күш қолдануға қарсылық есебінде шерушілер де қарап тұрмай, тонап, мүліктерді өртеп, бейбастық жасаған. Ресми дерекке сүйенсек, оқиғадан 200-ге жуық адам зардап шегіп, бас прокурор мәселені жоғарғы сотта тыңдау ісін кейінге шегеріпті.

Міне, осылайша Құдыста басталған ұлтаралық қақтығыс тұтас елге жайылып, өңірлерде арабтарды қудалау, мешіттерге шабуыл жасау, мүлкін өртеу әрекеті белең алды. Мақала авторы бүркеншік атпен жариялаған Израильдің Рамла қаласы­ның тұрғыны Юсеф те нақты ахуалды бүкпесіз суреттеген.

«Шынайы кейіпкерлер мен куәгерлер ғана шын­дықты аша алады. Соның бір кілті – Юсеф. «Мұнда соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз» деген ол жергілікті полицияның әсіредіншіл еврейлерді дер кезінде тоқтатпағанына налыды. Себебі діни фанатизмге бой алдырған еврейлер жергілікті арабтарды соққыға жығып, мешіттерге шабуыл жасаған. Әлеу­меттік желіде Рамладағы еврейлердің арабтар мінген автокөліктерге шабуылдаған бейнежазбасы тарағанын байқауға болады. Ал халықаралық әуежай маңындағы Лод қаласында керісінше, арабтар бірнеше синагога мен дүкендерге шабуыл жасаған. Мұнда сәрсенбі күні қару ұстаған еврейлер көбейіп, өзге өңірлерден келіп қосылғандар заңсыздықты үдете түскен. Жергілікті арабтар болса, қауіпті топқа суық қару пайдалану арқылы тосқауыл қоюға тырысқан сыңайлы. Осындай тізбекпен қақтығыс Израильдің Хайфа, Акко, Сахнин секілді қалаларына да жетіпті. Сәрсенбіде Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Лод шаһарындағы қақтығыстан 25 жастағы израильдік араб қаза тапқан соң төтенше жағдай жариялап, жолға арнайы блокпосттар қою арқылы азаматтардың қалаларға кіру-шығуын тежеген».

Жасыратыны жоқ, алғашқыда беделді ақпарат агенттіктері Израильдегі жағдайды назарға алып, дерек таратқанымен, әлем жұртшылығы көңіл бөле қоймады. Себебі де жоқ емес. Ға­сырлар бойы этносаралық даудан көз ашпаған бұл маң бұған дейін мазмұндас біршама оқиғаны бастан өткерген. Сондықтан әлем үшін кезекті шу елішілік дау есебінен артылмады. Алай­да оқиғаға діни алауыздық мәселесі киліккенде жағдай мүлде өзгеріп сала берді. Яғни әлеуметтік желіде «Еврейлер Құ­дыстағы тарихи Әл-Ақса мешітін өртеп жатыр» деген бейне­жазба тарап, іле-шала мемлекет басшыларынан бастап ғалам на­зары Таяу Шығысқа ауды. Әрине, аталған ақпаратта асыра сіл­теу болғаны анық. Әйтпесе, мұсылмандар үшін киелі санала­тын Әл-Ақсаның амандығын ресми билік бірнеше рет растаған бо­ла­­тын. Әйтеуір, не де болса осы дерек мәселеге жаңа серпін берді.

Құдыс қырғыны
Israeli security force members patrol amid Israeli-Palestinian tension as Israel marks Jerusalem Day, at Damascus Gate just outside Jerusalem’s Old City May 10, 2021. REUTERS/Ronen Zvulun

Мақалада кәугерлерден өзге құқық қорғау органдары мен тәуелсіз қоғамдық бірлестік өкілдерінің де пікірі қамтылыпты. Бұл қадам екіжақты саралауға, оқиғаның мән-жайын нақтылауға септесер амал екені анық.

«Израиль полициясының өкілі Мики Розенфельд сейсен­біде ел аумағында жаппай тәртіпсіздік жасаған 270 азамат ұсталғанын айтты. Сондай-ақ ол еврейлердің «суық қару ұстап, көше кезгенін» өз-өзін қорғау амалы деп түсіндірді. Тәр­тіп сақшысы «2000 жылдың қазан айынан бері мұндай ауқымды азаматтық қақтығысты көрмедік» десе, Израиль полиция­сының бас инспекторы Коби Шабтай бес жылға созылған палестиналықтардың ереуілінде мыңдаған азамат қаза тапқанын айтты. Бас инспектордың сөзінше, Израиль мен Палестина әскерилерінің Газа секторындағы зымыран шабуылынан трансшекаралық аймақтағы ең көп адам шығыны болған. Ал Израильдегі азшылық арабтардың құқы­ғын қорғайтын «Adalah» ұйымының бас директоры Хасан Джабрин соңғы екі жылда араб елдері мұндай «қорқыныш пен қауіпті» бастан кешірген жоқ деді. Сонымен қатар Лод қаласының тұрғыны, араб жазушысы, кинорежиссер  Рами Юнес те оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді.

Айта кетейік, арабтар Израиль халқының 20 про­центін құ­райды. Олар – 1948 жыл Араб-Израиль соғысының нәтижесінде Израиль құрамында қалып қойған палестиналықтардың тұқымы. Арабтар үнемі мемлекеттен қысым көріп жүргенін, биліктің ұлттарға тең қарамайтынын айтып келеді. Жазушы Хасан Джабрин тәртіпсіздікке Биньямин Нетаньяху мен оның қоғамдық қауіпсіздік министрін және жергілікті полицияның арабтарды алалауы себеп болды деген пікір айтты. Израиль билігі болса, бұл айыптау орынсыз екенін білдірген. Сәрсенбіде Қоғамдық қауіпсіздік министрі Амир Охана ереуілде еврейлердің қару ұстап жүруі азаматтардың полицияға көмек көрсетуге жасаған ойы деп түсіндірді. Оған қоса министр Лод қаласындағы қаза тапқан арабтың өліміне күдікті деген үш еврейдің кінәсіз екеніне де сендіруге тырысты.

Автор мақала соңын зымыран жарылысынан күйеубаласы мен қарындасы  қаза тапқан Арафат Исмаилдың сөзімен қоры­тын­дылайды.

«Бүгінде Арафат Исмаил күйеу баласы Халила Аваада мен 16 жастағы қарындасы Надин Аваадты жерлеуге дайындалып жүр. Газа секторынан атылған зымыран марқұмның үйіне түсіп, салдарынан екеуі көз жұмды. Бұл отбасы Рамла мен Лод қала­сының ортасында орналасқан Дахамаш атты араб ауылында қоныстанған. Исмаилдың сөзінше, ауылдастары Израиль мен Газа секторындағы ХАМАС қозғалысы арасында соғыс басталғалы ел билігін бомбадан қорғайтын орын дайындап беруін сұрап келген екен. Алайда Израиль тарапы бұл ауылды ресми мойындамай отыр. «Біз биліктен қауіпсіздікті күшейтуді, инфрақұрылымды дамытуды сұрадық. Бірақ нәтиже жоқ. Ракета бізге бағытталды. Біз қорғана алмадық. Ал Израиль билігі болса, бар болғаны дабыл қағып, қорғануды талап етеді. Біз бармыз, бірақ көрінбейміз», – деді Исмаил. Оның арабтекті Израиль азаматы ретінде айтқан бұл пікірі мемлекеттегі көптеген қорғансыз жандардың ойымен сабақтасады.

Қазіргі таңда шиеленіс шегі Газа секторындағы ХАМАС ұйымы мен ЦАХАЛ (Израильдың қарулы күші –ауд.) арасындағы екеуара соғысқа ұласқан. Израиль тарапы әуе және құрлықтағы әскерімен Газа секторына шабуылды бастады. Бүгінгі таңда ЦАХАЛ жасағының 9 мың әскері Газа секторының шекарасына орналастырылған. Ал күні кеше – 14 мамырда Израиль қарулы күші Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Израильдің ресми түрде соғыс бастағанын мәлімдеді. Майданға әскери ұшақтар, танкілер, жаяу әскер тартылып, шекара маңындағы тұрғындарға үй-жайынан шықпау міндеттелген». 

Құдыс қырғыны

Анығы, бастапқыда Газа секторындағы әскерилер Құдыстағы наразы арабтарды қолдау ниетімен алғаш болып Израильге әуе соққысын жасап, үлкен майданға жол салған. Қарымта есебінде еврейлер соғысқа кіріп, қарсы шабуылды күшейтіпті. Тіпті қазіргі уақытта Израиль соққысынан Газа секторында 109 адам қаза тауып, 621 адам зардап шеккен.

Осы орайда әлемдік ірі қарулы құрылым мен заманауи технологияны қорғаныс саласына сәтті қоса білген Израильдің әскери күшін айтпай болмас. Аймақаралық соғыстың бастал­ғанына апта толмаса да Израиль өзіне бағытталған мың жарымнан астам зымыранды жерге түсірмей жарып, көпшілігін «Темір күмбез» әуе қорғаныс жүйесі арқылы залалсыздандырған. Мұндай дерек қос тараптың күшінің тең емесін сездерген секілді.

Кеше ғана Қарабақта сейілген қара бұлт Құддысқа ауа ма деп қауіптенген әлем елдері екі тарапты бітістіруге барын салуда. Бүған дейін Египеттің жасаған амалы еш нәтиже бермеген еді. Енді Тунис, Норвегия, Қытай елдері Израиль-Палестина қақтығысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысын өткізу туралы бастама көтерді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: