Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қырмызы және қаламгер

11.02.2020

1156 0

Мәртебелі оқырманның сезім иіріміне терең бойлап, көңіл көлеңкесін сәулелендірер қандай тартымды туынды ұсынсақ деп көп ойландық. Соңғы кезіккен кітаптың басым бөлігі салалық оқулықтар мен нақты ғылымдар баяны болғандықтан, бұл еңбектерді оқырман назарына ұсыну – сөкеттеу әрі қабылдау да қисынсыз. Қайтпек керек? Не де болса, тілі жеңіл және қоғамдық қабылдауға қолайлы көркем шығарма болғаны дұрыс. Сондықтан, бұл міндеттің жүгін бұрын назарға ілінген Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» романына арттық. Қос тарап үшін де оңтайлы шешім осы болмақ.

Посткеңестік ауқымдағы оқырман Нобель сыйлығының иегері, түріктің ғажайып жазушысы Орхан Памук шығармашылығымен Вера Феонованың аудармасы арқылы жақын таныс. Алғашында «Иностранная литература» журналында автордың «Менің атым Қырмызы» еңбегі «Қара кітап»  романының аудармасымен қоса жарияланса, 2006 жылы «Амфора»баспасынан орыс тіліндегінұсқасы («Меня зовут Красный») жеке кітап болып жарыққа шықты. Сондықтан, Орхан Памук атауы әдеби кеңістікке кеше-бүгін енген жаңа есім емес.  

 «Менің атым Қырмызы» (түр. «Benim Adım Kırmızı») романы жанрлық ерекшелігі сәйкес, тарихи-детективті шығармалар қатарына жатады. Батыстың постмодернистік ағымының “шалығы тиген” жанр түрік қаламгерлері арасында жергілікті халыққа тән мәдени-әлеуметтік детальдар арқылы көркемделіп келді. Сондықтан, Орхан Памук туындысы түрік жұртшылығы үшін кезекті эксперимент санатында қабылданды деуге болады. Бұл туралы кейінірек тоқталатын боламыз. Әзірге, шығарманың өн бойына көз жүгіртейік.

Роман нақышкер Зафир Ефендінің жұмбақ өлімімен бастау алады. Ыстамбұлдың тар көшелерінде суреттелетін оқиға қылмыскерді анықтау әрекетіне ұласатын шым-шытырық хикаямен өрбиді. Оқырман үшін ең оқыс тәсіл – автордың әр кейіпкер мен затты баяндау әдісінде ішкі монологқа жүгінуі. Кейіпкерлер мен өлілердің, иттің, ағаштың атынан сөйлеу арқылы оқиға желісін шиеленістіріп шығармадағы қылмыскердің кім екендігін табуға тылсым сілтеме жасайды. Шығармадағы мұндай техникалық қолданыс – тың ізденіс, тосын қадам. Бөлімдердің атауындағы «Мен Қарамын», «Мен Шекуремін», «Мен ағашпын», тіпті “Мені қанішер атайды” деу арқылы қылмыскердің жандүниесіндегі психологиялық тартысты автор өз атынан жеткізуге тырысады. Бір кереметі, аталған әдісті қолдану оқиға желісіне, не образдың эстетикалық бөлігіне титімдей зиян тигізбейді. Керісінше, шиеленісті баяндау оқуға жетелейді.

Көркем шығармада махаббат, қылмыс тақырыбынан бөлек, сопылық тариқат, көркем жазу, миниатюра, кітап безендіру секілді өнер түрлері де көркем суреттеледі. Әсіресе, сурет, сәулет өнерінің мұсылмандық үлгісі мен тарихи тұлғалардың өмірі, отырықшы түркілер мен көшпенділердің мәдени көзқарасы жайындағы хикаяттар туындының өнертанумен біте қайнасқан болмысын меңзейді. Роман ғылыми еңбекке жақын оқырманға көркем монографиялық есебінде әсер қалдырары сөзсіз.

Осы аралықта сәл кідіріс жасап, автор неліктен сурет пен кескіндеме өнерін шығарманың өзегі етіп алғанына зер салайықшы. Шынымен, шығарманың ішкі ағымы мен болмысын аңғаруға қабілетті оқырманның алғашқы ой-түйіні – автордың өнертанудағы академиялық білім-білігі. Сонымен сөз иесі ғалым ба, жазушы ма? Бұл сауалдың жауабын кезекті сұхбатында Орхан Памук: «Айналамдағы адамадар жиырма жасыма дейін мені суретші болады деп күтті. Отбасымымыздың дәстүрлі біліміне орай, мен архитектор болуым керек еді. Сондықтан аталған мамандыққа оқуға түсуіме тура келді. Бірақ 22-ге толғанда сәулет өнерін біржола тастап, роман жазуға кірісіп кеттім. «Ақыры менен суретші, не сәулетші шықпайды екен, онда неге өнер туралы шығарма жазбасқа?» деген ойға бекідім. «Менің атым Қырмызыда» түріктің заманауи суретшісі жайында жазбақ болдым. Кейін ойлана келе, менің суретшім XVI ғасырдағы Осман империясының гүлденген тұсында өмір сүрген болсын деген шешімге келдім. Ақпарат жинау барысында, тек қана бір суретшімен шектеп қалуым дұрыс емес екенін түсініп, бүтін суретшілер жиынтығын суреттеуге көштім. Ол түрлі кейіпкерлердің бейнесімен жазылып, романымды полифониялы (көп дауысты авт.) етуіме толық мүмкіндік берді» деп кесімді ойын жеткізеді.

Бұрын да айтып өткеніміздей, Орхан Памук әдебиеттегі постмодернизм ағымының беделді өкіл. Өз романдарында ол көбінесе Шығыс пен Батыстың арасындағы қарым-қатынасқа қатты көңіл бөледі. Батыс автордың осы туындысы арқылы Шығысты белгілі бір деңгейде танытты деп есептейді. Батыс дегеннен шығады, түріктер арасында Памуктың әлемге атағын шығарған жазушылықтан гөрі, саяси шатаққұмарлығы деген пікір де бар. Себебі, Орхан Памук Түркиядағы биліктің армяндар мен күрдтерге қатысты саясатына ашық қарсы шыққан қаламгер. Бұл көзқарасы туралы швейцариялық «Tages Anzeiger» басылымына берген сұхбатында жазушының саяси ой-пікірі түркиялық биліктің ызасына тиген еді. Бұрын-соңды көзге ілінбей жазушының атағы осы аты шулы мәлімдемеден соң әлемнің назар аударып, “түркі ұлтына моральдық зиян келтіргені” үшін қылмыстық іс те қаралған. Сол себепті, түрік ағайындар арасында Памуктің алған Нобель сыйлығын батыстың кезекті саяси комбинациясы есебінде қабылдайтындар да баршылық. Ал, ТМД елдерінің жазушының шығармашылығын жарыса оқуы автордың еврейтекті орыс ақыны Иосиф Бродский өмірмен ұқсастық табуында болуы ықтимал. Бұл енді басқа тақырып…

«Қырмызы…»-ға қайта оралайық. Романнның әлемдік әдебиетіндегі белді баламасы – Умберто Эконың “Раушан гүлдің есімі” (Имя розы») атты тарихи-детективті еңбегі. Сюжеттік ерекшелігін есепке алмағанда, қос роман біртұтас техникалық әдістің, тіпті ортақ ағымның жемісі екені анық. Умберто Экода тарихи-детективті шығарма Еуропадағы ортағасырлық діни тенденцияларды сөз етсе, түрік жазушысы туындыға исламдық әңгімелеу дәстүрі мен өнер түсінігінің озық интерпретациясын жасайды.

Егер, XVI ғасырдағы Ыстамбұлдың тар көшелеріне сапар шегіп, махаббат пен құштарлық, сезім тартысы мен көркем ойғаға қанығып, Шығыс өнер әлемін аралағыңыз келсе, бұл кітап – Сізге арналған, қадірлі оқырман!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: