Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жаңа жол

26.06.2021

1837 0

Экономикалық соққы жасау күш қолдану тәсі­лі­нен анағұрлым қауіпті. Ресей де осы ұстанымды ұғынғандай ма, АҚШ-қа қарсы ендігі саяси ойынын тың бағытта, тіпті жаңа аймақта жалғастыруға бет алды. Ондағысы Арктиканы игеру. Кеше ғана Қара теңізде жүрген Ұлыбританияның жойқын кемесіне елеусіз ескерту жасап, «қарсыластың әскери флотына сес көрсеттік» деген Ресей енді күшін солтүстікке жұм­сайтын сыңайлы. Себебі Арктикадағы ғаламдық жылыну адамзатқа қауіп төндіргенімен, Ресейге жаңа сауда жолы мен мүмкіндік сыйлап отыр. Содан болар, «The Wall Street Journal» басылымы бейсенбілік санға Ресейдің Қара теңіздегі әскери қимылы мен Аркти­ка­дағы жаңа жолды игеру жұмысына қатысты қос бір­дей көлемді мақала әзірледі. Қара теңіздегі ахуал –  кеше-бүгін тұтанған өрт емес, алып державалардың кемі 3-4 ғасырлық  текетіресінің жалғасы. Оның үстіне түбі «судағы» жеңімпаздың кім болары белгілі болған соң, қозғалған екінші тақырыптың тінін тарқату дұрыс деп шештік. Мақала атауы – «Арктиканың еруі кеме қатынасына жол салды», авто­ры – Томас Гроув. 

Бүгінде Солтүстік Мұзды мұхиттың еру процесі жыл сайын үдеп, қауіпті жағдайға жетті. Өткен жылдың өзінде ауа температурасының көтерілу көрсеткіші жоғарылап, жылыну деңгейі екі есе артқан. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген Ресей еншілес аймақта инфрақұрылымды дамытып, кеме қатынасын жандандыруға аңсары ауды. Себебі өңірде иелігі бар АҚШ пен Қытай да Арктика мұхитынан өтетін жаңа сауда жолын салуға ниет білдіріп отыр. Сондықтан алпауыттарға есе жібермей, ғаламдық сауда жолын алғаш болып қалыптастыру ең басты саяси жеңіс болмақ.

«Мәскеудің жаңа сауда жолын қалыптастыруға жан сала кірісуінің маңызы жоқ емес. Егер аталған мұхитта жаңа кеме жолы қалыптасса, бүгінгі Оңтүстік Қытай теңізі мен Малакка бұғазы арқылы Еуропа мен Азияға қатынайтын жүк тасымалының уақыты үш есеге қысқармақ. Биыл Ресейдің кең арктикалық жағалауын қамтитын кеме жүру маусымы ақпан айында басталды. «Кристоф де Маржери» атты табиғи газ тасығыш Қытайдан Ямал түбегінің солтүстігіне қарай алғашқы қатынады. Ал өткен жылы бұл жолмен сегіз ай үздіксіз кеме қатынасы жасалды.  Мұның барлығы Солтүстік теңіз жолында туындайтын мұзжарғыштарды алып жүру тарифі, транзиттік шығындар және арктикалық шеңберден тыс навигация мәселелерді тез арада шешуге итермелейтіні сөзсіз. Оған қоса мұзды өткелдің ашылуы Ресейді энергия мен жүкті жеткізу бойынша жаңа жаһандық тасымалдау маршрутының орталығына айналдырады. Мәскеу де бұл жолдың маңызын ескеріп, болашақта жол жүруді шектеу мен транзиттік бағаларды белгілеуге құқылы екенін жеткізіп үлгерді. Ресейдің ең ірі көмір компаниясы – СУЭК-тің көлік бөлімінің бастығы Александр Алешин компанияның Мурманскідегі портынан Қытайға бір сынақ кемесін жөнелтуді жоспарланғанын айтқан болатын. Кейіннен бір емес, алты кеме Қытайға аттанатын болыпты».

АҚШ болса, Ресейдің Арктикада жаңа теңіз жолын қалыптастыруға ешқандай құқығы жоқ десе, эколог сарапшылар теңіз арқылы қарқынды тасымал жасау қиыр солтүстіктің нәзік экожүйесіне орасан зиян келтіруі мүмкін екенін айтты. Алайда Қытай секілді ауқымды жүк жөнелтуші елдер Ресейге жел беріп, жаңа жолды зерттеу жұмысы үздіксіз атқарылуда. Өткен жылы жаңа теңіз жолымен 1014 кеме сапары жасалса, 33 млн тонна жүк, мұнай және сұйытылған табиғи газ тасымалданған. Әрине, жылдық айналымы 60 мың кеме қатынасын құрайтын әлемдік теңіз жолдарының қасында бұл көрсеткіш түкке де тұрмайды.  Алайда ел президенті Владимир Путин 2024 жылға дейін жүк көлемін 80 млн тоннаға дейін көтеретінін мәлімдеді.

«Жақында өткен саммитте Байден мен Путин аталған теңіз жолы туралы сөз қозғады. Путин мырза кез келген елге қарағанда ядролық мұзжарғыштары көп Мәскеу жаңа кемелер класын ойлап тапты деді. Сонымен қатар теңіз жолындағы қажетті навигация климаттың өзгеруі мен жыл мезігіліне қарамай, жұмыс істейтінін жеткізді. Ал Байден Ресейді кеңес дәуірінің ескі базаларын ашу арқылы аймақты милитаризациялады деп айыптады. Путин болса, айыптауларды негізсіз екенін айтып, зерттеудің тоқтамайтыын білдірген. Сонымен құны шамамен 11,5 мрд долларды құрайтын жобаның ауқымы Мәскеудің Арктикадағы үлкен амбициясын көрсетті.

Атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорация басқаратын атом мұзжарғышы қалыңдығы 10 фут­тық (3,04 метр -ауд.) мұзды жаруға қауқарлы. «Росатом» қыз­меткерлерді орналастыру, порт инфрақұрылымын жақсарту және кемелерге навигациялық және меди­циналық көмек көрсету жұмыстарын жүйелеуде. Жалпы Ресей теңіз жолындағы тиеу және жанармай құю қызметін қамтамасыз ету үшін кеңес дәуіріндегі ескі порттар желісін жаңарту жолынан өту керек. Бұған дейін дамыту министрі Алексей Чекунков британдық «KAZ Minerals» тау-кен компаниясы жақында сатып алынған активтен алтын мен мыс экспорттау үшін маршруттың шығыс шетінде порт салуға келіскенін айтқан болатын. Ал Қытай Арктика мен Қиыр Шығыстағы теңіз жолының жұмысын бақылайтынын айтты. Бірақ әзірге ешқандай нақты шешімді мәлімдемеді».

Негізінен Арктика қайраңының байлығы мен Солтүстік теңіз жолының маңыздылығы туралы көп айтудың қажеті жоқ. Еуропадан Азияға дейінгі жолды үш есеге азайтуы да маңызын айқындап тұр. Оның үстіне арктикалық қайраңда әлемдегі мұнай қорының шамамен 15 проценті, табиғи газдың 30 проценті бар. Бұл әлем елдерін, әсіресе АҚШ-тың қызығушылығын тудырып, аймақтың мұнай-газ және басқа да табиғи ресурстарын игеруге деген ұмтылысын арттыруда.

Жерасты байлықтың құнын қай ел білмесін, Ресей де соңғы он жылда аймаққа өзге елдердің ықпалын азайтуға барынша күш салып келеді. Тіпті солтүстіктегі шалғай жердің барлығын игеру үшін Ресейдің Шығыс даму министрлігі арнайы «Қиыр Шығыс гектары» жобасын жасауды қолға алған. Жоба жүзеге асса, жерді тегін бөлудің жеделдетілген режимі жарияланады. Оған сәйкес, Қиыр Шығыстағы 42 процент халық тұрғын үй салып, жер учаскелерінің 36 проценті ауыл шаруашылығына берілетін болады. Онда шаруа қожалығының жобалары, туристік базалар, экологиялық парктер, ірімшік зауыттары, бұғы фермалары және техникалық қызмет көрсету станциялары бой көтермек.

«Жалпы Солтүстік Мұзды мұхиттағы жаңа жолға ықпал етуді көздеген негізгі үш мемлекеттің ішінде Ресейден өзегесі нақты шешім қабылдауға келгенде бәсеңсіп отыр. Саясаттанушылар елдердің  мұндай ен­жарлық танытуын халықаралық қатынас пен экология мәсе­лесіне сүйеп, әлемдік беделдің әлсіремеуі үшін уақытын күтіп отырған болуы мүмкін деген болжам айтуда. Бірақ бұл державалар «солтүстікті игеруден» бас тартты деген сөз емес. Мысалы, Қытайдың жүк тасымалдаумен айналысатын «COSCO» компаниясы жаңа жол арқылы жыл сайын тоғыз сынақ кемесін жіберуді жоспарлаған. «Росатом»-ның жоспарлы даму директоры Палина Лион «COSCO» компаниясымен келісім жасалып жатқанын жеткізді. Негізі Қытай жаңа жолды қосымша мүмкіндік есебінде қарастыратынын жасырмады.  Алайда Қытай билігі бұл маршрутты АҚШ-пен ара-қатынас салдарынан Оңтүстік Қытай теңізіндегі жол жабылған жағдайда және навигациялық жүйе жетілдірілгенде ғана толық қолданамыз деді».

Не де болса, бір нақытылық бар. Ол – Ресейдің Солтүстік Мұзды мұхитты зерттеу тұрғысындағы озық жетістігі. Нақтысы, ғасырлар бойғы тәжірибесі. Арктикаға құмарлық – жаңа пайда болған пиғыл емес, ескінің жұрнағы. Яғни Ресей Солтүстік мұзды мұхитты зерттеуді АҚШ-тан бұрын бастады. Оған географиялық жағдай, тарихи оқиғалар, ғылыми-практикалық зерт­теулер секіл­ді артықшылық мүмкіндік берген еді. Солтүстік өңірде қатаң климаттық ауа райына бейім­делген халық құрлықта да, мұхит бөлігінде де зерт­теуді ғасырлар бойы тоқтатқан емес. Тіпті өткен ға­сырдың 30-жылдарында Сталин Мурманскіге барып, Арктиканың солтүстік-батыс секторының дамуы не­гізін айқындап берген-тұғын. Сонда Сталин Кола шығанағын аралап, онда ауқымды балық аулау, сауда порты мен қуатты әскери-теңіз флот құруға болатынын түсінгеннен кейін өңірге қатысты ел арасына тараған атақты ойын айтқан болатын. Ол: «Қара теңіз деген не? Ары кетсе, астау ғана. Балтық деген не? Бөтелке. Тығыны бізде емес. Ал мұнда – теңіз. Мұнда – терезе. Үлкен флот болу керек. Осы жерде біз Англия мен Американы қажет болса, тірілей аламыз» деген болатын. Міне, Ресейдің солтүстікте бет қаратпай тірлік жасауының сыры да миссияны аяқтау екені түсінікті.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: