Соңғы жылдары дүркіреп тұрған автонесие нарығындағы қарқынды өсім бәсеңдеп, айтарлықтай «салқындай» бастады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) ұсынған шолуға сүйенсек, 2026 жылдың І тоқсанында автонесиеге өтініш берушілер қатары 11%-ға азайса, банктердің несие беру көлемі бірден 18%-ға қысқарған, – деп хабарлайды kursiv.media
Бұған себеп – банктердегі пайыздық мөлшерлеменің шарықтауы, талаптардың қатаңдауы және осы уақытқа дейін көлік мінгісі келген халықтың несие алып үлгеруі, яғни нарықтың біртіндеп сууы.
2026 жылдың үш айында қазақстандықтар банктерге автонесие алуға 1,2 миллион өтінім жолдаған. Бірақ бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Ал банктер тарапынан берілген жаңа автонесие сомасы 397,7 млрд теңгені құрап, нарықтың басқа секторларына қарағанда жылдағыдан азайды.
Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі мен банктер үшін ақшаның қымбаттауынан, сондай-ақ автосалондардағы тартымды жеңілдіктер мен тиімді акциялардың азаюынан автонесиенің орташа пайызы бір жыл ішінде 14,8%-дан 24,3%-ға дейін бір-ақ секірді. Мұндай жоғары пайызбен қарыз алуға екінің бірінің жүрегі дауаламайтыны анық.
Оның үстіне, банктердің өзі де несие сұрап келгендерге өте сақ және консервативті қарай бастады. Қазір автонесиеге берілген 100 өтініштің тек 15-і ғана мақұлданады, бұл жалпы басқа несиелердің мақұлдану көрсеткішінен (21,8%) әлдеқайда төмен.
Соған қарамастан, елдегі жалпы автонесие портфелі сәл де болса өсіп, 4,1 трлн теңгеге жетті. Мұндағы қызықты үрдіс – нарықтың қымбат көліктер жағына қарай ойысуы.
Көлік бағасының өсуіне және халықтың қымбатырақ сегментке ұмтылуына байланысты, сомасы 10 млн теңгеден асатын ірі несиелердің үлесі 32,3%-дан 37,1%-ға дейін артты.
Қазақстандықтар көлік несиесін уақытылы төлеуге тырысады. Көлік банкте кепілде тұрғандықтан ба, әлде іріктеудің қатаңдығынан ба, әйтеуір төлемі кешіккен несиелердің үлесі 2,9%-ды ғана құрайды, бұл басқа бөлшек несиелермен салыстырғанда өте төмен.
Ал отандық автоөндіріс болса, несие нарығының салқындағанына қарамастан, қарқынын жоғалтпай, үш айда 44,4 мың көлік шығарып үлгерген.
Банктердің болжамы бойынша, жылдың екінші тоқсанында да бұл жағдай өзгермейді: пайыздар жоғары, талаптар қатаң болып қала береді.
Демек алдағы уақытта автонесие нарығы бұрынғыдай жаппай несие үлестіру есебінен емес, тек халықтың нақты төлем қабілеті мен банктердің мүмкіндігіне қарай бірқалыпты ғана дамитын болады.
2026 жылдың сәуір айында қазақстандықтарға 1,57 трлн теңге көлемінде жаңа несие берілген. Бұл өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 5,4 пайызға аз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
